Basty bet
Оңалту орталығында оңды істер көп
Қоғамның өркениеттілігі мен адамгершілік деңгейі оның ерекше жандарға деген қамқорлығымен бағаланады. Себебі әрбір бала – үлкен махаббатқа, қолдауға және бақытты өмір сүруге лайық. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға жағдай жасау, олардың қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру, қоғамнан өз орнын табуына қолдау көрсету – тек ата-ананың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз.
Әр баланың бойында қайталанбас ерекшелік, ашылмаған мүмкіндік және үлкен арман бар. Кейде бала үшін кішкентай ғана жетістік үлкен жеңіске айналады. Ал сол жетістікке жету жолында ата-ананың мейірімі мен мамандардың кәсіби көмегі ерекше рөл атқарады.
Осындай игі мақсатты жүзеге асыру бағытында Бауыржан Момышұлы ауылында «Жамбыл облысының мүгедектерін әлеуметтік қорғау» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ашылған оңалту орталығы бүгінде ерекше балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Аталған орталық 2024 жылдың мамыр айынан бастап жұмысын бастады. Аз уақыт ішінде бұл мекеме ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін сенім мен үміттің ордасына айналды. Қазіргі таңда орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 20 бала тәрбиеленіп, қажетті әлеуметтік, медициналық және педагогикалық көмек алуда.
Орталықтың негізгі мақсаты – балалардың денсаулығын нығайту, жеке қабілеттерін дамыту, қоршаған ортамен қарым-қатынасын қалыптастыру және қоғамға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау. Мұнда әр баланың жеке ерекшелігі мен қажеттілігі ескеріліп, арнайы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Себебі, әр баланың даму жолы әртүрлі, ал әрбір жетістіктің артында үлкен еңбек жатыр.
Оңалту орталығында балаларға белгіленген стандарт талаптарына сәйкес жеті бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Бұл бағыттар тәрбиеленушілердің физикалық, психологиялық, әлеуметтік және шығармашылық дамуына бағытталған. Мамандар әр баламен жүйелі жұмыс жүргізіп, олардың бойындағы қабілеттерін ашуға, өзіне деген сенімін арттыруға бар күшін салуда.
Бүгінде орталықта 14 білікті маман еңбек етеді. Олардың қатарында логопед, дефектолог, педагог, психолог, әдіскер, массаж маманы, дене шынықтыру нұсқаушысы, еңбекке баулу маманы, музыка жетекшілері және басқа да қызметкерлер бар. Әрбір маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, балалардың дамуына, олардың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді.
Логопед мамандары балалардың сөйлеу қабілетін жетілдіруге, сөздік қорын дамытуға және дұрыс қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Дефектологтар тәрбиеленушілердің танымдық қабілеттерін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді. Ал психологтар балалардың ішкі жан дүниесіне көңіл бөліп, эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, дене шынықтыру мамандары арнайы жаттығулар арқылы балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайтуға көмектеседі. Еңбекке баулу сабақтары арқылы тәрбиеленушілер қарапайым дағдыларды меңгеріп, өз мүмкіндіктеріне деген сенімін арттырады. Ал музыка сабақтары олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, көңіл күйін көтеруге ықпал етеді.
Орталық аптасына бес күн, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Балалардың қауіпсіздігі мен ата-аналарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы көлік қызметі ұйымдастырылған. Арнайы көлік тәрбиеленушілерді үйлерінен орталыққа жеткізіп, сабақ аяқталған соң қайтадан үйлеріне апарады. Бұл балалардың орталық қызметін тұрақты алуына мүмкіндік береді.
Тәрбиеленушілерге орталықта күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Балалардың денсаулығына пайдалы, сапалы тамақтануына ерекше көңіл бөлінеді. Мұның барлығы балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада болуына бағытталған.
Орталықтағы жұмыс тек оқу және оңалту шараларымен шектелмейді. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне де ерекше назар аударылады. Олар түрлі ойын ойнап, ән айтып, би билейді, сурет салып, қолөнермен айналысады. Мұндай шығармашылық жұмыстар балалардың белсенділігін арттырып, өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік береді.
Бұл мекемеде әрбір мереке ерекше дайындықпен өткізіледі. Жаңа жыл, Наурыз мейрамы, Балаларды қорғау күні, Мүгедектер күні және басқа да атаулы күндер балалар үшін есте қаларлықтай ұйымдастырылады. Мерекелік күндері орталық әсем безендіріліп, тәрбиеленушілерге арналған түрлі бағдарламалар дайындалады. Балалар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көрсетеді, түрлі қойылымдарға қатысады.
Ата-аналар да орталық өміріне белсенді араласып келеді. Олар балалардың жетістіктеріне бірге қуанып, мамандардың еңбегіне ризашылығын білдіреді. Себебі, ата-ана мен мамандардың бірлескен жұмысы – жақсы нәтижеге жеткізетін басты негіз.
Сонымен қатар, орталық тәрбиеленушілері аудан көлемінде өтетін мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Балалар түрлі жарыстарда өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда. Орталық ашылған уақыттан бері тәрбиеленушілердің бойында көптеген оң өзгерістер байқалды. Кейбір балалар өздігінен орындай алмайтын әрекеттерді меңгеріп, қимыл-қозғалысын жақсартса, енді бірі сөйлеу, санау және адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларын біршама жетілдірді.
Мұндай жетістіктерге қол жеткізуде орталық мамандарының еңбегі ерекше. Олар әр баланың бойындағы мүмкіндікті көріп, оның дамуына сеніммен қарайды. Балаларға тек білім мен дағды беріп қана қоймай, олардың бойына мейірімділік, сенімділік және өмірге деген қызығушылық қалыптастырады.
Ерекше балаларға қолдау көрсету – жай ғана көмек емес, бұл – жүректен шыққан жанашырлық пен адамдық қасиеттің көрінісі. Олардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасап, таланттарын ашуға мүмкіндік беру және армандарына қанат бітіру – баршаға ортақ міндет.
Бүгінде аталған оңалту орталығы көптеген отбасы үшін үлкен қолдау орнына айналып отыр. Мұндағы әр маманның еңбегі, әрбір баланың жетістігі – мейірім мен қамқорлықтың нақты көрінісі. Балалардың жүзіндегі күлкі, ата-аналардың ризашылығы және тәрбиеленушілердің күн сайынғы алға жылжуы – орталық жұмысының басты нәтижесі.
Бұл оңалту орталығы алдағы уақытта да ерекше балалардың өміріне қуаныш сыйлап, олардың жарқын болашағына жол ашатын сенімді орта бола бермек…
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»