Basty bet

Тәртіп бар жерде тұрақтылық бар

Жыл басынан бері 4 тоннадан астам есірткі тәркіленді

26 маусым – халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Тараз қаласында есірткіге қарсы айлықтың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Қорытынды іс-шара Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен өңір тұрғындары қатысты.

Жиынға облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, қоғам өкілдері мен жастар қатысты. Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді мемлекеттік органдардың өкілдеріне, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелеріне, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне, еріктілерге және есірткіге қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға елеулі үлес қосқан өзге де азаматтарға грамоталар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Азаматтардың шағымдану құқығын іске асыру мәселелері талқыланды

Байзақ аудандық сотында «Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабының тәртібімен азаматтардың шағымдану құқықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбеков, аудан прокуратурасы мен полициясының өкілдері, сондай-ақ адвокаттар қатысты.
Жиында сот төрағасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында ҚПК-нің 106-бабы тәртібінде сот бақылауының тетігін іске асыру туралы баяндама жасады. Ол тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайларда шағымдану тетігі бұзылған құқықтарды уақтылы қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін және қылмыстық істерді жан-жақты, толық және объективті тергеуге ықпал ететінін атап өтті. Аудан прокурорының орынбасары С.Абдикулов көтерілген тақырыптың өзектілігін атап өтіп, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері заңда белгіленген мерзімде қаралатынын, ал азаматтардың құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты. Полиция бөлімі бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Т.Сәрсенов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде ҚПК талаптарын қатаң сақтау және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Адвокат А.Мамырайымова азаматтардың құқықтарын мүлтіксіз сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, адвокаттық қоғамдастық өз сенім білдірушілерінің заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударуды жалғастыратынын атап өтті. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар туындаған мәселелер бойынша пікір алмасып, осы тақырып бойынша одан әрі өзара іс-қимылға дайындығын растады.

Күйеуінің көлігіне зақым келтіргені үшін әйеліне айыппұл салынды

Сарысу аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша азаматша М.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Нақтырақ айтсақ, 2026 жылдың маусым айында Жаңатас қаласында азаматша М. жанжал барысында, жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болып, тұрғын үйдің жанындағы автотұрақтағы жұбайына тиесілі «BMW» маркалы автокөліктің әйнегін қасақана сындырған.
Кінә хаттамамен, тараптардың айғақтарымен және медициналық қорытындымен дәлелденді. Сотта М. кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Жәбірленуші сотқа әйелін кешіргенін және оған ешқандай шағымы жоқ екенін түсіндірді. Негізі ӘҚБтК 147-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 50 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Сот кінәсін мойындауды, өкінуді, құқық бұзушылықты бірінші рет жасауды және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты. Сот қаулысымен М. ӘҚБтК 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 151 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Жылқы иесінен автокөлікті жөндеу шығындары өндірілді

Жамбыл аудандық соты екі азаматтың материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы дауы бойынша азаматтық істі қарады. Талап қоюшы «Toyota Carina» көлігін басқара отырып, жауапкер заңда белгіленген ережелерді бұза отырып жайылымға шыққан атпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан талап қоюшының көлігіне материалдық зиян келтірілген.
Белгіленген орындардан тыс жерде мал жайғаны үшін жауапкерге 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Талап қоюшы соттан жауапкерден материалдық залал мен бағалауды жүргізгені үшін шығыстарды, жалпы 1,8 миллион теңгеден астам соманы өндіріп алуды сұрады. Жауапкер талап қоюды мойындамай, жүргізушінің өзі кінәлі екенін айтып, сондайақ оның қаражатының жоқтығына сілтеме жасап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Хаттамаға сәйкес талап қоюшы мал жаю Жол қозғалысы ережелерінің 24.176-тармағын бұзу болып табылатын асфальтталған жолда жылқыны қағып кеткен. Осылайша жауапкер ӘҚБтК 633-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Қаулыға шағым түспей, заңды күшіне енген, ал жауапкер айыппұлды толық төлеген. Іс материалдарын зерттеу нәтижесі бойынша сот талап қоюды қанағаттандырды. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1,8 миллион теңгеден астам мөлшерде материалдық залал мен талап қоюға байланысты басқа да шығыстар сомасы өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.

