Basty bet
Әке мәртебесін ұлықтаған тағылымды кеш
Халқымыз қашанда әкенің отбасындағы орны мен тәрбиедегі рөлін жоғары бағалаған. Әке – шаңырақтың тірегі, отбасының қорғаны, ұрпағына бағыт-бағдар беретін асыл тұлға. Баланың бойындағы адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік секілді қасиеттердің қалыптасуында да әкенің орны ерекше. Сондықтан, Әкелер күні – әке еңбегін ұлықтап, оның қоғам мен отбасы алдындағы мәртебесін дәріптейтін тағылымы мол мереке.
Осы мерекеге орай Қайрат ауылдық мәдениет үйінде «Әке жүрегі – мейірім мекені!» тақырыбында тағылымдық кеш ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, әке мәртебесін көтеру, өнегелі әкелерді үлгі ету және жас ұрпаққа ұлттық тәрбиенің маңызын түсіндіру болды.
Мерекелік кеш мен бала арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті бейнелейтін әсерлі бейнероликпен ашылды. Кеш барысында жүргізушілер әкенің қоғамдағы орны, отбасы бірлігін сақтаудағы жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жайында мазмұнды ойларымен бөлісіп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтау сөз сөйлеп, қоғамның дамуы мен ұрпақ тәрбиесінде әкелердің алатын орны ерекше екенін жеткізді. Ол өз сөзінде, өнегелі әкелердің отбасы мен ел болашағын қалыптастырудағы еңбегіне ризашылық білдіріп, әкелерге ізгі тілегін білдірді.
Кештің маңызды бөлігінің бірі – үлгілі әкелерді марапаттау рәсімі болды. Өз балаларының жетістіктеріне қолдау көрсетіп, олардың биік белестерді бағындыруына себепкер болып жүрген бірқатар азаматтарға сый-құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары жетістіктерге жеткен жас боксшы Бейбарыс Әшірбай және Мұхамедәли Рүстембектің әкелері Дінмұхамед Әшірбайұлы мен Дидар Дәуітов, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығының» қүзетшісі, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көпбалалы әке ретінде өнеге көрсетіп жүрген Темірхан Пайзулла марапатқа ие болды.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен орынбасары Әбуғали Ералиев баяндама жасап, қазақ қоғамындағы әке институтының маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Мерекелік кеш көркемөнерпаздардың өнерімен жалғасып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Ән мен жырға, тағылымды сөздерге толы бағдарлама көрермен көңілінен шығып, кештің мазмұнын арттыра түсті. Өнерпаздардың орындауындағы туындылар әке мен бала арасындағы мейірім мен құрметті дәріптеп, ұлттық құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте айшықтай түскендей.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»