Basty bet
Көрсеткіштердің орындалуы маңызды
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың арнайы өкімімен бекітілген аудан және ауылдық округ әкімдерінің жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс алгоритміне сай аудандық орталық ауруханада жиын өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы қатысқан маңызды басқосуға аурухананың қызметкерлерімен қатар, аудан әкімдігінің тиісті бөлімдерінің басшылары шақырылды. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, сөзді баяндама жасау үшін аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебековке берді.
-Аудандық орталық ауруханасының құрамында күніне 250 келушіге арналған аудандық емхана, сегіз дәрігерлік амбулатория және бес фельдшерлік амбулаториялық пункт, 32 медициналық пункт халыққа медициналық көмек көрсетеді. Орталық аурухана биылғы жылы медициналық қызмет көрсету бойынша ресми аккредиттеуден оң нәтижемен өтті. Жалпы ауруханада барлығы 674 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде дәрігерлердің саны-80. 19 дәрігердің жоғарғы және үш дәрігердің бірінші санаттылығы, үш дәрігердің екінші санаттылығы бар. Ауданның дәрігерлермен қамтылуы 1000 тұрғынға шаққанда 16,4 пайызды құрап отыр. Мекемеде маман тапшылығы бар. Атап айтқанда, ауруханаға реаниматолог, екі акушер, гинеколог, кардиолог, жалпы тәжірибелік дәрігер жетіспейді.
Ағымдағы жылы барлығы сегіз жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жұмысқа орналастырылды. Жас мамандарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру үшін әлеуметтік пакетпен қамтылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан әрбір маманға 800 000 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Жас мамандарды тұрғын үймен қамту мәселесі де ретімен шешіліп келеді.
Осы жылы ауданда бұрын медициналық пункттер болмаған сегіз бірдей ауылға денсаулық сақтау нысандары салынып, пайдалануға берілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында да денсаулық сақтау нысандарын интернет желісімен қамту 100 пайызға жетті. Санитарлық автокөліктермен, медициналық құрал-жабдықтармен қамту мәселесінде де оң өзгерістер бар,- деді Нұрбай Әбілқасымұлы.
Сондай-ақ, баяндамашы аудандағы ана мен сәби өлімі, жарақаттардан, оқыс оқиғалардан және уланудан болатын өлім-жітім, сүт безі обыры, онкологиялық аурулармен ауыратындар, қатерлі ісіктерді анықтау бағытындағы көрсеткіштерді айтып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысымен де таныстырды. Аудандық аурухананың 2016-2020 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары, алдағы үш жылға арналған перспективалық жоспары да талқыланды.
Қорыта айтқанда, аудандағы денсаулық сақтау саласында 39 индикаторлық көрсеткіштің үшеуі белгілі себептермен орындалмай отыр. Баяндамадан соң аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы сөйлеп, алдағы уақытта сала жұмысын ширатуды, туындап отырған проблемалық мәселелерді талдай отырып, шешуді тапсырды. Сонымен қатар, индикаторлық көрсеткіштердің уақтылы орындалуы маңызды екендігіне тоқталды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»