Basty bet

Мейірім мен жанашырлық жолындағы игі іс

Жуалы ауданында бірнеше жылдан бері елдің алғысына бөленіп келе жатқан «Жуалы қайырымдылық» қоры жұмыс істеп келеді. Қордың негізін қалаушы – Нұржігіт Қуанышбайұлы. Ол 2023 жылдың шілде айында Айнаш есімді азаматпен бірге аудан тұрғындарының басын біріктіріп, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді мақсат еткен қайырымдылық ұйымын құруға бел буды.
Алғашында қордың штатында үш адам еңбек етіп, WhatsApp желісінде арнайы чат ашылды. Сол кезде чатқа 150-ге жуық адам тіркелсе, бүгінде оның қатысушыларының саны 500-ге жеткен. Қазіргі таңда қордың жұмысын алты азамат үйлестіріп келеді. Олар – Нұржігіт Қуанышбайұлы, Рима Баисбаева, Арман Дербісәлиев, Бейсенбек Ерімбетов, Асқарбек Ашықбеков және Мақсат Әбдібеков. Бұл азаматтар қайырымдылық жұмыстарын ұйымдастырып, аудан тұрғындарының сеніміне ие болуда.
Қор құрылған күннен бастап жиналған қаражат Жуалы ауданындағы барлық ауылдық округтерде тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балаларға және сырқат жандарға көмек көрсетуге жұмсалып келеді. Көмек азық-түлік, дәрі-дәрмек, ақшалай қолдау және өзге де қажеттіліктер түрінде көрсетіледі. Сонымен қатар, қор мүшелері мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайына қарай бірнеше мәрте көмек көрсетуді де тәжірибеге енгізген.
Қайырымдылық қорының жұмысы толықтай ашықтық қағидатына негізделген. Көмекке мұқтаж азаматтар алдымен қордың жауапты тұлғаларына хабарласады. Олар отбасының жағдайын анықтап, барлық мәліметті қор мүшелерінің ортақ чатында талқылайды. Осыдан кейін ғана ортақ келісіммен көмек көрсету туралы шешім қабылданады.
Әрбір қайырымдылық шарасы туралы WhatsApp тобында толық ақпарат жарияланып, арнайы қаражат жинау ұйымдастырылады. Жиналған қаржы тікелей көмекке мұқтаж адамның жеке есепшотына аударылады. Қор мүшелері отбасының үйіне барып, көрсетілген көмекті бейнетаспаға түсіріп, оны чатқа жариялайды. Осылайша әрбір тиынның жұмсалуы жөнінде есеп беріліп отырады.
– Көмек сұраған әрбір азаматтың жағдайын мұқият зерделейміз. Барлық мәселе ортақ чатта талқыланып, көпшіліктің келісімімен шешіледі. Қордың ұйымдастырушысы болғанымызбен, қаражат сауапты іске ниетті жандардың көмегімен жиналады. Әркім өз мүмкіндігіне қарай үлес қосады. Сондықтан халықтың сенімі біз үшін өте маңызды. Әрбір жиналған қаражаттың жұмсалуы жөнінде міндетті түрде есеп береміз. Бүгінге дейін 100-ге жуық отбасыға көмек көрсеттік, – дейді қор мүшелері.
«Жуалы қайырымдылық» қоры тек материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Қордың ұйытқы болуымен үш отбасы баспаналы болған. Соның бірі – «Асар-Үме» қайырымдылық қорымен бірлесіп жүзеге асқан игі іс. Яғни, аталған қормен бірлесіп жуалылықтар бір отбасыға жаңа баспана сыйлауға қолдау көрсетілген. Одан бөлек, тағы да бірнеше азаматқа Нұрлыкент және Бауыржан Момышұлы ауылдарынан баспана алып берілген.
