Basty bet
Жас мамандар Ант қабылдады
Қазақ халқының қаһармандық рухын әлемге танытқан, ерлігі мен өр мінезі ұлттың рухани темірқазығына айналған даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, заң мен тәртіптің қадірін терең түсінген бірегей тұлға Бауыржан Момышұлының есімі ел жадында мәңгі жаңғыра бермек. Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлының атындағы мемориалдық музейінің ауласында өткен тағылымды шара елдік рухты асқақтатып, жас ұрпаққа өнеге болған ерекше жиынға айналды.
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жас мамандары, құқық қорғау саласының қызметкерлері, сала ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Тағылымы терең басқосуда ел тыныштығын күзетуді өмірлік мұрат еткен жас мамандар салтанатты түрде Ант қабылдап, халық пен Отан алдындағы қасиетті міндеттеріне адал болуға серт берді.
Бұл рәсім – жай ғана қызметтік міндеттің басталуы емес, ел қауіпсіздігін қорғауға және мемлекет мүддесіне қалтқысыз қызмет етуге бағытталған үлкен жауапкершіліктің көрінісі болды. Батыр рухы қалықтаған қасиетті мекенде Ант қабылдау жас мамандардың жүрегіне ерекше сенім мен жігер ұялатқаны анық.
Салтанатты жиынды облыстық департамент бастығы, әділет полковнигі Жәнібек Қосжанов ашып, жас қызметкерлерге ақжарма тілегін арнады. Ол өз сөзінде, Отанға қызмет етудің мәртебелі міндет екенін айтып, Анттың қасиеті күнделікті адал еңбекпен, темірдей тәртіппен және зор табандылықпен дәлелденетінін ерекше атап өтті.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір жолында құрбан болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Патриоттық шараға қатысушылар Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Бұл сәт – өткенге құрмет пен елдік рухтың үндескен айрықша көрінісіне айналды.
Шара барысында қызметте жоғары нәтижесімен көзге түскен бірқатар мамандар «Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, сала ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, олардың ел тыныштығы жолындағы ерен еңбегі жоғары бағаланды.
Тағылымды басқосуда батырдың ел тарихындағы тағы бір қыры кеңінен айтылды. Көпшілік біле бермейтін тарихи деректерге сәйкес, Бауыржан Момышұлы 1931–1932 жылдары прокурор қызметін атқарған. Бұл – оның тек қаһарман қолбасшы ғана емес, әділдік пен заң үстемдігін ту еткен мемлекетшіл тұлға болғанын айқындай түседі.
Осыған орай құқық қорғау саласының қызметкерлері батыр рухына арнайы тағзым жасап, патриоттық жиынды жалғастырды. Жиында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков және аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков сөз сөйлеп, батырдың қайсарлығы мен әділдік жолындағы ұстанымы бүгінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі екенін атап өтті.
– Бауыржан атамыз – тек майдан даласының батыры емес, ел ішіндегі тәртіп пен заңның беріктігін қалаған тұлға. Оның құқық саласындағы қызметі – біз үшін үлкен мақтаныш әрі зор жауапкершілік,- деді Ілияс Тойшыбеков.
Шараның рухани мазмұнын мәдени бағдарлама одан әрі айшықтай түсті. Аудандық «Достық» мәдениет үйінің «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің орындауындағы «Атамекен» әні көпшіліктің жүрегіндегі туған жерге деген сүйіспеншілікті тербесе, «Ерліктің туы – Бауыржан» әні батыр тұлғасын асқақтата түсті. Әрбір әуен мен әрбір сөз көрермен көңіліне отансүйгіштік рух сыйлап, елдік сананы жаңғыртқандай әсер қалдырды.
Қайрат ауылындағы қасиетті музей төрінде өткен бұл тағылымды шара – өткенге тағзым ғана емес, ел болашағына деген сенімнің, жас ұрпақтың бойындағы патриоттық рухты күшейтудің жарқын көрінісі болды. Батыр аманатына адал болу, елге қалтқысыз қызмет ету және халық сенімін ақтау – бүгінгі буынның басты парызы екені тағы бір мәрте айқын сезілді.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Ал, Бауыржан Момышұлы сынды тау тұлғалардың өмір жолы мен өнегесі – тәуелсіз Қазақстан жастарына бағыт-бағдар беретін мәңгілік рухани өшпес шамшырақ болып қала бермек.