Basty bet
Қыстың қамын жазда ойлаған дұрыс
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі – 216 306 гектар болса, оның ішінде – 95 435 гектары егістік егуге арналған жерлердің үлесінде. 2026 жылдың өнімі үшін – 55 635,0 гектар егістік егіліп, жоспар – 101,1 пайызға орындалған.
Ендігі кезекте нақты егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көлеміне тоқталсақ, жаздық арпа дақылы – 28 290 гектар алқапқа орналастырылса, дәндік жүгері – 710, күнбағыс – 400, мақсары дақылы – 18 500, қант қызылшасы – 100, картоп – 2 600 гектарға, көкөніс – 710, бақша дақылдары – 15, сүрлемдік жүгері – 710, сонымен қатар, биыл өңір шаруаларының тарапынан барлығы – 4 500 гектар алқапқа жаңадан көпжылдық шөп егілген. Сонымен бірге, былтырғы күзгі дала жұмыстарын атқару кезінде биылғы жылдың өнімі үшін барлығы – 11 223,0 гектар алқапқа күздік бидайдың дәні сіңірілгенін айтады ауыл шаруашылығы саласының жұмысына жауапты бөлімнің мамандары.
Ауыл шаруашылығы саласының сан салалы жұмысын ілгері бастырып, жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында 2026 жылы аудан орталығындағы «Жуалы» несие серіктестігінен «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 15 шаруа қожалық – 120,600 млн теңге көлемінде несие қаражатын алып, өңірдегі агросаланың жұмысын қарқынды жалғастыруда. Одан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 13 шаруашылық – 360,3 млн теңгеге 24 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, өңірде «АграрлыНесиеКорпорациясы» АҚ-нан «Агробизнес» және «Кең дала-2» бағдарламаларымен алдын ала өтініш беріп, несие қаражатына қол жеткізген жекелеген шаруашылықтар да бар.
Ауданда биылғы мал азығын дайындау науқаны табысты аяқталып, қазіргі таңда егін жинау жұмыстары біршама болса да аяқталды деуге болады. Арпа-бидайдың азықтық дақыл екені белгілі.
Әлбетте, орақ кезінде қамбаға құйылып жатқан алтын дән – ең біріншіден елдің ырысы, екіншіден отандық агросаланың әлеуетін арттыратын да дәл осы ауыл шаруашылығы. Отандық агроөнеркәсіп кешеніндегі қалыптасқан жоғары табыстардың барлығы тек еңбекпен келеді. Оны ешуақытта жоққа шығарудың қажеті жоқ… Десек те…
Біздің айтпағымыз бұл емес. Бұдан бұрын аудандық газеттің бетінде ауыл шаруашылығы саласының агроөнеркәсіп кешеніндегі жеткен табыстары мен жоғары жетістіктері жөнінде, сонымен қатар, ауданның алдыңғы қатарлы агроқұрылымдарындағы малдың қыстық азығын дайындау, егін орағына қатысты атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы бірқатар көлемді мақала жарияланды. Дегенмен, осы кезеңде аяққа нық тұрған үлкен шаруашылықтар үшін мал азығын дайындау жұмыстары ешқандай қиындық тудырмауы мүмкін. Ал, иелігінде бірде бір гектар егістік жері жоқ, өз күнін өздері әрең көріп отырған отбасылар үшін малдың қыстық азығын дайындау үлкен проблемаға айналатыны даусыз. Жемшөп өз жеріңнен дайындалмаған соң, қымбат бағаға сатып алынған азғантай дүниенің ешқандай берекесі болмайтыны тағы белгілі. Енді қайтпек керек?!
Биыл өнім мол болғанымен, баға қымбат. Неге?!
«Елде болса – ерінге тиеді» деген. Ежелден бірлігі жарасып, берекесі тасыған қасиетті Жуалы жерінде жыл сайын малдың азығы молынан өндіріледі. Қайбір жылдары елдің кейбір өңірлерінде құрғақшылық орын алып, шөп шықпай, арпа-бидайдан мүлдем өнім болмай қалған қиын кезеңдерде де біздің ауданның шаруалары малдың азығына қажетті дақылдың түрлерін молынан егіп, сол арқылы өнімді де молынан өндірді. Мал азығын дайындау науқаны кезінде оның сыртқы аудан, басқа облыстарға сатылып жатқаны қаншама?! Ешкім қолындағы дүниесін арзанға бағалағысы келмейді. Нарықтың қатал заңы осындай десек те, Үкіметтің тиісті бағдарламаларына қол жеткізіп, сол арқылы жыл сайын тұрақты түрде көмек-қолдауларға ие болып келе жатқан алдыңғы қатарлы агроқұрылымдар мен үлкен-үлкен шаруашылықтар қарапайым халықты осындай қиын сәттерде ойласа деген тілек біздікі…
Биыл өңірде жауын-шашын мол болғандықтан көпжылдық шөптің, жаздық арпа мен күздік бидайдың шығымы жақсы болып, жазғы дала жұмыстары кезінде алқаптардан алынған өнімнің де жылдағыдан әлдеқайда мол болғаны анық. Елдің ырысын тасыту мақсатында жыл он екі ай еңбектенетін аудан шаруалары да аянып қалып жатқан жоқ. Ел ырысының артып отырғаны ең біріншіден – адал еңбек пен жүйелі жұмыстың арқасы. Аудан көлемінде шөп орылып, мал азығын дайындау науқаны алғаш басталған тұста тайланған бірінші орым жоңышқаның бір түгі – 500 теңгеден сатыла бастағанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Көп өтпей-ақ, баға 700 теңгеге бір-ақ секірді. Кейіннен бірінші орым шөптің бағасы – 800-ден 1 000 теңгеге дейін жетті. Шөптің сапасына қарай бағаның ары қарай өсе беретінін ішіңіз сезіп те отырған болар…
Алыпсатарлар азаймай, мал азығының бағасы арзандамайды
Күнделікті күнкөрістің қамы үшін баға қанша қымбат болса да малдың қыстық азығын дайындау үшін тұрғындарға биыл да біраз шығындануға тура келеді. Өйтпеске басқа амал жоқ. Қазір де солай. Дәл қазір аудан көлемінде жоңышқаның екінші орымы жүріп жатыр. Тайланған бір түк жоңышқаның бағасы – 1 200 теңгеден сатылуда. Бұдан төмен бағаны алыс ауылдардан іздесеңіз де таппайсыз. Өйткені, ондағы алқаптардың басында да алыпсатарлар өріп жүр. Бағаны көтеріп, қарапайым тұрғындарға мал азығының қолжетімсіздігін қалыптастырып отырған да дәл солар.
