Basty bet

Жамбыл облысында 6,5 мыңнан астам азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді

Жамбыл облысында 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында заң көмегін көрсету, адвокаттық және нотариаттық қызметтердің сапасын бақылау бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде заңда көзделген жағдайларда 6 563 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілді.

Бұл туралы Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Мейіржан Исабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Адвокаттық қызмет: заң көмегінің қолжетімділігі

Қазіргі таңда облыста 259 адвокат жұмыс істейді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде олардың саны 261 болған. Өңірде бір аумақтық адвокаттар алқасы, 10 заң консультациясы және 6 адвокаттық кеңсе қызмет көрсетеді.

Есепті кезеңде екі адвокаттың лицензиясы тоқтатылған. Сонымен қатар 10 адвокаттың лицензиясының қолданысы уақытша тоқтатыла тұрған. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіштер тиісінше бір және үш жағдайды құраған.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін ұйымдастыру бағытында департамент 100 адвокатпен және 31 заң консультантымен келісім жасасқан. Аталған қызметтерді қаржыландыруға арналған 005 бюджеттік бағдарламасы бойынша 150 миллион теңге бөлініп, есепті кезеңде оның 114,1 миллион теңгесі игерілген.

Бұл қаражат азаматтарға заңда белгіленген тәртіппен құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Есепті кезеңде соттар, тергеу және анықтау органдары мемлекет кепілдік берген заң көмегіне қатысты 5 756 қаулы шығарған. Оның 5 622-сі қылмыстық істерге, 75-і азаматтық істерге, 59-ы әкімшілік істерге қатысты.

Заң көмегін ұйымдастыруда цифрлық жүйелердің де маңызы артып келеді. 2026 жылдың тоғыз айында «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы құқық қорғау органдарынан адвокатты қорғаушы ретінде тағайындауға қатысты 898 сұраныс түскен. Оның 672-сі бойынша адвокат тағайындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 813 сұраныс түсіп, 579 жағдайда адвокаттың көмегіне жүгіну қамтамасыз етілген.

Нотариаттық қызмет: шағымдар саны артқан

Облыста 214 нотариус қызмет атқарады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгермеген.

Жыл басынан бері нотариустар 406 173 нотариаттық іс-әрекет жасаған. Нәтижесінде бюджетке 273,5 миллион теңге аударылған. Бір нотариустың орташа айлық жүктемесі 212,4 нотариаттық іс-әрекетті құрайды.

Сонымен бірге есепті кезеңде нотариустардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты 402 шағым түскен. Өткен жылдың осы мерзімінде олардың саны 182 болған. Түскен өтініштердің бесеуі негізді деп танылған.

Аталған арыздар бойынша тексерулер тағайындалып, нотариаттық палатаға тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар жолданған. Тәртіптік комиссияның шешімімен тиісті нотариустарға сөгіс және ескерту түріндегі тәртіптік шаралар қолданылған. Тағы екі өтінішті қарау жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың тоғыз айында облыс нотариустарына қатысты бір жеке ұйғарым шығарылған. Ол 22 қаңтарда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы тарапынан қабылданған.

Есепті кезеңде нотариустардың лицензиясын уақытша тоқтата тұру жағдайлары тіркелмеген. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде осындай бір жағдай болған.

Заң талаптарының сақталуы бақылауда

Әділет департаменті нотариаттық қызметтің заңнама талаптарына сай жүзеге асырылуын бақылау жұмыстарын да жүргізеді. Атап айтқанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі талаптардың сақталуына назар аударылады.

Департаменттің мәліметінше, 2026 жылдың есепті кезеңінде қаржы мониторингіне қатысты хабарламаларды уақтылы ұсынбау дерегі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 214-бабының 8-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтыру жағдайы тіркелмеген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде осы негіз бойынша төрт хаттама жасалып, жалпы сомасы 629 120 теңге айыппұл қысқартылған тәртіппен төленген.

Жалпы, Жамбыл облысында заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, адвокаттық және нотариаттық қызметтердің заңдылығын бақылау бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және кәсіби жауапкершілікті сақтау маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Таңдаулы материалдар

Close