Basty bet
Аймақтағы шешімін күткен мәселелер қозғалды
Апта басында Жетітөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов округтегі Шыңбұлақ, Қосмұрат, Майбұлақ, Тасбастау және Қоңыртөбе ауылдарының тұрғындары алдында өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, 2020 жылға арналған жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Шыңбұлақ ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің акт залында Шыңбұлақ, Қосмұрат және Майбұлақ ауылдары тұрғындарымен өткен есептік кездесуге аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев, округ әкімІ аппаратының жауапты мамандары, жергілікті қоғамдастық мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов ашып, баяндама жасады. Баяндамаға сай округ әкімі аппаратында әр тоқсандық жұмыс жоспары жасалып бекітілген. Жоспарда ауылға қатысты мәселелер, әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар қаралған. Аудан әкімі аппаратына жіберілетін ақпараттар, хаттамалық тапсырмалар толық және уақтылы атқарылады.
Азаматтардан түскен арыз-шағымдардың қаралу тәртібі Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның талаптарына сәйкес жүргізілген. Жеке және заңды тұлғалардан түскен 37 өтініш мерзімінде қаралып, шешімдерін тапқан. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары бойынша балабақшаларға 16 жолдама беріліп, оқушыларды тегін тасымалдауға 75 өтініш-сұраныс қаралған. Ауылдық округтің әкімі 2019 жылы 44 шешім, 103 өкім шығарған.
Округте орналасқан алты елді мекендегі 529 аулада 3 041 тұрғын, соның ішінде тоғыз ұлттың өкілі бар. Үш орта, бір бастауыш мектеп, екі шағын бала бақша, бір ауылдық дәрігерлік амбулатория, бес медпункт, екі мәдениет ошағы мен үш ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Сонымен қатар 276 шаруа қожалығы, тоғыз дүкен халыққа қызмет көрсетуде.
2019 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Кәріқорған ауылындағы Мейман Қожаназаров көшесіне орта жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Әкімдік ғимаратына пандус орнатылды.
Ауылдық округ бойынша айдалмалы жер көлемі 10 627 мың га құрайды, барлығы шаруа қожалықтарының еншісінде. 1460 га күздік бидай, 3 055 га көпжылдық шөп, таза жоңышқа 280 га, арпа 3 300 га, мақсары 3 250 га, мал азығын дайындау жұмыстары аяқталды. Мал шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар нәтижесінде жалпы мал саны артып, ірі қара 4393, қой-ешкі 29 349, жылқы 799, құс 13 934 басқа жеткен.
Округ аумағында екі АШӨК құрылып, жұмыс істейді. Қоңыртөбе ауылының тұрғыны Ғабит Чукенов «Сыбаға» бағдарламасымен 30 млн. теңгеге 834 бас қой алған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы бүгінгі күнге үш азамат жалпы сомасы 7 млн.теңге несие алып, 30 бас ірі қара малдан алды.
Ауылдық округте жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 29% пайызды құраған. Жастармен жұмыс істейтін жастар ісі нұсқаушысы әртүрлі бағытта 45 іс-шара өткізген. Іс-шаралардың дені сыбайлас жемқорлық, басқа дінге дес бермеу, жастардың жұмыспен қамтылуы сияқты тақырыптарды қамтыған.
Округте 48 нәресте дүниеге келіп, тұрғындардан 12 адам қайтыс болған. Арнайы есепте тұрған науқас адамдар тегін дәрімен қамтамасыз етілуде. Жоспарға сәйкес балаларды егу, науқастарды тексеру жұмыстары тыңғылықты атқарылуда.
Балалы отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек көрсету аясында шартты ақшалай көмекке 69 отбасының, шартсыз көмекке тоғыз отбасының құжаттары рәсімделіп, барлығы 88 отбасы құжаттарын өткізіп, 503 адамға барлығы 69, 2 млн. теңге тағайындалып, төленген. Ақылы қоғамдық жұмыстармен ресми жұмыссыз ретінде тіркелген 10 адам жұмыспен қамтылған.
Көктемгі көріктендіру, көгалдандыру және санитариялық тазарту екі айлығы белгіленген іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізілген. Округтегі барлық мекемелер өз учаскелерінде тазарту жұмыстарын атқарып, спорт алаңдары, мектептердің спорт алаңдары, арық-каналдар мен көпірлер тазартылған.
Жыл басынан округте үш қылмыс тіркеліп, екеуі ашылған, әкімшілік құқық бұзған 225 азаматқа хаттама толтырылған.
Есептік баяндамадан кейін жарыссөз басталып, алғаш болып ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев шықты.