Өткен аптаның ортасында ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының төменгі бөлігінде орналасқан малбазардың аймағындағы шөп сататын орынға арнайы барып, сонда шөп сатып тұрған азаматтармен тілдестік. Шынында, баға дәл сондай. Шөп сататын орында 10-нан астам үлкен жүк көлігі қаздай тізіліп тұр. Бірінде екінші орымнан алынған таза жоңышқа болса, енді бірінде бірінші орымнан жасалған түк тиелген. Арасында ара-тұра арпа сабанын артқан көліктерді де байқадық. Көлік иелерімен сөйлескенімізде, олардың дені шөп сатылымының өте төмен екенін айтады. Шөп көп, бірақ өтіп жатқан шөп жоқ. Кейбірі өзінің егістік жерінен орылған шөпті орталыққа сатуға әкелсе, енді біреулерінің алыпсатарлар екені байқалады. Күніұзаққа осында қаңтарылып тұрған жүк көліктерінің нөпірі әлдеқайда көп болғанымен, сатылып жатқан шөп өте аз. Мұны біз шөп саудасымен айналысатын кісілердің сөзінен байқадық. Олар әрнәрсені сылтауратып, қойылған сұраққа нақты жауап бергісі келмейді. Олардың сөзінен аңғарғанымыз, бұдан кейін шөптің бағасы қымбаттамаса, арзандамайды. Өйткені, жаздың үшінші айы да аяқталып, алда қоңыр күз де келіп қалды. Науқан толық аяқталса, одан арғысы – белгілі. Көп ұзамай суық та түседі. Ары қарай қылышын сүйретіп қыс келеді. Жаз айларында шөп сатып алуға қолында нақты қаражаты болмаған кейбір тұрғындар мал азығының қымбаттығына қарамай, қарызданып-қауғаланса да шөп сатып алуға ұмтылады. Қыс кезінде төрт түлікті тек қана шөппен асырап, баға алмайтының тағы белгілі. Малдың қоңын түсірмеу үшін оған құнарлы жемнің қоры да керек…
Ауданда егін орағының енді ғана аяқталғанына қарамастан арпа, бидайдың бағасы тұрғындардың көңілінен шығып отырған жоқ. Биыл егін орағы кезінде орта есеппен жаздық арпа алқабының әр гектарынан – 22-23 тоннаға дейін өнім алынса, күздік бидайдың әр гектарынан – 25 тоннаға дейін дән бастырылды. Осыған қарап өнім көлемінің көп екенін бағамдау қиын емес. Арпа, бидайдың сатылымдағы орташа бағасын білу мақсатында ауданға қарасты ауылдық округтердегі алдыңғы қатарлы деген агроқұрылым, шаруашылықтың басшыларына қоңырау шалып, хабарласқанбыз. Қожалық басшыларының дені қазір бір келі арпа-бидайдың бағасы – 100-105 теңгеден сатылып жатқанын айтады. Онда да сауда өзара келіскеніңізге байланысты.
Асықпай аралап іздесеңіз алыс ауылдардан бұдан сәл төмендеу бағаға табуға болады. Бірақ оған барлығында бірдей жүк көлігі жоқ қой. Тасымалға да әжептеуір қаражат керек. Мал азығына қатысты тағы бір мәселе бар. Мұның да бағаға тигізер әсері көп. Арпа-бидайды молынан егетін кейбір шаруашылықтар қазір алқаптан жиналған өнімді кептіріп, қоймаға жинап жатқанын айтады. Алдағы мал қыстату науқаны кезінде баға бұдан да жоғарылайды. Айтсақ та, айтпасақ та бұл – нарықтың заңы. Қазір алқаптың басынан немесе қоймадан арзан бағаға сатқанша ертең бағаның едәуір қымбаттайтынын олар жақсы біледі. Сондықтан, мал азығын дайындау кезінде тұрғындарға ертерек қимылдаған әлдеқайда абзалырақ…