Basty bet

Жастармен ашық кездесу өтті

Жақында Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға бағытталған «Өзгеріс нүктесі» тақырыбында ашық кездесу өтті.
Іс-шара аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының аясында «JASTAR» дамыту орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Кездесудің басты мақсаты – жастарды адалдыққа, жауапкершілікке, қоғамдық белсенділікке және болашағына саналы түрде қадам жасауға ынталандыру. Сонымен қатар, түрлі салада тәжірибе жинақтаған азаматтардың өмірлік жолы мен кәсіби тәжірибесі арқылы жас буынға бағыт-бағдар беру көзделді.
Кездесуге арнайы шақырылған спикерлер қатарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Ернар Жылысбаев, «Серт Информ» ақпараттық агенттігінің директоры Әсел Жапарова және «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев болды.
Спикерлер жастармен адалдық, азаматтық жауапкершілік, көшбасшылық, өмірлік таңдау, сыбайлас жемқорлық және қоғамдық белсенділік тақырыптарында ой бөлісіп, өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, жастардың мүмкіндікті тиімді пайдаланып, алдына нақты мақсат қоя білуінің маңыздылығына тоқталды.
TED-style форматында ұйымдастырылған кездесу еркін пікір алмасуға ұласып, қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, спикерлерден тұшымды жауап алды. Ашық диалог жастардың өз көзқарасын білдіруіне, маңызды мәселелер жөнінде ой түюіне және болашаққа деген сенімін нығайтуына мүмкіндік берді.
«Өзгеріс нүктесі» кездесуі жастардың азаматтық ұстанымын нығайтып, жеке дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналды.

Ақнұр Суфан,
аудандық Жастар ресурстық орталығы
директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close