Basty bet

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бәріміз жауаптымыз

Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдері терроризмнен зардап шегіп отырғаны белгілі. Оны бұқаралақ ақпарат құралдарынан күнделікті естіп-біліп отырмыз. Иә, әлем елдері бетпе-бет келіп жатқан мұндай қауіпті қоғам құбылыстарымен күрес жүргізуі сол елдерге ғана тән әрекет емес, қауіпсіздік мәселелері біздің елге де қатысты. «Сақтансаң – сақтайды» демекші, теріс пиғылды адамдардың қолымен жасалатын мұндай әрекеттер осыдан біраз жыл бұрын біздің елде де орын алды. Бұл жағдай қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне үлкен сабақ болғаны даусыз.

Сонымен, қауіпсіздік мәселесі қоғамның барлық мүшесіне қатысты. Жақында аудан аумағында орналасқан террористік тұрғыдан осал болып танылатын объектілердің қорғалуы және осы объектілерді қорғау мақсатында қойылатын талаптарды таныстыруға арналған семинар өткізілді. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиынға аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты мектеп директорлары, бөбекжай-балабақша меңгерушілері және жеке кәсіпкерлік нысандарының басшылары, аудандағы құқық қорғау саласының өкілдері шақырылды. Семинарды аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашып, жүргізді.
-Құрметті жиынға қатысушылар. Террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалуы және қорғалу үшін қойылатын талаптар, «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі №191 Қаулысына сәйкес жүргізілетінін және сол талаптарға сәйкес қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетіндігі барлығыңызға мәлім. Террористік тұрғыдан осал объектілер, бұл бір мезетте адам көп шоғырланатын үлкен нысан болып табылады. Сонымен қатар, аталған нысанда жүрген әр азаматтың өміріне жауапты. Бұл жағдай сол мекемеге басшылық жасайтын азаматқа тікелей жүктеледі. Сол себептен де осал нысанның қорғалуын қатаң бақылау жұмыстарын жүргізуді талап етіп отыр,- деді Серік Дүйсенбайұлы.
Келесі кезекте күн тәртібіндегі мәселеге байланысты облыс әкімі аппаратының терроризмге қарсы қызметті үйлестіру бөлімінің басшысы Батырбек Атамқұлов баяндама жасады.
–Бүгінгі жиында біз терроризмнің алдын алу жөнінде мәселелерді жан-жақты зерделеуге жиналып отырмыз, -деді Батырбек Керімбайұлы. – Сіздер алдымен біздің елімізде, облысымызда діни ахуал күрделеніп отыр деген ойдан аулақ болыңыздар. Әлбетте, елімізде діни ахуал тұрақты. Дегенмен, қауіпсіздікті сақтауға барынша көңіл бөлуіміз қажет. Осыған байланысты, «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 10,2, 10,3 баптарына сәйкес, террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иеленушілері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдар террористік әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ, объектілерді терроризмге қарсы қорғау және олардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтаулары қажет. Бұл туралы ел Үкіметінің тиісті қаулыларына сәйкес, сеніп тапсырылған объектілердің терроризмге қарсы қорғалу паспорттары полиция органдарымен келісе отырып әзірленуі қажет. Одан бөлек, нысандардың міндетті түрде бейнебақылау жүйесімен жабдықталуы да маңызды. Мекемелердегі техникалық персоналды үй-жайларды қарап-тексеру техникасына үйрету керек. Осы талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да айтқан жөн.
Қауіпсіздік қағидалары кеңінен талқыланған семинар барысында қатысушылардың назарына арнайы әзірленген бейнефильм ұсынылды.

Таңдаулы материалдар

Close