Qoǵam

Қоғамдық жұмысқа деген құлшыныс артады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен өткен 2019 жыл елімізде Жастар жылы ретінде аталып өтілгені белгілі. Жыл аясында тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы саналатын жалынды жастарды қолдау, олардың кәсіпкерлік, басқа да байыпты бастамаларына қолдау көрсету мақсатында қыруар жұмыстар атқарылды. Сондай нақты қаржылай қолдаулардың нәтижесінде ел жастарының елеулі бөлігі өз алдына кәсіп ашып, болашақтарына да нақты батыл қадамдар жасады деуге болады.

«Толқыннан толқын туады» демекші, Жастар жылының жалғасы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлікті дамыту мақсатында 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Ел Президенті өз сөзінде еріктілер ұлттық ауқымда ғана емес, әрбір қалада немесе ауылда да дамыту қажеттігін атап өтті. Сөйтіп, Еріктілер жылында барлық еріктілер жобаларын бірнеше бағытқа біріктіруді ұсынды.
Атап айтатын болсақ, еріктілер «Сабақтастық» бағыты бойынша балалар үйлерінің балаларына қамқорлық көрсете алады. «Саулық» медициналық бағыты бойынша науқастарды күтуге көмек көрсетеді. «Таза әлем» бағыты қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйрету, «Асыл мұра» бағыты халқымыздың материалдық және рухани, тарихи-мәдени мұрасын сақтауға шақырады, «Қамқор» бағыты қарттар үйіндегі жұмысқа бағытталған. Ал «Білім» – ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына еріктілік көмек көрсетуге бағытталса, «Үміт» жобасына қатысушылар екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыздың ерліктері туралы баяндайтын құжаттарды іздеуге жұмылдырылады.
Еліміздің өткен тарихына көз салсақ, халқымыздың қайырымдылық, мейірімділік қағидаттарын терең ұстанғанын көруге болады. Қандай қиын-қыстау замандар болсын, қиналғанға қол ұшын беріп, игі істерді өз еркімен жасап отырған. Еріктілердің де қызметі осыған ұқсас. Еріктілерді «ешкім ананы істе, мынаған қол ұшын бер» деп қинап, күштей алмайды. Олар қандай жағдайда да өз жұмысын ерікті түрде атқарады. Мұндай ізгі қасиеттер біздің халқымыздың қанында бар. Сол себептен де биылғы жыл Еріктілер жылы деп жарияланып отыр. Осы орайда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес-көмек көрсету жөніндегі жұмысқа ерікті-заңгерлерді белсенді тарту қажеттігі атап өтілді.
Бүгінде ел өңірлерінде, біздің облысымызда, оның ішінде өзіміздің аудан көлемінде де түрлі бағыттағы волонтерлік қозғалыстар мен ұйымдар бар. Олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша бірқатар жұмыстарды атқарып отыр. Оның ішінде халықтың, кәсіпкер азаматтардың, жомарт жүректі жандардың демеуімен шын мәнінде мұқтаж жандарға (жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға) көмек көрсету сияқты сауапты істерді ерекше атап өтуге болады. Адам жанын ізгілікке бөлейтін мұндай сауапты да игі істер Еріктілер жылы аясында жүйелі түрде жалғасын табатынына сеніміміз кәміл.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close