Ер есімі – елге адал қызмет етудің үлгісі

Жамбыл өңірі – ежелден ерлік пен елдік қасиеттер тоғысқан қасиетті мекен. Бұл өлке Отан үшін от кешкен батырларымен, ел тыныштығы жолында жанын қиған қаһармандарымен ерекшеленеді. Олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, есімдерін ұлықтау – баршаның азаматтық парызы.
Бүгінде Тараз қаласында ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің есімдері бірқатар көшелерге беріліп, олардың ерлігі мен еңбегі қала тарихының ажырамас бөлігі ретінде дәріптеліп келеді. Олардың қатарында Халық Қаһарманы, батыр Бауыржан Момышұлы, террорлық әрекетті өз кеудесімен жауып, өз өмірін құрбан еткен Халық Қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасов, Ұлы Отан соғысының ардагерлері әрі ішкі істер органдарының көрнекті басшылары Тәттібай Дүйсебаев, Файзин Қыпшақбаев, Есен Демесінов, Кеңес Одағының Батыры Александр Петров және қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан жол полициясының инспекторы Саят Такенов бар. Көше атауларына батырлар мен ардақты тұлғалардың есімін беру – олардың ерлігін мәңгі есте қалдыру дәстүрі. Бұл жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, елге адал қызмет етудің мәнін ұғындыруға ықпал етеді. Батырлар туған Әулиеата жерінде ерлік ешқашан ұмытылмайды. Өйткені ел үшін еңбек еткен азаматтарды дәріптеу – тарихқа тағзым, келешекке өнеге.

14 жастағы баланы полицейлер түнгі уақытта үш рет үйіне қайтарған

Облыста жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жеделпрофилактикалық іс-шарасы аяқталды. Рейдтік іс-шаралар барысында полиция бөлімшелеріне 340 кәмелетке толмаған жеткізілді. Оның ішінде 57-сі түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін анықталды.
Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған төрт бала Балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Облыстық Полици департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Әбдікәрімовтің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты жасөспірімдерді жазалау емес, көмек пен бақылауды қажет ететін балаларды дер кезінде анықтау болды. Профилактикалық іс-шаралар барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жүрген 266 жасөспірім, сондайақ заң талаптарын бұза отырып ойын-сауық орындарында болған 17 кәмелетке толмаған анықталды. Тараз қаласының 14 жастағы тұрғынының оқиғасы ерекше назар аудартты. Соңғы бір аптаның өзінде полиция қызметкерлері оны түнгі уақытта үш рет үйіне қайтарған. Жасөспіріммен және оның анасымен бірнеше мәрте профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, жағдай өзгермеген. Бұған дейін де қыз бала құқық қорғау органдарының назарына ілінген. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның шешімімен ол Балаларды қолдау орталығына орналастырылып, кейін арнайы мектепке жіберілетін болды. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 47 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз ойын-сауық орындарында болуына жол берген 10 мекеме иесі жауапқа тартылды.

Қызды алып қашқаны үшін үш жігіт сотталды

Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар қызметінде еңбек заңнамасының сақталуына талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде аудан әкімдігі мен оған қарасты мекемелерде штаттағы 58 азаматтық қызметшіге жыл сайын сауықтыру жәрдемақысы төленбестен, ұзақтығы 24 күнтізбелік күн болатын еңбек демалысы беріліп келгені анықталды.

Алайда аталған тәжірибе Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабының талаптарына сәйкес келмеген. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде азаматтық қызметшілерге ұзақтығы 30 күнтізбелік күн болатын жыл сайынғы еңбек демалысын беру және өткен жылдар үшін жалпы сомасы 9,8 миллион теңге көлемінде сауықтыру жәрдемақыларын төлеу қамтамасыз етілді. Биылдың өзінде 15 азаматтық қызметші ұзақтығы 30 күнтізбелік күн болатын еңбек демалысын алып, сауықтыру жәрдемақысын төлеу құқығын пайдаланды. Осылайша, аудан прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Таразда Алматы облысының үш тұрғыны қызды алып қашқаны үшін сотталды. Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың қазан айында Тараз қаласында Алматы облысының үш тұрғыны облыстың 19 жастағы тұрғынын некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқан. Аталған факті бойынша Тараз қаласы Әулиеата ауданының полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1- бабы 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. ҚР Қылмыстық кодексінің 63- бабы қолданылып, үш сотталушының әрқайсысына үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді. Жалпы алғанда адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашу, қандай себептер мен қалыптасқан дәстүрлерге қарамастан қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет екенін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа тартылатынын прокуратура ескертеді.

Оралхан ДӘУІТ,
“Aqjol” газеті

Таңдаулы материалдар

Close