Basty bet
Әскери борыш – абыройлы міндет
Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азаматтың міндеті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл – батырлық пен табандылықтың, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Әскер – әрбір ер азаматтың өмір мектебі. Ол жігерді шыңдап, тәртіпке тәрбиелейді және Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Елімізді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы әрі конституциялық міндеті. Жыл сайын Қазақстан Президенті азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қояды. Әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органдарының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Шақпақ ауылдық округінде жастарды әскери қызметке даярлау және әскери-патриоттық тәрбиені нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары округ жастарының әскерге деген көзқарасы оң өзгеріп, Отан алдындағы борышын өтеуге ниетті азаматтардың саны артып келеді.
Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Ақжан Ахметовтың айтуынша, өткен жылдың күзгі шақырылымында округтен 10 жас азамат әскер қатарына аттанса, биылғы көктемгі шақырылымда тағы алты азамат әскери қызметке жолданған. Қазіргі таңда тағы екі азамат құжаттарын рәсімдеп, әскер қатарына қосылуға ниет білдіруде. Бұл – жастардың елге деген сүйіспеншілігі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі.
– Әскери есеп үстелінің жұмысы көпшілікке көріне бермегенімен, оның жауапкершілігі өте жоғары. Әрбір шақырылым науқанының артында әскери міндеттілердің есебін жүргізу, құжаттарын реттеу, жастармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру секілді маңызды міндеттер тұр. Мұндағы негізгі мақсат – жастарды әскерге жіберу ғана емес, олардың болашақ өміріне дұрыс бағыт беру және әскери қызметтің маңызын түсіндіру.
Бұл жұмыстың нақты нәтижелері де бар. Бүгінгі күнге дейін әскери қызметін өтеп келген алты азамат тұрақты жұмысқа орналасса, екі жас жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант негізінде білім алуға мүмкіндік алды. Бұл әскери қызметтің жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және өмірлік тәжірибеге баулитынын көрсетеді. Сонымен қатар, аудандық Жастар ресурстық орталығының Шақпақ ауылдық округіндегі жастармен жұмыс жөніндегі маманымен бірлесіп, түрлі акциялар өткізіліп тұрады. Осындай маңызды іс-шаралардың нәтижесінде округ жастары өз еркімен Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге ниет білдіруде, – дейді А.Ахметов.
Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан жастардың әскери қызметке деген қызығушылығы мен жауапкершілігінің артуы – ел болашағы үшін маңызды көрсеткіш. Мамандардың жастар арасында жүргізген жүйелі түсіндіру және насихат жұмыстарының нәтижесінде Отан қорғауға ниетті азаматтар санының артуы көңіл қуантады. Әскер қатарында шыңдалған жас буынның тәртіпті, жауапты азамат ретінде қалыптасып, ел дамуына өз үлесін қосатынына сенім мол.