Basty bet

Қоғам дамуында қолтаңбасы бар қарапайым жан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының барысында аймақ жұртшылығымен болған кездесу жиынында: «Өздеріңіз білесіздер, биыл бір ел болып «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Осы жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі. Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Қазір ортамызда жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін» деп атап өткені қалың елдің есінде.
Бұл – әлбетте, әлемнің әміршісі саналатын еңбекке және елдің дамуы жолында аянбай қызмет атқарып келе жатқан қарапайым еңбек адамдарына деген мемлекеттік биік құрметтің белгісі. Елге жанашыр, мамандығына адал, өз ісіне шынайы берілген мұндай үлгілі еңбек адамдары әрбір ұжымда бар екені белгілі. Сайып келгенде, еңбек адамына көрсетілген сый-құрметті – елге деген құрмет деп түсінген абзал!
Адал еңбек ету арқылы қоғамның дамуы мен елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосумен бірге, отбасында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген үлгілі еңбек адамы, ұрпағының бойына жақсы қасиеттерді молынан сіңіріп, оларға тәлімді тәрбие бере білген жуалылық қарапайым Әйел-Аналардың қатарында Майра Ауғанбаева да бар. Бүгінде аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында тұратын Майра Оралбекқызы 1965 жылы өңірге қарасты Рысбек батыр ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерінің отбасында туған. Отбасында бес баланың үшінші перзенті болып дүние есігін ашқан оның бақытына адал еңбек етіп, қарапайым өмір сүру салты бұйырған екен.
Рысбек батыр ауылындағы сегізжылдық мектепті және Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылындағы орта мектепті ойдағыдай бітірген бойжеткен екі жылдай ауылдағы колхоз бөлімшесінде еңбек етіп, 1987 жылы аудан орталығындағы Ш.Үлеков атындағы тоқыма фабрикасына тоқымашы болып жұмысқа қабылданады. Сол тұста Одаққа белгілі болған үлкен өндіріс ошағында алғашқы еңбек жолын бастап, алаша, сүлгі тоқитын цехта қызмет атқарған жас маман осында бес жылға жуық жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтағанын айтады. Алып кәсіпорында еңбек еткен еңбексүйгіш маманның осындағы тәжірибелі аға мамандардан үйренгені де аз болған жоқ.
Майра Ауғанбаева 1987 жылы жуалылық азамат Амангелді Ахметовпен шаңырақ көтеріп, тоқыма цехындағы жұмысын ары қарай жалғастыра береді. Отағасы ол кезде аудандық жүк көліктерінің базасында алдыңғы қатарлы жүргізушілердің бірі болып еңбек ететін. Айта кету керек, Майраның енесі Рая Ахметова да тоқыма фабрикасында тоқымашы болып қызмет атқарған еңбек майталманы болатын. Келіндерін адал еңбек пен ісмерлікке үйретіп, ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие бере білген Рая апай 82 жасында өмірден озған.
Жастайынан ауылдың қайнаған тіршілігіне қанығып өсіп, еңбекпен ысылған Майра апай өмірден көрген-түйген дүниелерінен мол тәжірибе жинап, кәсіпорындағы негізгі жұмысымен қатар, отбасында ұрпақ тәрбиелеуді де ұмытқан жоқ. Отағасы екеуі құрған үлгілі отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Халық тағылымында айтылғандай, әке көргеннің оқ жонатыны белгілі. Үйдің үлкені Нұрбол жастайынан көлік жүргізушісі болып еңбек ететін әкесінің жанында жүріп, жүк көліктерін жүргізіп, оны жөндеудің де қыр-сырын үйренген. Қазір ол марқұм әкесінің жолын қуып, халықаралық автомобиль жолына қызмет көрсететін мекемеде жүк көлігін жүргізіп, нәпақасын адалынан тауып жүр. Үлкен қызы Гүлнұр да белгілі бір мамандықты игеріп, өз алдына отбасын құрған үлгілі жанның бірі. Ал, бұл отбасының кенже қызы Әсем жаңа заманның талабына сай кәсіп көздерін игеріп, жеке кәсіпкерлікпен айналысқанды жөн деп тапқан.
– 1998 жылы отағасы өмірден өткеннен кейін балаларды өсіріп, оларды азамат қатарына қосу міндеті жалғыз өзіме жүктелді. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары аудандағы кәсіпорындардың көбісі жұмысын тоқтатқаны белгілі. Аудан орталығындағы тоқыма фабрикасының жұмысы да тоқтады. Сол тұста орталық базарға шығып, біраз жыл сауда-саттықпен айналысып, отбасын асырау үшін басқа да ауыр жұмыстарды қиналмай атқарған кездерім болды. Өмірде кездескен түрлі қиыншылыққа қаймықпай қарсы тұрып, адал еңбекпен балаларымды жеткіздім. Құдайға шүкір, қазір балаларым өз алдарына отбасын құрып, ұрпақ өрбітіп отыр. Мен ұл-қыздарымның тәрбиелі, адал болып өскеніне қуанамын. Олардан бірнеше немере сүйіп отырған бақытты жанмын,- дейді еңбек адамы Майра Оралбекқызы.
Майра апайды қоғам дамуына өзінің мол үлесін қосып келе жатқан қарапайым еңбек адамы деп жайдан жай айтып отырған жоқпыз. Болмысынан адал еңбекті жаны сүйетін ол 2008 жылы аудандық полиция бөліміне техникалық қызметкер болып жұмысқа қабылданып, қазір аталған мекеменің тазалығына жауапты үлгілі маман ретінде жұмыс атқарып келеді. Аталған мекемедегі 20 жылға жуық еңбегі де ескерусіз емес. Онымен бірге 20 жылдан бері бір мекемеде жұмыс атқаратын Бақберген Меңлібаев және Қалима Әбілдаева өз сөздерінде, Майра Оралбекқызының адал еңбекке жаны құмар, жұмысына өте жауапты әрі тиянақты қарайтын үлгілі маман, сонымен қатар, қиналған жанға қол ұшын созып, көмегін аямайтын жақсы қасиеттерінің бар екенін де айтады.

Таңдаулы материалдар

Close