– Құрметті тұрғындар, ауыл әкімі өткен жылда атқарған жұмыстарын тізбелеп айтып берді. Барлық салада жеткен табыстар бар, онда округ әкімі аппараты мамандарымен қатар сіз бен біздің де қосқан үлесіміз бар. Округ орталығы Кәріқоған ауылында көп өзгерістер орын алды, 30 жылдан астам жөндеу көрмеген орталық көше жөнделіп, жарықтандырылды, жаңа медпункт пайдалануға берілді. Ауыл арқылы өтетін облыстық мәндегі жолға асфальт жамылғысы төселіп, Шыңбұлақ өңіріндегі тұрғындардың орталыққа қатынауына жайлы жағдай жасалды. Бұл атқарылған жұмыстар ел-жұрт күнделікті қажет етіп жүрген тіршіліктер, – дей келе, округ әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатовтың қызметіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Мая Қыдырқожаева ауылға газ кіргізіледі дегелі бірнеше жылдың жүзі болғанын, алайда газ құбыры әлі тартылмағанын, жағып отырған көмірдің сапасы нашар екенін айтты. Сондай-ақ ол ауылда байланыс сапасының нашар екенін, интернеттің жылдамдығы мүлдем сын көтермейтінін жеткізді. «Ауылда электр жарығы жиі өшеді, көшелер жарықтандырылмаған. Екі көшенің жолын жөндеу керек» деді ол. Ауылда байланыстың сапасы туралы мәселені басқа тұрғындар да көтерді. Надежда Мазурь арық суының жоқтығына шағым білдірсе, Датқабай Байсымақов ауылға кіреберіс көпірдің апатты жағдайда тұрғанын айтып, жөндеу керектігін ескертті.
Жиында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев аграрлық саладағы, субсидиялаудағы бірқатар өзгерістер туралы айтып өтіп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына ерекше тоқталды. Облыс әкімінің бастамасымен құрылған «Талас-Аса» механикаландырылған жасағының өткен жылы аудандағы арық-тоғандарды тазалауда көп жұмыс атқарғанын, ол жұмыстардың биыл да жалғасатынын атап көрсетті. Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Жансая Нысанбекова әлеуметтік көмектің жаңа форматы мен АӘК тағайындау тәртібі туралы түсініктеме берді.
***
Тасбастау бастауыш мектебінде Жетітөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов ауыл тұрғындарымен өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған жиын өткізді. Кездесуге аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев, округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Гүлнар Мұсаханова, округ әкімі аппаратының жауапты мамандары, жергілікті қоғамдастық мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Есептік баяндамадан кейін ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев сөз алып, ауылдық округ аумағында атқарылған істерге оң баға берді. «Округ орталығы Кәріқорған ауылындағы Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің жертөлесі судан тазартылды, демеушілер көмегімен артезиан құдығы қазылып, мектепке және балабақшаға ауыз су кіргізілген, спортзалдағы жуынатын бөлме жабдықталған. Іргелес жатқан Кәріқорған және Тасбастау ауылдарының арасын жалғайтын сайдағы көпір жөнделген. Үш ауылдағы Отан қорғаушылар монументі жаңартылған. Олар енді мемлекет күтіміне алынуы қажет» деді Рақымжан ақсақал. Сондай-ақ ол округ әкімінің назарына Кәріқорған және Қоңыртөбе ауылдарындағы мешіттің тіркелуі кешеуілдеп отырғанын, Кәріқорған ауылында ашылған медициналық пункттің жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын, көмір сапасының нашар екенін жеткізді.
Ауыл тұрғыны Есентай Ізбасаров «тұрғындардың әл-ауқатын көтеру және арада жүрген делдалдарды жою үшін жергілікті жерлерде өндірген өнімдерді қабылдау пункттері ашылса» деген ұсыныс-тілегін білдірсе, Ерғали Күнтубаев жер пайдалану саласындағы мәселелерді көтерді. Мұнда да ауыл тұрғындары байланыс сапасының нашар екенін, Интернет жылдамдығының мүлдем сын көтермейтінін айтып шағымданды.
Жиында көтерілген бірқатар мәселелерге аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев, округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Гүлнар Мұсаханова және ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов түсініктеме берді.
Жиынды ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов қорытты.
***
Жетітөбе ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатовтың округтің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған есептік жиыны Қоңыртөбе ауылында да болды. Д.Пахомов атындағы орта мектептің акт залында өткен жиынға аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев, округ әкімі аппаратының жауапты мамандары, жергілікті қоғамдастық мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов ашып, өңірде өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы ауқымды баяндама жасады.
Баяндамадан кейін жарыссөзге кезек беріліп, ауыл тұрғыны, жергілікті қоғамдастық мүшесі СабырТүймебаев ауыл ішіндегі арық-атыздарды тазалау және иесіз үйлер мен ғимараттарды ретке келтіру, сондай-ақ ауыл көшелеріне ағымды жөндеу жүргізу мәселелерін көтерсе, «Свамбай» ШҚ төрағасы Нияз Абаханов «округ әкімінің міндетін атқарушысының баяндамасын тыңдап, бір жыл бойына атқарылған жұмыстарға көз жеткіздік, оны қанағаттанарлық деп есептеймін, дегенмен алда әлі атқарылатын шаруа көп, мәселен, Ғани Досаев көшесіне құмшағал төсеу, ауылдағы трансформатордың қуаты төмен, ескірген бағаналарды ауыстыру керек» деді. Д.Пахомов атындағы орта мектептің мұғалімі Ақылбек Сағындықов «ауылда балабақша, монша соғуға жер берілсе» деген ұсыныс-тілегін жеткізді.
Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Батыржан Таңатов есептік кездесуде көтерілген барлық мәселелердің назарға алынатынын, олар бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылатынын айтып, жиынды қорытты.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»