Basty bet
«Біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ…»
«Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, тәуелсіз еліміз қашанда өзінің бауырынан түлеп ұшқан талантты, талапты жастарды қолдауға мықтап көңіл бөліп келеді. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы арқылы қаншама жас әлемнің ең үздік деген жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Аталған бағдарлама аясындағы жұмыстар әлі де жалғасып келеді. Бұл да «өсемін, білім аламын, елімнің жарқын болашағына үлес қосамын» деген талапты жастарға берілген зор мүмкіндік.
Биылғы жыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылы болып белгіленді. Елбасы Жастар жылының ресми ашылуында: «Баршаңызды Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Сондықтан менің Жарлығыммен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын білесіздер. Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз – Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі егемен еліміздің болашағы – сіздер үшін жасалып отыр» деп тебірене ой толғаған болатын. Сонымен бірге, Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлерге грант үшін бөлінетін қаржы көлемін екі есеге арттыруды да мықтап тапсырған еді.
Жастар жылы аясында біздің ауданда да ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, мемлекет тарапынан бөлінген қайтарымсыз грант қаражаттары «жанам деген жүректерге» от берді, жігеріне жігер қосты деуге болады.
Ауданымыздағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы және «Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында өз деңгейінде жүргізілуде. Жастарды әлеуметтендіру процесі – бұл жастарды қоғамдық-саяси өмірге қосудың басты тетігі. Объективтілік тұрғысынан, жас ұрпақтың қоғамның дамуына қатысу мәселесі ел дамуының сапасы мен қарқынын, сипатын көрсетеді. Заңның мақсаты – жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бейімдеуге бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыру болып табылады.
Статистика көрсеткіштеріне сүйенсек, ауданда ағымдағы жылы тұрғындар саны 52 523 адам болса, оның ішінде жастар 13 409 адамды құрайды. Бұл жалпы халықтың 25,8 пайызына тең.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» штаттық кестесінде барлығы 24 қызметкер жұмыс жасаса, қызметкерлердің орташа жұмыс өтілдері үш жылдан асады. Бүгінгі таңда ресурстық орталықтан шыққан 48 азамат өзге салаларға жұмысын ауыстырды. Атап айтсақ, Мұстафа Бектұрғанов, Жәнібек Мырзалиев Шақпақ және Қошқарата ауылдық округтерінің әкімі қызметіне жоғарылатылды. Аудан әкімінің аппаратында Нұрсұлтан Сейдалив пен Нұрбақыт Балтабаев сынды білікті жас азаматтар жауапты қызметтерде отыр. Сондай-ақ, Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметіндегі Бақытжан Назар секілді іскер азаматтар мемлекеттік қызмет саласына ауысып, әлеуметтік лифт қалыптастырды.
Ағымдағы жылы ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесіне 39 миллион 395 мың теңге қаржы қарастырылды.
Бүгінгі күнге басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту болса, осы жылдың 26 желтоқсанына дейін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барлығы 1516 жас тіркелген. Оның ішінде 732 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Биылғы жылы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына 441 жас өз кәсібін ашып, тіркелген. Бұл аудан жастарының 3,2 пайызын құрап отыр.
Жастар жылына орай аудандық кәсіпкерлер палатасында «Жас кәсіпкер» атты екі кезеңдік кәсіпкерлікке баулу мақсатындағы оқыту курстарынан 100 жас, «Бастау» курсынан 150 жас өтіп, білімдерін шыңдап, сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда жастардың қатысуымен бірқатар шаралар жүргізілуде. Аудан бойынша барлығы 49 жас жылқы және ірі қара мал бағытын дамыту мақсатында 75 млн 700 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын бастап отыр. Бүгінгі күнге дейін аудан жастарын кәсіпкерлікке тарту мақсатында жаңадан кәсібін бастаушыларға арналған 3 млн теңгеге дейін жаңа идеяларды қолдауға арналған қайтарымсыз гранттар берілетіндігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде 31 жас құны 99 млн 465 мың 614 теңгені құрайтын өз жобаларын ұсынған. Бүгінгі таңда комиссия қорытындысына сәйкес, барлығы 15 жоба қолдау тауып, ауданға 32 млн 500 мың теңге инвестиция тартылып отыр. Сонымен қатар, аудан жастарына арналған екінші бағдарлама шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 505 мың теңгеден 42 жасқа грант беру жоспарланса, жыл қорытындысында Жастар жылына орай 209 жасқа 505 000 теңгеден 105 546 000 теңгенің қайтарымсыз гранттары беріліп отыр. Билікөл ауылдық округінде бастау курсынан өтіп жатқан ауыл тұрғындарына арнайы жаңа бизнес бастамаларға 10 млн теңге бөлініп, алты жас 3 030 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Осы ретте Жастар жылы аясында аудан жастары арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 291 194 000 теңге бөлінгенін сүйіншілеп жеткізгім келеді.
Аудан жастарының сұранысымен жақында ғана «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі жас кәсіпкерлерді ұйымдастыра отырып, Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңға «I love Jyaly» стелласы орналастырылды.
Индикаторлық көрсеткіштердің қатарында бекітілген жастарға кеңес беру шаралары бойынша 3327 жасқа консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында туындаған сұрақтар тиісті мекемелерге жолдануда. Аудан жастарымен барлығы 686 әртүрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылған.
2018 жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Жастар жылына орай жастарға арналған инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында «Жол картасы» бағдарламасын бекіткен болатын. Жол картасы аясында ауылдық округтерде 8 стритворкаут алаңдары, 12 цифрландырылған орталық ашылды. «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында ауданда 100-ге жуық волонтер тіркелген. «Қамқор» қайрымдылық дүкені жұмыс жасайды.
Ауданда мемлекеттік жастар саясатын насихаттауға бағытталған әртүрлі форматта облыстық «Ар-Ай» газетіне 13, аудандық «Жаңа өмір» газетіне 169, «Жуалы» газетіне 39 мақала жарияланса, облыстық «Знамя труда» газетінде 8 мақала жарық көріп, «Жуалы жастары» деп аталатын Фейсбук әлеуметтік желісінде мекеменің ұйымдастыруымен өткен шаралар және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы 673 ақпараттық материал жарияланды.
Қорыта айтқанда, Жастар жылы аясында ауданда қыруар жұмыстар атқарылды. Жастар жылының шапағатын сезіне отырып, қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, алдағы жылдары да жастарды ұйымдастырып, жарқын болашақ жолында аянбай жұмыс жасай беретін боламыз!
Мейіржан ТЕЛЕУШОВ,
«Жастар ресурстық орталығы»
КММ директоры