Basty bet
Білім сапасы және адами капитал: жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтар
«Өнер, білім бар жұрттар…» деген ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өлеңінде айтылғандай, білім мен ғылымды игермей алға жылжу, заманның терең сырын меңгеру мүмкін емес нәрсе…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жаңа оқу жылының қарсаңында елордада өткен дәстүрлі Тамыз кеңесінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды. Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс.
Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады.
Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Бұл – өте маңызды мәселе, оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қажет. Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныстар беруге тиіс. Біліктілікті көтеру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, сондай-ақ, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» идеяларын енгізген жөн, бұл қызметтік міндет деп айтуға болады.
Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз» деген парасат-пайымды пікірлері арқылы білім саласын жаңа заманға сай дамытып, мұғалім беделін арттыру және бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлудің қажеттігін атап өткені белгілі.
Өткен аптада 2026-2027 жаңа оқу жылының қарсаңында «Білім берудің болашағы: құндылықтар, жасанды интеллект және адами капитал» тақырыбында дәстүрлі аудандық «Тамыз кеңесі – 2026» мерекелік салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен дәстүрлі Тамыз кеңесіне ауданда білім беру, ағарту саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, еңбек сіңірген ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен мұғалімдер, педагогтар, жас мамандар шықырылған. Жиынның жұмысына Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасары, аппарат басшысы, ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңестің төрағалары, Жуалы аудандық мәслихатының төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және ауылдық округтің әкімдері қатысты.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Тамыз кеңесіне қатысушыларды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бейнеқұттықтау арқылы құттықтап, жаңа оқу жылының жаңа мүмкіндіктер мен табысқа толы болуына тілектестік білдіріп, падагогтарға ізгі тілегін жеткізді.
Тамыз кеңесі – жай ғана жыл сайын атап өтілетін жиын емес. Бұл – өткенді саралап, бүгінді бағамдаумен бірге, болашаққа бағыт-бағдар түзейтін тағылымды кеңес екені белгілі. Биылғы кеңестің басты өзегі – құндылыққа негізделген тәрбие, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері және адами капиталды дамыту. Сондықтан, биылғы дәстүрлі Тамыз кеңесі «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтар» негізінде ұйымдастырылды. Жаңа оқу жылы – жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі екені даусыз. Жаңа оқу жылының басталуына орай аудандық Тамыз кеңесінің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті ұстаздар!
Қымбатты қонақтар!
Баршаңызды 1 қыркүйектегі Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Білім – тамыры терең, танымы мол ерекше ұғым екені белгілі. Биылғы Тамыз кеңесі «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы басымдықтар» тақырыбында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі құндылығы болып табылатын адами капиталды дамытуға баса назар аударып отыр.
Қазіргі қоғамның басты байлығы – табиғи ресурстар немесе экономикалық көрсеткіштер ғана емес, білімді, білікті, шығармашыл әрі жауапты адам капиталы. Мемлекеттің тұрақты дамуы, елдің бәсекеге қабілеттілігі мен болашаққа сенімді қадам басуы ең алдымен сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиесіне байланысты.
Биылғы оқу жылында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жаңартылып, білім мазмұнының жаңа бағытқа бет бұруы көңіл қуантарлық дүние. Білім саласында, оның ішінде, бала тәрбиесінде Президент ұсынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына, «Заң және тәртіп» қағидатына басымдық беруіміз қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы өткен республикалық тамыз конференциясында «Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды. Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс» деп, адами капиталды дамытуға баса назар аударып, білім саласындағы негізгі 5 өзекті мәселеге тоқталды.
Атап айтқанда, ұстаздардың біліктілігін көтеру, құндылыққа негізделген тәрбие, оқушылардың функционалдық сауаттылығы, балалардың қауіпсіздігі, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне батыл енгізу мәселелері маңызды.
Оның ішінде, «Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мәжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мәнін түсіне алмай дал болуда. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар мен дау-дамайларды өткір сынға алды.
