Жазғы демалыс – балалар асыға күтетін ең қызықты кезеңдердің бірі. Бұл уақытта олар лагерьлерде демалып, саяхатқа шығып, жаңа достар тауып, табиғат аясында серуендейді. Сондай-ақ, спортпен айналысып, шығармашылық үйірмелерге қатысып, өз қабілеттерін шыңдайды. Мұндай белсенді демалыс балалардың денсаулығын нығайтып, таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жазғы демалыс – отбасымен бірге уақыт өткізіп, жаңа жерлерді аралап, ұмытылмас әсер жинайтын ерекше кезең. Дегенмен, қызықты әрі мазмұнды демалыстың қауіпсіз өтуі үшін ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне, әсіресе, су айдындары мен қоғамдық орындардағы сақтық шараларына ерекше көңіл бөлуі қажет.
Жаз мезгілінде балалардың демалысы көбіне өзен-көлдер мен су айдындарының жағасында өтеді. Алайда дәл осы кезеңде судағы жазатайым оқиғалар жиілейді. Сондықтан ата-аналар мен демалушылар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауы тиіс.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарының айтуынша, балалар арасында жиі кездесетін қауіптердің бірі – суға бату. Мұндай жағдайлар көбіне ересектердің қарауынсыз суға түсу, жүзуді білмеу, терең жерге кету немесе күшті ағысқа тап болу салдарынан орын алады. Сонымен қатар, белгісіз жерде суға секіру ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін. Су түбіндегі тас, ағаш немесе басқа да бөгеттер бас пен омыртқаға зақым келтіреді. Бұдан бөлек, салқын суға кенет түсу бұлшықеттің құрысуына, ал ұзақ уақыт күн астында жүру күн өтуі мен сусыздануға себеп болуы ықтимал.
Аудан аумағында тұрғындардың су айдындарында шомылуға рұқсат етілген бірнеше орын белгіленген. Олардың қатарында Көкбастау ауылдық округінде орналасқан «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы және Билікөл ауылдық округіндегі «Қарабастау бұлағы» бар. Бұл орындарда да демалушылар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет. Атап айтқанда, балаларды су жағасында қараусыз қалдыруға болмайды, тек белгіленген қауіпсіз аумақта шомылу керек. Сонымен қатар, құтқару қызметінің ескертулерін орындап, ауа райы қолайсыз кезде шомылудан бас тарту маңызды. Сонымен бірге, аудан аумағындағы бірқатар су нысандарында қауіпсіздік талаптарына байланысты шомылуға тыйым салынған. Олардың қатарында Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының кейбір учаскелері, Теріс өзені, Билікөл көлі, Дарбаза су қоймасы, Қоралас тоғаны, Қоңыртөбе-1 және Қоңыртөбе-2 тоғандары бар.
Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау – адам өмірін сақтаудың басты кепілі. Кез келген төтенше жағдай кезінде ең бастысы – сабыр сақтап, жедел көмекке хабарласу керек. Елімізде төтенше жағдайлар кезінде тұрғындар 112 бірыңғай жедел қызмет нөміріне қоңырау шала алады. Бұл нөмір арқылы құтқарушыларды, жедел жәрдемді, полиция қызметін және басқа да қажетті қызметтерді шақыруға болады. Сонымен қатар, өрт немесе құтқару жұмыстарына байланысты жағдайларда 101 нөміріне хабарласуға болады. Қоңырау шалған кезде оқиға болған нақты мекенжайды, жағдайдың мән-жайын (суға кету, жарақат алу, өрт және т.б.), зардап шеккен адамдардың санын және олардың жағдайын нақты айту қажет. Сондай-ақ, өз аты-жөніңізді және байланыс нөміріңізді хабарлау маңызды. Мамандар балаларға да осы нөмірлерді ерте жастан үйретудің маңыздылығын айтады. Ең бастысы – төтенше жағдайда уақытты жоғалтпай, 112 нөміріне хабарласып, диспетчердің нұсқауларын орындау қажет.
Мамандар балаларды жүзуге 4–6 жастан бастап жүйелі түрде үйретуді ұсынады. Бұл жаста олар суда дұрыс қимылдауды және қауіпсіздік ережелерін жақсы меңгереді. Дегенмен жүзуді білетін балалардың өзі де су айдындарында ересектердің бақылауынсыз қалмауы тиіс.
-Жаз мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Су айдындары мен демалыс орындарында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар мектептерде, балалар лагерьлерінде және түрлі орталықтарда балаларға судағы қауіпсіздік ережелері мен төтенше жағдайда әрекет ету жолдары түсіндірілді. Қауіпті және шомылуға тыйым салынған су айдындарын бақылап, қажетті жерлерге ескерту белгілері орнатылды. Демалыс орындарында рейдтік және патрульдеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілуде. Біз ата-аналарға балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау, тек қауіпсіз әрі рұқсат етілген орындарда шомылу қажеттігін үнемі ескертеміз. Бұдан бөлек, құтқару бекеттерінің, арнайы құрал-жабдықтардың және мамандардың дайындығы қамтамасыз етілді. Тұрғындардың арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру үшін ақпараттық науқандар ұйымдастырылып, алғашқы көмек көрсету дағдылары да насихатталуда. Бұл жұмыстардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алуға, адам өмірін қорғауға және тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Жаз мезгілінде су айдындарында демалушылар саны артатындықтан, қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды. Әсіресе, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін ата-аналар мен ересектер барынша жауапкершілік танытуы қажет. Ең басты ереже – балаларды су жағасында қараусыз қалдырмау. Тіпті су таяз болған жағдайда да бала үнемі ересектердің бақылауында болуы керек. Суға тек рұқсат етілген, қауіпсіздігі тексерілген орындарда түскен жөн. Жүзуді білмейтін балаларға құтқару кеудешесін кигізу қажет, алайда ол ата-ананың бақылауын алмастырмайды. Су түбі белгісіз жерлерде секіруге, суда қауіпті ойындар ойнауға, бір-бірін итеруге немесе суға батырып ойнауға болмайды. Ауа райын бақылап, найзағай, қатты жел немесе дауыл кезінде суға түспеген дұрыс.
Балаларды күннің ыстығынан қорғау, бас киім кигізу және жеткілікті мөлшерде су ішкізу де маңызды. Сонымен қатар, әрбір демалушы төтенше жағдайда көмек шақыру жолдарын біліп, алғашқы көмек көрсету дағдыларынан хабардар болғаны жөн.
Қауіпсіздік ережелерін балаларға алдын ала түсіндіру – жазатайым жағдайлардың алдын алудың тиімді жолы. Себебі, су маңындағы бір сәттік салғырттық үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Сондықтан балаларды үнемі бақылауда ұстап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау – баршаның ортақ міндеті, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Бақтияр Мағыртай.
Әрбір ата-ана есте сақтауы тиіс басты қағида – балаларды су жағасында бір сәтке де қараусыз қалдырмау. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау ғана жазғы демалысты қауіпсіз әрі көңілді өткізуге мүмкіндік бермек. Өйткені, адам өмірі мен баланың амандығынан қымбат ештеңе жоқ.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”