Қор жұмысының негізгі бағытының бірі – балаларға көмек көрсету. Сонымен қатар, екінші бағытты аудандағы 10 дүкенге садақа жәшіктері қойылған. Онда жиналған қаржы да жергілікті мұқтаж отбасыларға, ауыр дертке шалдыққан азаматтардың еміне жұмсалады. Әсіресе, шетелде емделуге мұқтаж науқастарға қаржы жинау жұмыстары жиі ұйымдастырылады. Үндістанға ем алуға баратын азаматтарға да бірнеше рет қолдау көрсетілген.
Қор жұмысының заңдастырылуына күш салып, көп еңбек сіңірген азаматтардың бірі – өмірден өткен Ләззат Тұрсынбаева еді. Алайда ол бастаған ісін аяқтай алмады. Оның қайырымдылық ісінің жүйелі жолға қойылуына қосқан үлесін қор мүшелері әрдайым құрметпен еске алады.
Игі іске елге танымал тұлғалар да қолдау білдіріп келеді. Солардың қатарында Ақжүрек Таңатаров та бар. Оның қатысуымен қайырымдылық қаражат жинау акциясы ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілген.
Бүгінде «Жуалы қайырымдылық» қоры аудан тұрғындарының сеніміне ие болған қоғамдық бастамаға айналды. Қор мүшелері алдағы уақытта ұйым қызметін толық заңдастырып, қайырымдылық жұмыстарын одан әрі кеңейтіп, жүйелі түрде жалғастыруды басты мақсат етіп отыр. Ең бастысы – мұқтаж жанға демеу болып, жақсылық жасаудан танбау.
Сонымен қатар, «Жуалы қайырымдылық» қоры аудандық «Отбасын қолдау» орталығымен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Екі тарап көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, олардың әлеуметтік жағдайына қарай жан-жақты қолдау көрсету бағытында бірлесе әрекет етеді.
Қор мүшелерінің айтуынша, қайырымдылық – тек қаржылай көмек емес, ең алдымен адамға жанашырлық танытып, қиын сәтте қасынан табыла білу.
– Бұл істе үлкен еңбек жатыр. Ең бастысы – бір-бірімізге деген мейірім мен жанашырлықтың болуы. Әрине, көпшілік болған соң түрлі пікірлер де айтылады. Соған қарамастан, қайырымдылық жасап, жақсылыққа үлес қосуды қалайтын азаматтардың қатары көбейіп келеді. Биылдың өзінде жеті отбасыға көмек көрсеттік. Жалғызбасты аналарға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және балаларға қолдау білдірдік. Көмек тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек берумен шектелмейді. Қажет болған жағдайда құжат рәсімдеуге де жәрдемдесеміз. Мұндай жұмыстар көпшілікке байқала бермеуі мүмкін. Дегенмен, қор мүшелерінің адамгершілігі мен жанашырлығының арқасында бұл игі іс тоқтаған емес.
Бұл жерде жуалылықтардың үлесі ерекше. «Қайырымдылық жасасаң, қайырыңды өзің көресің» деген сөз бекер айтылмаған. Біз бұл істерді мақтану үшін емес, сауап үшін шын жүректен жасаймыз. Жиналған қаражатты мұқтаж отбасыға табыстаған сәттегі қуаныш пен алғысты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейде ауыр дертке шалдыққан жандардың тағдырын көріп, жүрегіміз ауырады. Сондай сәттерде олардың амандығын тілеп, шүкіршілік етеміз. Мұқтаж жандардың қатары азайып, ем іздеген азаматтарға Алла шипасын берсін деп тілейміз, – дейді қор мүшелері Рима Баисбаева мен Арман Дербісәлиев.
Қайырымдылық – қоғамдағы мейірім мен бірліктің көрінісі. Бүгінде «Жуалы қайырымдылық» қорының төңірегіне топтасқан жанашыр азаматтар мұқтаж жандарға үміт сыйлап, ізгіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Алдағы уақытта қор қызметін заңдастырып, игі бастамаларын одан әрі кеңейту – ұйымның басты мақсаттарының бірі.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close