Бүгінде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайып, аудан көлемінде жаңа инновациялық бағытта жұмыс жасайтын білім мекемелерінің желісі жыл санап артып келеді. Былтыр екі мектептің (Көлтоған ауылындағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің, Әбдіқадыр ауылындағы №36 Ш.Уәлиханов атындағы негізгі мектептің) шатырлары ауыстырылып, үш мектептің (Ақтөбе ауылындағы Ақтөбе тірек мектебі РО-ның, Бауыржан Момышұлы ауылындағы №15 Ә.Бөкейханов атындағы тірек мектеп-лицейінің, Қарабастау ауылындағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің) спорт залдарына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимараты қайта күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 4 мектепте (Жаңаталап ауылындағы №26 Жаңаталап орта мектебінің шатырына, Рысбек батыр ауылындағы №20 Жамбыл атындағы орта мектептің спорт залының еденіне, Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің оқу кабинеттеріне, Бәйтерек ауылындағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің жылу жүйесіне) ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әрине, мұның барлығы ауылдағы мектеп оқушыларының сапалы білім алуына жасалып жатқан мүмкіндік және қамқорлық.
Құрметті ұстаздар! Білім саласындағы қандай өзгеріс болсын, оның табысты жүзеге асуы ең алдымен мұғалімнің кәсібилігіне, шығармашылығына және балаға деген жауапкершілігіне байланысты. Келешек ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, елі мен жерін сүйетін, ұлтқа қызмет ететін адал азамат ретінде қалыптастыру – баршаға жүктелген ортақ міндет.
Мұғалім білімін көтермей, кәсіби шеберлігін шыңдамай, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берем деу қазіргі заманның талабына сай келмейді. Балаларды біліммен сусындатып, тәрбие беруде шығармашылықпен еңбек етіп, шәкірттері тиянақты білімдерін көрсетіп жүрген ұстаздарға алғысымды айтқым келеді.
Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игілікті істі атқаруда әрқашан асқақ абырой мен жоғары мәртебе тілеймін,- деді өз сөзінде, Жалғас Әлижанұлы.
Құттықтау сөзден кейін кезек марапаттауға берілді. Онда аудан әкімі бірқатар ардагер ұстаздарды, сонымен қатар, қасиетті өңірдің білім беру саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесінде жоғары жетістіктерге жеткен мұғалімдерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрілігінің салалық медаль, төсбелгілерін, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен, Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхатын табыстады. Атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен ардагер ұстаз Гүлсара Омарбекова, «Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медальдарымен №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры Азамат Абеев, №27 Диқан орта мектебінің директоры Майра Молдақұлова және Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің педагогы Қарлығаш Сапарбекова марапатталды. Сонымен бірге, бірқатар педагогқа салалық министрліктің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталды.
Дәстүрлі Тамыз кеңесіне орай аудан педагогтарын аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтап, білім саласының озық қызметкерлеріне Алғысхаттар табыстады. Сондай-ақ, мерекелік жиында құттықтау сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бас маманы Айна Мераимова ұстаздарды облыстық білім басқармасы басшысының Құрмет грамотасы және Алғысхаттарымен марапаттады. Одан бөлек, мерекелік жиында көпшіліктің назарына ауданның білім беру саласында қол жеткізген жарқын жетістіктері туралы арнайы түсірілген «Жетістікке жетелеген жол» атты бейнеролик ұсынылды. Тамыз кеңесінде Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева да ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бірқатар үздік мұғалімге бөлімнің Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарын салтанатты жағдайда табыстады. Онда «Үздік шағын жинақталған мектеп», «Үздік инновация режиміндегі мектеп-гимназия», «Үздік өзін өзі дамыту режиміндегі мектеп-гимназия», «Үздік өзін өзі дамыту режиміндегі тірек мектеп-лицей» номинациясының иегерлеріне қаржылай сыйлықтың Сертификаты берілді.
Мерекелік жиында жаңа оқу жылында жұмысқа қабылданған жас мамандар және ардагер ұстаздар да сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін білдіріп, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Дәстүрлі Тамыз кеңесінде мектеп оқушылары би билеп, ән айтумен бірге, қара домбыраның шанағынан күй төкті.
Айта кету керек, Тамыз кеңесі басталмас бұрын мәдениет үйінің ауласында аудан мектептерінде құрылған «Жас сарбаз» және «Жас сақшы» клубтарының жұмысы, сонымен қатар, мәдениет үйінің кіші залында оқушылардың тың ізденісінен туған инновациялық жобалар көпшіліктің назарына ұсынылды.