Basty bet

Анамыз еңбекқор, тәуекелшіл болуға тәрбиеледі»

Отбасы құндылықтарының негізі – татулықта. Бір-бірімен түсінісіп, сыйласып, құрмет көресете білген, балаларын жастайынан еңбекқорлыққа, ізденімпаздылыққа, ізеттілікке тәрбиелеген отбасын әлбетте үлгілі отбасы деп айта аламыз.

Ел ішінде мұндай отбасылар баршылық. Біз ауыл-ауылға іссапарға шыққан сайын міндетті түрде үлгілі отбасыларды сұрастырып, олармен кездесуге тырысамыз. Ондағы басты мақсатымыз – отбасы құндылықтарын насихаттау.
Бұл жолғы мақаламызға Жаңаталап ауылының тұрғындары Асановтардың отбасы арқау болды.
Асановтар отбасының ата-анасы марқұм Қаһар ата совхозда фермада мал бордақылайтын малшы болса, жұбайы Айша апамыз фермаға кіреберісте жүк көліктерінің кіріп-шығуын бақылайтын жұмысшы болған. Қарапайым шаруақор ата-ананың тәрбиелеген балалары бүгінде еңбекқорлықтың арқасында ауылда ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жеткен азаматтар болып қалыптасты.
Айша әже сегіз ұл-қызды өмірге әкеліп, бүгінде ұрпақтарынан 22 немере, 16 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Әже бүгінде 83 жаста. Әженің қолында қара шаңырақта кенжесі Қайрат пен келіні Гүлжайна тұрады.
Қара шаңыраққа жақын жерде Абсамат есімді ұлы тұрады. Абсамат пен жұбайы Гүлшат та ауылдағы еңбекқор жандардың бірі.
Абсамат аға інісі Қайрат екеуі «Бекжан» шаруа қожалығын құрып, ұлдарын ертеден еңбекке баулыды. Абсамат ағаның ұлы Нұржан ауылдағы жастардың ішінде адал еңбегімен талай белестерді бағындырып келе жатқан, болашағына үлкен үміт артар азамат.
Нұржан Алматыдағы Аграрлық университетті тамамдап, жеті жыл ауылдық ветеринарлық пунктте меңгеруші болып еңбек етті. Ал бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Жұбайы Гүлзираға «Ілияс» шағын маркетін ашып берген. Өзі әкесінің жанында шаруа қожалықтың шаруаларымен айналысады, мал бордақылайды. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша да несие алуға құжат тапсырып қойған. Нұржанның жоспары – жұмысын одан әрі кеңейтіп, отбасының жағдайын еселеп көтеру, ауылының көркеюіне үлес қосу.
Абсамат аға ауыл шаруашылығы саласының маманы, ал, Гүлшат апай Жаңаталап орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеген жандар. Үлкені қолындағы ұлы Нұржан болса, екіншісі Руслан Тараз қаласында прокурор болып еңбек етеді. Қыздары Фариза темір жол Академиясын бітірген. Ал, кенжесі Бекжан болса Тараз мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алуда.
Көрші тұратын ағайындылар бір-бірімен тату. Қайрат пен Гүлжайна екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкендері Әлия Алматыда Абай атындағы Ұлттық университетте психолог-медиация мамандығы бойынша 4 курс студенті. Ал Дінмұхамеді Алматы медициналық институтында білім алуда. Мамандығы – стоматолог. Ал Арайлым мен Ермұхамед болса, мектеп оқушылары.
-Біз төрт абысын татумыз. Бұл енеміздің бізге берген тәрбиесінің жемісі,- дейді келіндері Гүлшат пен Гүлжайна. –Енеміз өте мейірімді, қамқор жан. Әрдайым балаларын, немерелерін ешкімге қиянат жасамауға, адал, еңбекқор, тәуекелшіл болуға тәрбиелеп отырады. Осындай тәрбиенің нәтижесінде ұлдары шетінен еңбекқор. Ешқандай жұмыстан қашпайды.
Мал бағу, егін егу оңай шаруа емес, бейнеті көп. Қысы-жазы тыным таппай еңбек етеді. Балалар бар ғой демей, тірліктің бір шетінде жүреді. Бүгінгі бақуатты тұрмысымыз осылардың арқасы.
Енеміз келіндерін де тату болуға шақырып отырады. Ешқашан бізді алалаған емес. Кісінің баласы деп көңілімізге қарайды.
Өмірде бәрінен де көңіл қымбат қой. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» демекші, ауыр сөз айтып, көңілімізді қалдырған емес. Енемнің тәрбиесімен өз келіндерімізді де тәрбиелеп отырмыз.
Төрт келін басымыз қосылғанда бір үйдің қыздарындай мәре-сәре болып жатамыз.
Енеміз бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздарының шаңырағына барып қыдырып жүреді. Қай-қайсысы болмасын анамызды қазынамыз, байлығымыз деп бағалап, құшақ жая қарсы алады. Шынында біздің қазынамыз, құт-берекеміз сол кісі.
Ата-енеміздің қалған екі ұлы, яғни біреуі Ерназар мен келіні Құрманай Бәйтерек ауылында тұрады. Ерназар темір жолда күзетші болса, Құрманай «Бәйтерек» балабақшасында медбике. Ал Самат пен Айнұр болса Тараз қаласында темір жолда жұмыс істейді. Бір әке-шешеден тараған сегіз ұл-қыз әр қайсысы өз алдына отбасы болып, еңбек етіп, өсіп-өніп отыр. Аллаға мың да бір шүкір!- дейді Гүлшат пен Гүлжайна.
Бәсекеге қабілеттілік отбасына да қажет қасиет деп ойлаймын. Әрбір жас отбасы бір-бірімен тек жақсы жағынан озудан жарысса. Бір мақсат, бір арманға тоғыспаған отбасы орта жолда ойраны шығып жатады. Әрбір өнегелі отбасы қай қоғамда болмасын мемлекет үшін қымбат.
Бәсекеге қабілетті отбасы немесе маман болу үшін кісіге биік адамгершілік қасиет, ішкі мәдениеттің жоғарылығы, еңбекқорлық, білімділік керек. Осындай қасиеттер өзара үйлесім тапқанда отбасында да, қоғамда да тамаша орта қалыптасады, өсу-өркендеу болады.
Елімізде Асановтардың отбасындай насихаттауға тұрарлық отбасылар лайым көбейе берсін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close