Basty bet

Халықтар достығы – қастерлі құндылық!

Қоғамдағы тұрақтылық пен татулық – кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің басты кепілі. Қазақстан тәуелсіздік жылдарынан бері ұлтаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналдырып келеді. Осы бағытта Жуалы ауданында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, түрлі этнос өкілдерінің достығы мен өзара сыйластығын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде.
Бүгінде ауданда әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ауданда этносаралық келісімді сақтау мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында аудан әкімдігі, қоғамдық ұйымдар және этномәдени бірлестіктер бірлесе жұмыс атқаруда.
Қазіргі таңда ауданда төрт этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар – славян, әзірбайжан, шешен және өзбек этномәдени орталықтары. Бұл ұйымдардың басты мақсаты – әр этностың тілі мен мәдениетін, ұлттық дәстүрлері мен рухани құндылықтарын сақтап, дамыту, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосу.
Славян этномәдени орталығы 1995 жылдан бері аудан тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдырып келеді. Орталықтың жетекшісі Людмила Турбина көп жылдан бері ұйым жұмысының жандануына атсалысып, түрлі мәдени шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болып жүр.
Сол сияқты әзірбайжан этномәдени орталығының да аудан өміріндегі орны ерекше. 1995 жылдан бері орталыққа Эсмира Мамедова жетекшілік етіп келеді. Оның бастамасымен өткізілетін мәдени-көпшілік шаралар түрлі ұлт өкілдерінің бір-бірінің мәдениеті мен дәстүрін тереңірек танып-білуіне мүмкіндік беруде.
Шешен этномәдени орталығын Лечи Оздамиров басқарады. Ұйым мүшелері аудан көлемінде өтетін қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, жастар арасында достық пен ынтымақ құндылықтарын кеңінен насихаттап келеді.
Өзбек этномәдени орталығының жетекшісі Зувайда Абдувалиевна болса, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Жуалы ауданында түрлі этнос өкілдері тек мәдени салада ғана емес, экономиканың әртүрлі бағыттарында да табысты еңбек етіп келе жатқаны белгілі. Бүгінде олардың қатысуымен құрылған көптеген шаруа қожалықтар жұмыс жасауда. Сонымен қатар кәсіпкерлік, сауда, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында көптеген азаматтар жемісті еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
Этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту ісінде аудан әкімдігі жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің де рөлі зор. Кеңес құрамына жастар, ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, медиаторлар және этномәдени бірлестіктер мүшелері енген. Кеңес қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, тұрғындар арасында өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізеді.
Аудандағы этномәдени бірлестіктер арасында «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің қызметі ерекше назар аударуға тұрарлық. Бірлестікке ұзақ жылдар бойы аудан тұрғындарының құрметіне бөленген Эсмира Мамедова жетекшілік етіп келеді. Денсаулық сақтау саласының ардагері ретінде ол аудандық перзентханада акушер-медбике болып ұзақ жыл еңбек етіп, мыңдаған сәбидің өмірге келуіне куә болды. Сондықтан да оны аудан тұрғындары тек этномәдени бірлестіктің жетекшісі ретінде ғана емес, өз ісінің білікті маманы әрі қоғам белсендісі ретінде жақсы таниды.
Қазақстандағы әзірбайжан этносының өкілдері өздерінің ұлттық болмысын сақтай отырып, еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік өміріне белсенді араласуда. Олар кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларда табысты еңбек етіп келеді. Бұл олардың Қазақстанды өз Отаны ретінде құрметтеп, оның дамуына үлес қосуға әрдайым дайын екенін көрсетеді.
Этномәдени бірлестіктер жастар тәрбиесіне де айрықша көңіл бөледі. Түрлі кездесулер, мәдени кештер, танымдық шаралар мен ұлттық мерекелер арқылы жас буынның бойына патриоттық сезім мен елге деген сүйіспеншілік дарытылуда. Сонымен қатар, жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру көзделген.
Аудандағы этномәдени орталықтар ұлттық және мемлекеттік мерекелерге, мәдени-көпшілік іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылатын іс-шараларда аудан тұрғындарының белсенділігі жоғары. Қазақстан халқының бірлігі күні, Ұлттық домбыра күні, Наурыз мерекесі, сондай-ақ тарихи тұлғаларды ұлықтауға арналған мәдени шаралар халықтың бірлігін бекемдеп, рухани байланысты күшейтуге ықпал етуде.
– Біздің басты мақсатымыз – халықтар арасындағы достықты нығайту, әр этностың мәдени мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу. Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау жолында бірлесе еңбек етіп келеміз және бұл бағыттағы жұмыстарымызды алдағы уақытта да жалғастыра береміз, – дейді «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедова.
Шын мәнінде, бірлік пен келісім – Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ел Президенті де қоғамдық татулық пен ұлтаралық келісімді мемлекеттің басты құндылықтарының бірі ретінде үнемі атап келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірлерде нақты істермен жалғасып, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға негіз болып отыр.
Аудандағы этномәдени бірлестіктердің қызметі – соның жарқын көрінісі. Олар түрлі ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, қоғамдық келісім мен достықтың алтын көпіріне айналып отыр. Татулық пен өзара құрмет салтанат құрған жерде береке де, даму да болады. Сондықтан аудан тұрғындары үшін бейбітшілік пен бірлік әрдайым ең қастерлі құндылық болып қала береді…
Еркеназ Сейітқалиқызы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close