Basty bet

Өнер адамды ізгілікке тәрбиелейді

«Өнер – таусылмас қазына» делінеді халық даналығында. Қазақ қолөнері – өзінің көркемдік мән-мағынасымен халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан шыққан өнер туындысы. Сонымен қатар, халықтың рухани байлығы саналады.

Аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, өнерге баулу мақсатында әртүрлі үйірме сыныптары ашылған. Мектептегі қазақ халқының қолөнер түріне арналған үйірменің бірі – сәндік қолданбал

ы өнер сыныбы. Бұл үйірмеге білікті маман, өз ісінің шебері Манзура Разымбетова жетекшілік етеді. Үйірме сабақтарын жүргізу үшін арнайы екі сынып берілген. Сыныптың ішіне қазақтың ұлттық нақыштарын пайдалана отырып жасалған дүниелері, шеберлер дайындаған түрлі технологиялармен жасалған заттар және қолөнер бұйымдары қойылған. Мұндағы сәні мен салтанаты жарасқан қолөнер бұйымдары балалардың қызығушылығын артыратыны сөзсіз.
Үйірме сабақтары көркем пластика, көркем технология, сәндік қолданбалы өнер деп аталатын үш бағытта жүргізіледі. Оқушылар екі ауысымда сабаққа келіп, қолөнер бұйымдарын жасауды үйренеді. Мұнда қыздар тоқыма тоқуды, тігін тігуді, кесте кестелеуді, түрлі сәндік қолданбалы бұйымдарды және ұлттық нақыштағы дүниелерді жасауды меңгереді.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Манзура Кемелқызының оқушылары аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Оның жетекшілігіндегі үйірмеге қатысатын шәкірттерінің ішінде ынтасымен, икемділігімен, қызығушылығымен ерекшеленетіндері де бар. Мәселен, түрлі қолөнер байқауларына қатысып шеберлігімен көзге түсіп жүрген Ақерке Мейірхан, Гүлжаһан Сейіт, Светлана Дорош, Кәусар Әбдіхан, Малика Мырзабек сынды шәкірттерін атауға болады.
-Өнер адамға жақсы әсер ететін және тәрбиелейтін дүние. Оның құндылығы орасан зор. Асыл құндылықтарды өскелең жастардың бойына сіңіріп, төл өнерімізді дамыту біздің басты міндетіміз. Аудан орталығындағы бұл өнер ошағына балалар көптеп келеді. Әсіресе, олардың қолөнер бұйымдарын жасауды үйренуге деген қызығушылығы өте жоғары. Негізінен сәндік қолданбалы өнер сыныбының сабақтарын жеті мұғалім жүргізеді. Оның екеуі сыныптың жетіспеушілігіне байланысты біреуі №29 орта мектебінде, ал екіншісі №15 мектеп-лицейінде үйірме сабақтарын жүргізеді. Бөлімдегі Гауһар Рақмет екеуміздің сабақтарымыз қатар келеді. Мен жүргізетін үйірме сабағына 3 сынып және 6 сынып аралығындағы 40 шақты оқушы қатысады.
Қолөнерге келу үшін баланың ең басты қызығушылығы жоғары болуы керек. Сонымен қатар, қолының икемділігі жақсы болса, бала кез келген затты жасауды үйреніп кетеді. Баланың сурет сала алуы да керек. Бұл жайтты ескере отырып жұма күнгі сабақта мектептегі суретшілер балаларға сурет салғызады. Шәкірттерім көбінесе заманауи үлгідегі заттарды дайындауға қызығады. Кейде өздері ізденіп түрлі бұйымдарды жасап келеді. Бір жағынан интернеттің пайдасы тиіп жатады. Ғаламтордан түрлі қолөнер бұйымдарын көріп, оны көшірмей басқаша үлгіде жасауға тырысамыз. Әрине, тапсырмалар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай беріледі. Ал, үйірме сыныбындағы сәндік қолданбалы өнер атты үшінші бағытында көбінесе ұлттық нақыштағы ою-өрнекті қолдана отырып торсықтар, тұмаршалар тағы да басқа түрлі заттарды дайындаймыз. Қыздар заманауи үлгідегі сөмкелерді, ұялы телефонға арналған қаптағыштарды, биссерленген, жапсырмалы дүниелерді, әсіресе тоқыма тоқуды бар ықыласымен орындайды.
Кесте тігу, тоқыма тоқу – баланың мінезін қалыптастырады. Жалпы, қолөнер адамды төзімділікке, еңбекқорлыққа баулиды. Себебі, әр дүниені ойыңдағыдай етіп шығару үшін үлкен еңбек керек, – дейді Манзура Кемелқызы.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, дарындылықтарын жетілдіру мақсатында үйірме жұмыстарының маңызы зор екені айдан анық. Өйткені, өнер адамның бойында бала кезден бастап қалыптасады. Әр бала бейіміне, зейініне, қабілетіне қарай өнердің түрін таңдап, сол арқылы өнерде шыңдалатыны баршамызға белгілі. Осы орайда, бала бойындағы өнердің ұшқынын байқап, оны әрі қарай дамытып отырған өнер дарыту ошағында дарынды шәкірттердің қатары арта беретініне сенім мол.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close