Basty bet

«Туған жер – тұғырың» кітабының тұсауы кесілді

Кітап – ұлттың рухани қазынасы, өткен мен бүгінді сабақтастырып, келер ұрпаққа өнеге болатын асыл мұра. Әсіресе, туған өлкенің тарихын, елдің өткені мен бүгінін танытатын еңбектердің маңызы ерекше. Осындай тағылымы мол туындылардың бірі – Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Әмірқұлұлының «Туған жер – тұғырың» атты кітабы.
Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі ауылдық округтегі Теріс ауылдық кітапханасында «Кітап сыйла!» акциясының аясында ұйымдастырылды. Шараны кітапхананың меңгерушісі Мәрзия Баққараева өткізіп, оған ауылдық округтің әкімі Мәлік Сейтаев, ардагерлер кеңесінің мүшесі, кітапхананың тұрақты оқырманы Есмырза Жанысбаев, ауылдық округтің «Аналар алқасының» төрайымы Қаламқас Жұмабекова, Бақалы ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Шыңғысхан Ералиев және кітапханашылар қатысты.
Алғашқы сөз ауылдық округтің әкімі Мәлік Сейтаевқа берілді. Ол ауылдық кітапханада өткен кітаптың тұсаукесері рухани өмірдегі, әсіресе, жергілікті әдебиет пен мәдениетті дамытудағы маңызды оқиға екенін атап өтті. Сондай-ақ, автордың еңбегі ауыл тұрғындарының рухани дүниесін байытып, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуда үлкен рөл атқаратынын жеткізді.
Одан кейін «Туған жер – тұғырың» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың тұсауын ауылдық округтің әкімі Мәлік Сейтаев пен ардагерлер кеңесінің мүшесі, кітапхананың тұрақты оқырманы Есмырза Жанысбаев кесті.
Кезек кітаптың авторы Аташбек Әмірқұлұлына беріліп, ол оқырмандарды жаңа туындысымен таныстырды.
– Тарихы тереңге тамыр тартқан қасиетті Жуалы өңірінің өткені мен бүгінін қағаз бетіне түсіру үлкен ізденіс пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл кітапты жазудағы басты мақсатым – Жуалы ауданының бір бөлшегі саналатын Бақалы ауылының қалыптасу тарихын зерттеу болды. Көптен бері көкейімде жүрген тақырып болғанымен, оны жазуға тәуекел ету оңайға соқпады. Өйткені, ауылдың қалыптасу кезеңіне куә болған көптеген қариялар бүгінде арамызда жоқ. Соған қарамастан, ауылдың тарихына қатысты деректерді жинақтап, жүйелеп, қағазға түсірдім. Ұлағатты ұстаз, білікті басшы болған Болатбек қажы Қайыпбекұлы бұл бастамамды қолдап, маған үлкен жігер берді. Уақыт өте келе жинақталған тарихи деректер мені одан әрі қызықтырып, кітап жазуға жетеледі. Сонымен қатар, өмір жолымдағы тағылымды естеліктер де осы еңбекте көрініс тапты, – деді автор.
Кітап 100 дана таралыммен жарық көрген. Еңбек екі бөлімнен тұрады. «Бақалы ауылына – 78 жыл!» атты алғашқы бөлімде өткен ғасырдың 50–60 жылдарындағы ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайы баяндалып, Бақалы ауылының қалыптасуы мен дамуына қатысты нақты деректер мен естеліктер қамтылған. Ал, «Балалық бал дәурен» деп аталатын екінші бөлімде автор балалық шақтың қиындықтарын әсерлі суреттеп, достыққа адалдық пен шынайы махаббат туралы сыр шертеді.
Жалпы, кітаптың ерекшелігі – онда баяндалған оқиғалардың өмір шындығына негізделуінде. Сондықтан бұл еңбек келешек ұрпаққа қалатын құнды мұра ретінде бағалы. Әсіресе, «Елтану» бағдарламасын жүзеге асыруда маңызы зор. Өйткені, жас ұрпақ кітап арқылы туған ауылының тарихымен танысып, өткенге тағзым ете алады. Сонымен қатар, еңбек жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне де септігін тигізбек.
Шара барысында Бақалы ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Шыңғысхан Ералиев пен ардагер ұстаз Аташбек Әмірқұлұлы «Ауылым» әнін орындады. Ал кітапханашы Мәрзия Баққараева ақын Қасым Аманжоловтың «Туған жер» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Кітаптың мәртебесін көтеріп, жастар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында автор өз туындысын Теріс, Көктөбе, Бақалы және Қосбөлтек ауылдық кітапханаларына, сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы орта мектептің кітапханасына сыйға тартты.
Туған жердің тарихынан сыр шертетін кітаптың таныстырылымына жиналған қонақтар еңбектің мазмұны мен көркемдік деңгейіне жоғары баға беріп, авторға жылы лебіздерін білдірді.
Шара соңында ауылдық округтің әкімі Мәлік Сейтаев пен «Аналар алқасының» төрайымы Қаламқас Жұмабекова авторға құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табыс етті.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close