Basty bet

Жақсы жұмыс – жанға тыныс

Жастардың жұмыспен қамтылуы – өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта «Еңбек – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес, аймақтағы жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Жақсы жұмыс – жанға тыныс» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкені аудандық «Жастар ресурстық орталығы» және Халықты жұмыспен қамту орталығы мекемесі жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмыссыз NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту және жұмыс іздеп жүрген жастарға бағыт-бағдар беру мақсатында ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге «Жұмыспен қамту орталығы» мекемесі директорының орынбасары және аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің мамандары, №29 орта мектептің, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің, №1 мектеп-гимназияның, №4 Балалар өнер мектебінің, «Бурное сүт өнімдері компаниясының» өкілдері қатысты.
Шараны “Жастар ресурстық орталығының” директоры Мейіржан Телеушов ашып, жәрмеңкенің маңыздылығы мен мақсатына тоқтала келе, сөз кезегін халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбековке берді. Ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2020 жылдың 12 айында орындалу нәтижелері туралы ақпарат берді.
Оның айтуынша, өткен жылы аталған бағдарламаның белсенді жұмыспен қамту шараларына жалпы 3716 азаматтарды қатыстыру жоспарланып, жалпы 4272 адам Бағдарламаға қатысушы ретінде тартылған. Оның ішінде, 2501 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, барлығы 3055 азамат жұмыспен қамтылған. Тұрақты жұмыс орындарына 1465 адамды орналастыру жоспарланып, 1899 адам тартылған. Уақытша жұмыстарға 1036 адамды қатыстыру жоспарланып, 1156 адам уақытша жұмыспен қамтылған.
Бағдарламаның 1-бағыты (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) шеңберінде 2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 123 азаматты жолдау жоспарланған.
Есепті мерзімде 123 қатысушы аудандық №16 Жуалы колледжіне және Тараз қаласының колледждеріне оқуға жолданған. Оқуларын аяқтаған 123 түлектің барлығы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бағдарламаның 2-бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 244 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілген. Кәсіпкерлікті дамытуға 155 қатысушыға 598 млн теңге берілуі қарастырылған. Есепті мерзімде жалпы 160 қатысушы 598 млн теңге шағын несие алған.
Жаңа бизнес-идеяларды, бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама бойынша 584 қатысушыға жалпы 324 млн 471 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген.
Жастар арасында кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мақсатында 40 жасқа жалпы сомасы 148 млн теңге көлемінде шағын несиелер және бастапқы бизнесті іске асыруға 197 жас азаматқа 109 млн 453 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант берілген. Грант алушы азаматтар есебінен 113 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылған. «Бастау – Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалына кәсіпкерлік негіздеріне 350 адам оқытылып, тиісті сертификаттарын алған.
Бағдарламаның 3-бағыты шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 1156 адам жолдама алған. Қоғамдық жұмыстарға 600 жұмыссыз адамды орналастыру жоспарланып, 618 адам жұмысқа орналастырылған. Ал, «Жастар іс тәжірибесіне» 316 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, 325 жас маман жұмысқа жолданған.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жылдық жоспарға сәйкес 120 адамды орналастыру жоспарланып, 213 жұмыссыз азамат жұмысқа жолданған.
Өткен жылы аудан аумағында жоспар бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге 8 отбасының өз еркімен қоныс аударуына ықпал жасау жоспарланған. Жоспарға сәйкес 8 отбасы (құрамында 11 адамы бар) қоныс аударыпты. 2021 жылға бірқатар жоспарлық көрсеткіштер белгіленіп, ағымдағы жылы Бағдарламаның белсенді жұмыспен қамту шараларына жалпы 642 адам Бағдарламаға қатысушы ретінде тартылған, оның ішінде барлығы 618 азамат жұмыспен, яғни, тұрақты жұмыс орындарына 347 адам тартылса, уақытша жұмыспен 271 жұмыссыз азамат қамтылған.
Сонымен қатар, Нұрлан Әнуарбекұлы өз сөзінде еліміздің өзге өңірлеріне қоныс аудару арқылы тұрақты жұмыспен қамтылып, мемлекеттен берілетін көмектерді алуға болатынын тілге тиек етті. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан грант беріліп, өз кәсібін бастауға болатынын, әр отбасы мүшелеріне қаржылай көмек берілетінін жеткізді.
Одан кейін «Жастар ресурстық орталығының» маманы Замир Бұқарбаев ауданға қарасты мекемелердегі бос орындарды хабарлап, тиісті мекеме мамандарынан бағыт-бағдар алуға шақырды.
Жәрмеңкеде 25 тұрақты бос жұмыс орындары бар екендігі және «Жастар тәжірбиесімен» 57 жас жұмысқа орналаса алатындығы хабарланды.
Шарада аудандағы барлық ауылдық округтерден жастар келіп, бос жұмыс орындарына орналасуға асықты.
Жастардың дені аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына, аудан әкімі аппаратының инспекторына, «Бурное сүт компаниясының» өкіліне қайырылды.
Жәрмеңкеде механизатор-тракторшы мамандығын меңгерген қарасаздық Василина Почеховская жұмыс таба алмай жүргенін айтып бірнеше маманға жүгінді. Нәтижесінде, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Н.Әнуарбеков сұрағына жауап беріп, Қарасаз ауылындағы шаруа қожалыққа «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналасуға болатынын хабарлады.
Шарада өзге облысқа қоныс аударамын деген жоғары білімді, тігінші-дизайнер жас мамандар да кездесті.
Жәрмеңке қорытындысында үш жас уақытша жұмысқа, сегіз жас тұрақты жұмысқа, 14 жас «Жастар тәжірбиесімен» жұмысқа орналасуға жолдама алды. Олар Альбина Бителева Б.Момышұлы ауылындағы тігін шеберханасына, Асылхан Тұрсынбай «Асылхан» шаруа қожалығына троктаршы ретінде, Пауль Беллон «Бурное сүт өнімдері компаниясына», Толымбек Садықов «Аңсар» шаруа қожалығына троктаршы болып тұрақты жұмысқа жолдама алды. Сонымен қатар, Ыхтияр Тагаев Нұрлыкент ауылдық әкімінің аппаратына, Әжібай Рахметулла Билікөл ауылы әкімінің аппаратына, Думан Мейірхат Мыңбұлақ ауылдық әкімі аппаратына, Ербол Бекетов Б.Момышұлы ауылдық округі әкімі аппаратына «Жастар тәжірибесімен» жолданды.
Жұмыс берушілер мен жұмыссыз жастар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, керекті мәліметтері берілді.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан жастар шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта тұрақты өтіп тұруын сұрап тарқасты.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close