Basty bet
Бақылау-кассалық машиналарды қолдану
Бақылау-кассалық машиналарды (бұдан әрі – БКМ) қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 110–111-баптарымен айқындалған.
Қазақстан Республикасының аумағында ақша есеп айырысулары міндетті түрде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар, кассалық машиналар тізіліміне енгізілген үлгідегі бақылау-кассалық машинаны қолдану арқылы жүзеге асырылады, егер осы бапта өзгеше көзделмесе.
Бақылау-кассалық машинаны қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) ақшалай есеп айырысулармен байланысты қызмет басталғанға дейін бақылау-кассалық машинаны салық органында есепке қою жүзеге асырылады.
2) сатылған тауар, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауарлық чекті беру жүзеге асырылады;
3) салық органдарының лауазымды тұлғаларына бақылау-касса машинасына қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 284-бабына сәйкес келесі бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған:
-бақылау-кассалық машинаның болмауы;
-ақаулы БКМ-ді қолдану;
-мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмеген бақылау-кассалық машинаны пайдалану.
Бұзушылық алғаш рет анықталған жағдайда кәсіпкерлік субъектісіне ескерту беріледі.
Бір жыл ішінде қайталап жасалған әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл салынады:
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК.
ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАР
Кімдер төлеуге міндетті және қандай тәртіппен төленеді?
Әлеуметтік аударымдар – бұл Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін міндетті төлемдер. Олар Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Әлеуметтік сақтандыруға кімдер қатысады?
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 243–246-баптарына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыруға:
Жұмыскерлер және өзге де ақы төленетін жұмысты атқаратын тұлғалар;
Жеке кәсіпкерлер (ЖК), оның ішінде шаруа (фермер) қожалықтарының басшылары мен олардың кәмелетке толған мүшелері;
Жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша жұмыс істейтін тұлғалар;
Жеке көмекшілер;
Арнаулы салық режимдерін қолданатын төлеушілердің жекелеген санаттары қатысады.
Нормалар кімдерге қолданылады?
Міндетті әлеуметтік сақтандыру нормалары:
қандастарға;
шетел азаматтарына;
азаматтығы жоқ адамдарға,
егер олар Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып, елімізде табыс табатын болса, қолданылады.
Әлеуметтік аударымдардың мөлшері
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі есептеу объектісінің 5%-ын құрайды.
Жұмыскерлер үшін:
Есептеу объектісі — жұмыс беруші төлейтін еңбек қызметінен алынатын табыс.
Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін:
Есептеу үшін алынатын табыс мөлшері өздігінен айқындалады, бірақ:
• ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖ) кем болмауы;
• ЕТЖ-ның 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Төлеу мерзімі
Әлеуметтік аударымдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленеді.
Негізі: Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 243–246-баптары.
Жуалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы