Basty bet
Тұрғындарды толғандырған сұрақтар назарға алынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Өңірлік саясатты жетілдіру» бөлімінде кәсіби мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігі мен жергілікті атқарушы органдардың халықпен жұмыс істеу және жергілікті жерлердегі мәселелерді оңтайлы шешудің тәртібі туралы кеңінен айтылғаны белгілі.
Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде, әкімдердің қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескерілуі қажет екенін және олардың жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керектігін баса айтқан болатын.
2026 жылға арналған аудан тұрғындары мен азаматтарды жеке қабылдау жасау кестесіне сәйкес, аптаның бейсенбісі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді. Айта кету керек, қабылдау барысында азаматтарды толғандырған мәселелер, оның ішінде, жеке басқа қатысты, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың пәтер алуға қатысты мәселесі, т.б. әртүрлі әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылып, олардың барлығына тиісті жауап берілді.
Жеке қабылдауда ауданның жекелеген азаматтары негізінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу (пәтер) және тұрғын үй кезегіне тұрудың заңдылықтары, Б.Момышұлы ауылындағы Мұнайшы және Парасат көшелерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын ауыстыру, кәріз жүйесін реттеу, үйлерге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар, тұрғын үй сертификатын алу, мемлекеттік қызметке орналасу туралы мәселелер қаралды.
Бұл жолы аудан басшысының қабылдауына сұрақпен қайырылған азаматтардың дені мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу мақсатында бастапқы жарна төлеу үшін мемлекет тарапынан төленетін (баспана кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға) 10 пайыз көлемінде қаражат қарастыру, жақсарту туралы сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін де қоса жеткізді.
Жеке қабылдауда азаматтардан түскен сұрақтардың кейбіріне аудандық әкімдіктің тиісті бөлім және мекеме басшылары заңдылық аясында жауап беріп, түсіндірме жасады. Қабылдау қорытындысында тиісті басшыларға сұрақтарды тұрақты назарда ұстау туралы нақты тапсырма берілді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»