Basty bet
Әлемді әлекке салған қатерлі індет
Қазір әлем үшін өте ауыр кезең. Әсіресе денсаулық сақтау саласына аса қиын соқты. Covid-19 вирусына қарсы күреске дамыған мемлекеттердің медицинасы да дайын емес еді. Емі табылмаған дерттің емдеу хаттамасын түзу де оңай болған жоқ.
Мутацияға ұшыраған Covid-19 індетінің үнді штаммы тіркелгелі елдегі эпидахуал күрт нашарлай бастады. Қазақстан ауру өршіп тұрған қауіпті аймақтар қатарына енгелі айға уақыт жуықтады.
Осы уақыт ішінде Қазақстанда осы жаман індетті жұқтырғандары саны қайта арта бастады. Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.
«Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. Қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екенін ашық айту керек. Пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болды. Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, «үшке» тапсырады. Осындай жағдайда Үкіметтің үйлестірушілік рөлі бірнеше есе арта түседі. Бұл жерде сырттан тон пішіп отыратындардың пікірі маңызды емес. Үкімет пен тиісті ведомстволардың үйлестірушілік рөлін күшейту қажет»,- деді Президент өз сөзінде еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте.
Негізінде екпе салдырудан бас тарту себептері әр түрлі. Кейбіреулері әлеуметтік желілер арқылы неше түрлі қауесеттер көріп алып өздерінше шошып отырады. Кейбірі ауырып жүрмін, уақытша болмайды деп жалтарады.
Ұжымдық иммунитетке қол жеткізбей, бизнеске қойылған санитарлық шектеулерді алып тастау мүмкін емес. Соңғы кездері індет жұқтырғандардың және олармен байланыста болған адамдардың, яғни қоғамдық орындарға барған «қызыл» мен «сары» түс мәртебесі бар тұлғалардың саны арта түсті.
Бұл індетті жұқтыру деректері сауда ойын-сауық орталықтарында, кафелер мен ресторандарда болатынын ескеру керек. Мұндай жағдайда сақтану шаралары, соның ішінде вакцинация маңызды орын алады
Коронавирустың таралуын бағалау матрицасы бойынша Алматы облысы ғана «сары» аймаққа өткен. Қалған облыстар мен қалалар «қызыл» аймақта тұр.
Аудандық ауруханының берген соңғы мәліметі бойынша ауданда І компонентті 13840 адам яғни 59,9 процент салдырған. Ал екінші компонентті 8710 адам 37,7 проценті алды.
Коронавирус індетінің жалпы адамзат үшін қатері аз болмай тұр. Әлемді әлекке салды. Экономиканы тоқыратып, сананы сансыратып тастады. Аурудың таралуына түбегейлі тосқауыл қояр жол да табылар емес. Мамандар дерттен құтылудың бірден-бір жолы – вакцинациялау дейді. Сол үшін баршамыз өзімізді және жақындарымызды осы қатерден сақтаудың жалғыз жолы – вакцинация екенін түсінейік.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»