Basty bet

Ел бірлігі мен татулық дәріптелді

Қайрат ауылдық мәдениет үйінде «Халық бірлігі – қоғам тұрақтылығының негізі» тақырыбында ауыл тұрғындарымен тағылымды кездесу өтті. Басқосуға Жамбыл облысының бас имамы Асқар Сатылғанов және ауданның бас имамы Есет Таласбаев арнайы қатысып, ел ішіндегі татулық пен ынтымақтың маңызы, діни құндылықтар мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығы жөнінде кеңінен ой бөлісті.
Кездесуді ауданның бас имамы Есет Тұрдыбайұлы ашып, басқосудың негізгі мақсатына тоқталды. Ол қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықтың берік болуы әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтіп, ауыл тұрғындарын береке-бірлікті бағалауға шақырды.
Жиында сөз алған Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы ел арасындағы ынтымақтың қадірін сөз етіп, діни ұстанымдар мен ата дәстүрдің түпкі мәні бір арнада тоғысатынын жеткізді.
– Дін мен дәстүр бізді әрдайым бірлікке, татулыққа шақырады. Береке мен тыныштық бар жерде ғана жақсылық пен өсіп-өркендеу болады. Әсіресе ауылдағы ағайынның бір-біріне деген сыйластығы, үлкендердің тәрбиесі мен ақсақалдардың ақылы – елдің берік діңгегі. Ауылдағы татулық пен бірлік те осындай қарапайым қарым-қатынастан басталады. Алыстағы ағайынмен де, жақындағы көршіңмен де тату болу керек. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қуанышымызды бірге бөлісіп, қиындықта жанынан табыла білсек, елдің де берекесі артады.
Адамдардың арасындағы қарым-қатынаста сөздің орны ерекше. Өсек, өтірік, ғайбат айту – шариғатта тыйым салынған іс. Біреудің сыртынан сөз қылып, орынсыз әңгіме тарату ағайынның арасына іріткі салу, адамдардың бір-біріне деген сеніміне сызат түсіреді. Сондықтан әр адам өз сөзіне жауапкершілікпен қарауы керек. Біреудің көңіліне тиетін, орынсыз айтылған сөзден сақ болған жөн. Керісінше, жақсы сөз айтып, бір-бірімізге жылы қарым-қатынас жасауға ұмтылуымыз қажет. Қазақта “Сәлеміміз түзу болсын!” деген сөз бар. Бұл – бір-бірімізге деген ниетіміздің де, сөзіміздің де дұрыс болуын білдіреді. Адамның адамға айтатын сөзі дұрыс болса, қарым-қатынасы да дұрыс болады.
Қазақ халқы ежелден амандасуды үлкен мәнге балаған. “Ассалаумағалейкум” деп сәлемдесудің өзі – адамға деген құрметтің, жақсы ниеттің белгісі. Сондықтан күнделікті өмірде бір-бірімізге жылы сөз айтып, жақсы тілегімізді білдіріп жүргеніміз дұрыс. Береке мен тыныштық – біздің ең асыл қазынамыз. Сол себепті жақын-жуықпен де, көршімен де, ауылдағы ағайынмен де тату болғанымыз абзал. Бірлікті үлкен нәрседен іздеудің қажеті жоқ, ол әр адамның күнделікті ісінен, бір-біріне деген құрметінен, сабырынан және жақсы сөзінен басталады.
Қоғамдағы татулық та әр адамның өзінен басталады. Әрқайсымыз өз ісімізге, сөзімізге жауапкершілікпен қарап, өзгені құрметтеп, біреуге жамандық тілемей, керісінше, жақсылық жасауға ұмтылсақ, ел ішіндегі ынтымақ та нығая түседі. Сондықтан баршамыз бірлікті бағалап, татулықты ту етіп, елдің тыныштығын сақтауға үлес қосуымыз керек,- деді Асқар Зәкіржанұлы.
Бас имам өз сөзінде, әділдік пен туралықтың да адам өміріндегі орнын атап өтті. Қандай жағдайда болсын, ақиқатты бұрмаламай, әділетті ұстану – мұсылмандықтың маңызды белгілерінің бірі екені айтылды. Әділдік бар жерде өзара сенім қалыптасады. Ал сенім орныққан қоғамда алауыздыққа орын болмайды.
Ел арасында татулықты сақтау үшін әр азамат өз ісіне, сөзіне және айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасына жауапкершілікпен қарауы қажет. Біреудің қателігін асыра айтып, араздықты күшейткеннен гөрі, мәселені сабырмен шешіп, ортақ келісімге келуге ұмтылу әлдеқайда маңызды. Себебі, үлкен даулардың өзі кейде болмашы түсініспеушіліктен басталуы мүмкін.
«Ынтымақ бар жерде – береке бар» деген халық даналығының мәні де осында. Бірлігі жарасқан ел ғана өзінің болашағын баянды ете алады. Ауылдағы ағайынның бір-біріне қолдау көрсетуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытуы, көршілік қарым-қатынасты сақтау – жалпы қоғамдағы тұрақтылықтың негізін қалыптастырады.
Кездесуде ел тыныштығы мен бейбіт өмірдің қадірі де кеңінен сөз болды. Бүгінгі бейбіт күннің артында халқымыздың талай тарихи кезеңді бастан өткергені, түрлі қиындықтарға қарамастан ел бірлігін сақтап қалғанын атап өткен облыстың бас имамы қазіргі ұрпақтың міндеті – осынау құндылықтарды бағалап, кейінгі буынға аман жеткізу екенін айтты.
Туған жеріне оралған әр азамат ең алдымен елінің тыныштығын, ағайынның амандығын көргісі келеді. Бұл – адам бойындағы туған жерге деген сағынышпен қатар, бейбіт өмірге деген табиғи ұмтылыстың көрінісі. Сондықтан тыныштықтың қадірін білу, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау – баршаға ортақ міндет.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген халық нақылын мысалға ала отырып, елдің басына түскен қандай қиын кезеңде де сабыр мен бірліктің адамды алға жетелейтінін ұғындыруға бағытталған ойлар айтылды. Бас имам ел ішінде алауыздық пен бөлінушілікке жол бермеу керектігін айтып, кез келген жағдайда адамдарды ортақ мүдде төңірегіне топтасуға шақырды. Адамдарды ұлтына, әлеуметтік жағдайына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарай бөліп-жармай, бір елдің азаматы ретінде құрметтеу – қоғамдық келісімнің маңызды шарты.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандармен пікір алмасты. Басқосуда айтылған ойлар қатысушыларға ел бірлігінің, ағайын татулығының және бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте сезінуге мүмкіндік бергендей…

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close