Basty bet
Жолаушылар тасымалын жолға қою – жауапты жұмыс
бұл мақсатта биыл «Боранды» теміржол стансасы қайта жаңғыртылу үстінде
Жолаушыларға жаңа заманға сай қолайлы жағдайлар жасап, жолаушылар тасымалы саласының жұмысын жандандыру – маңызды міндеттердің бірі. 2025 жылы Жамбыл облысының аумағындағы бірнеше теміржол вокзалының ғимаратын қайта жаңғыртудан өткізу жоспарланып, бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Қайта жаңғыртудан өтетін вокзалдардың қатарында Жуалы ауданындағы «Боранды» теміржол стансасының вокзалы қайта жаңғыртудан өтеді деп жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің бастамасымен, сонымен қатар, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен биыл Жамбыл облысындағы бес бірдей теміржол вокзалына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында «Отар», «Шу», «Жамбыл», «Түрксіб» және Жуалы ауданындағы «Боранды» стансаларына жөндеу жұмыстарының жоба-жоспары бар. Бұл жұмыстарды қолға алудағы негізгі мақсат – теміржол вокзалдары арқылы қатынайтын жолаушылар мен өңір тұрғындарына, осында келетін шетелдік қонақтарға да қолайлы жағдайлар жасап, сонымен бірге, қасиетті Әулиеата өңірі туризмінің дамуына қолдау көрсету.
Құрылыс жоспарына сәйкес, қазір аудан орталығында орналасқан «Боранды» теміржол стансасының құрылысы біршама қарқын алып, стансаның маңында жаңғырту жұмыстары қызу жүргізілу үстінде. Бас мердігер – «Идель» ЖШС-ның тікелей араласуымен жүргізіліп жатқан стансаның құрылысы біршама аяқталды деуге болады. Құрылыстың учаске бастығы, білікті маман Қамбарбек Момынқұловтың айтуынша, ғимараттың инженерлік желілері толық тартылып, сыртқы қасбетін түрлі-түсті темір полимер қаптамалармен қаптау жұмыстары аяқталған. Қазір ішкі әрлеу, т.б. қосымша жұмыстар атқарылу үстінде.
– Қазір станса құрылысының жобасында атқарылуға тиісті жұмыстың біршама бөлігі аяқталды деуге болады. Мердігер мекеменің тарапынан құрылысқа қолданылатын сапалы материалдар осында тұрақты жеткізіліп жатыр. Дайын бетон облыс орталығындағы зауыттан осында тікелей жеткізілу үстінде. Құрылысқа қажетті арнайы техникалардан – жүк көтергіш кран, эксковатор, құрылыс материалдарын тасымалдауға арналған ауыр жүк көліктері, т.б. бар. Жұмысшы күші де жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, құрылысшыларға қолайлы жағдайлар жасалған,- дейді учаске бастығы Қ.Момынқұлов.
Өзіміз көзбен көргендей, аудан орталығында орналасқан «Боранды» теміржол стансасының басында құрылыс жұмыстары жүйелі жоспарланып, қарқынды атқарылу үстінде. Жалпы аумағы – 1 500 шаршы метрді құрайтын ғимараттың ішінде тамбур, күту залы, мүгедектер мен балалы жолаушыларға арналған күту бөлмелері, санитарлық бөлме, билет кассасы, диспетчер бөлмесі, желдеткіш камера, персоналға арналған бөлмелер, т.б. қажетті кабинеттер қарастырылған.
Жобаға жауапты мердігер мекеменің өкілдері теміржол стансасының құрылысы биыл жаз айларының ортасында толық аяқталып, жолаушылардың игілігіне пайдалануға берілетінін айтады. Мұнда бір қабатты вокзалдың жаңа ғимараты құрылысынан бөлек, перронды кеңейту, ғимараттың айналасын абаттандыру, т.б. қосымша жұмыстар атқарылмақ.
Жалпылама айтқанда, «Боранды» теміржол стансасының маңында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары қазір аудан тұрғындары мен жолаушыларға қолайсыз жағдай туындатып жатқанымен, жұмыстар сапалы аяқталғанда станса мен перронның маңы баршама өзгеріп, қызмет алушыларға қолайлы жағдай туындайды деп сенеміз. Станса ғимараты құрылысының 80-90 пайызға жуығының аяқталғанын ескерсек, жаңа ғимараттың қолданысқа берілетін күні де алыс емес деген сөз. Ғимараттың бой көтергені өз алдына, ал оның ішіндегі инженерлік желілерді орнату жұмыстары өз алдына. Құрылысқа жауапты прораб маманның айтуынша, станса ғимаратында ауызсу жүйелері, электр сымдары желілері, сонымен қатар, кәріз жүйелерін орналастыру жұмыстары атқарылған. Қазір ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр.
Өзіміз көзбен көргендей, теміржол стансасының маңы алып құрылыс алаңына айналғандай. Жаңадан бой көтерген ғимараттың алдында тегістеу және перроннан стансаға түсіп-шығатын биік баспалдақ жасалуда. Айта кету керек, станса ғимаратының алдында жолаушылардың емін-еркін жүріс-тұрысына әрі ғимаратқа еш қиындықсыз кіріп-шығуы үшін жалпы ұзындығы – 8,5 метрді құрайтын екі бірдей бетон баспалдақ орнатылады.
«Боранды» теміржол стансасының маңында жүргізіліп жатқан абаттандыруға бағытталған құрылыс жұмыстарының ішінде перронды қайта жаңғырту жұмыстары маңызды рөл атқаратынын баса айта кеткен жөн. Жолаушылардың пойызға еш кедергісіз мініп-түсуі үшін перронды бойлай 310 метрге жуық бетоннан аласа қабырға құйылған. Бұл қабырғаның биіктігі рельспен деңгейлес. Мұны перронға келіп тоқтаған кез келген пойызға мініп-түсуді оңайлататын дұрыс шешім деп айтсақ та болады. Одан бөлек, перронның табанындағы ескі брусчаткалар алынып, оның орнына жаңасы салынады. Бір сөзбен айтқанда, жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол стансасының ғимараты және перронның маңы көз сүйсіндірерлік жаңа кейіпке енеді деп күтілуде…