Basty bet

Жалғыз ағаш

бұл шығармамды саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ата-бабаларымыздың рухына арнаймын

1933 жылғы ашаршылық қазақ даласын жайлап, елдің басына ауыр күн туды. Сол дүрбелең біздің өңірге қарасты Бөкейтау маңындағы Ақбастау жеріндегі Құлбайымбет еліне де жетті. Тып-тыныш жатқан ауылға қасірет пен қорқыныш орнады. НКВД-ның «қолшоқпарлары» ауылдың арасына іріткі салып, «халық жауы» деген жаламен ел ішіндегі беделді азаматтарды қуғынға ұшырата бастады. Сол құйтырқы саясат біздің әулетімізді де айналып өткен жоқ…
Есалы атамыз Алланың ақ жолымен жүрген, қасиет қонған жан еді. Ол ел ішінде емшілік қасиетімен танылған әулие кісі болған. Қаратау өңіріне аты мәлім, көпшілік құрмет тұтқан адам болатын.
(Елеусін апамыздың естелігінен). 1933 жылғы ашаршылық кезінде ауыл белсенділері түтін шыққан әрбір үйді торуылдап, тінтіп жүретін көрінеді. Үйлерге басып кіріп, қазандағы асын төгіп, барын тартып алып кететін болған. Бірде сондай тінтудің кезінде Есалы атамыздың үлкен ұлы Жамашбек қатты ашуланғанда:
– Қой, балам! Бұларды Құдай жазаламаса, ешкім жазалай алмайды,- деп сабырға шақырған екен. Жамашбек атамыз кейін Ұлы Отан соғысына аттанып, туған жеріне оралмаған. Белсенділер екінші рет келгенде қазан тұрған жерден дәу қара жылан шығып, бәрі қорыққанынан тұра қашыпты деген әңгіме бар.
1937 жылы НКВД жендеттері таң ата сау етіп келіп, атамызды мылтықпен қорқытып, өздерімен бірге алып кеткен. Оны қазіргі Шымкент қаласындағы абақтыға қамайды. Сол жерде ату жазасына бұйырылған екен.
Бір аптадан кейін Елеусін апамыз іздеп барған кезде абақты қызметкерлерінен бір ерекше оқиғаны естиді. Олардың айтуынша, асыр намазының уақытында түрменің есіктері өздігінен ашылып кетеді екен. Есалы атамыз сыртқа шығып, таза жерде намазын оқыған көрінеді. Намаз үстінде қолындағы құрсау шынжырлары сарт етіп өздігінен үзіліп кеткен деседі. Бұл құбылысты көзбен көрген адамдар мұны Алланың құдіретін паш еткен ғажайып оқиға ретінде көпке дейін айтып жүрген…
Жуалы жерін жайлаған Құлбайымбет елінің жүз жасаған қариясы Жанпейіс атадан жеткен мынадай естелік те бар. 1993 жылы әскерден келген соң жолым түсіп, Жанпейіс атаның үйіне бардым. Тоқсан бестен асқан қария:
– Кімнің баласысың? деп сұрады.
– Мәдидің баласымын,- дедім.
Сонда қария:
– Балам, отыр. Саған Есалы атаң туралы айтып берейін,- деді.
Ол бір сәт күрсініп алып:
– Атаң өте тақуа, момын адам еді. Алдына келген жанды ешқандай ақы алмай, емдеп жіберетін. Қаншама адамның дертіне шипа болды. Қапыда кетті ғой жарықтық,- деді.
Жанпейіс ата әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
– Есалыны алып кеткеннен кейін үш күн бойы күн райы қарауытып тұрды,- деді.
– Сендердің үйлеріңнің төменгі жағында қырман болатын. Сол жерде Федор деген орыс тұратын. Бір күні ол елдің «киелі ағаш» деп жүрген ағашының бір бұтағын кесіп алып, арбасына дөңгелек жасауға пайдаланыпты. Ауыл адамдары қанша ескерткенмен, ол сөзге құлақ аспаған екен.
Бұтақты кесіп алғанның ертеңіне түс ауғанша қатты ауырып жатып қалыпты. Ауырған сайын:
– Лекаря Есалы! Лекаря Есалы!- деп айқайлайды екен.
Сонда әйелі жылап:
– Его вчера увезли НКВД,- депті.
Сорлы әйел:
– Есалы болса, оны аман алып қалар еді,- деп еңіреген екен.
Алайда түс қайта Федор қайтыс болыпты. Содан кейін орыстар Ақбастау жағын «Проклятое место» деп атап, бұл маңнан көшіп кете бастапты…
Бұл әңгімені Құлбайымбет еліндегі бұрынғы Кеңес, қазіргі Ертай ауылында тұрған жүз жасқа келген Аюбаев Жанпейіс атаның өз аузынан естіген едім. Есалы атамыз туралы ел ішінде осындай көптеген әңгімелер сақталған. Менің баяндағандарым – солардың бір парасы ғана.
Алла Тағала халқымызға бейбіт өмірді нәсіп етсін! Қазақстанның Тәуелсіздігі тұғырлы болсын. Мұндай зұлмат заман енді қайтып оралмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әмин!

Нұржан Есалы,
Ертай ауылының имамы

Таңдаулы материалдар

Close