Basty bet

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәмелет жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев, аудан прокурорының орынбасары Болатхан Қалыбаев, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов және мектеп директорлары мен психологтары қатысты.
Жиналысты комиссия төрағасы Ербол Жаңабаев ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе аудан аумағында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында атқарылған және атқарылатын іс-шаралар туралы жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Кайпов баяндама жасады. Оның айтуы бойынша, биылғы жылы аудан көлемінде түнгі уақытта жалғыз жүрген оқушыларға 84 әкімшілік хаттама толтырылып, ата-аналарына ескертулер берілген. 2019 жылдың бірінші жартысында қылмыс жасалмаған, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш төмен деңгейде. Сондай-ақ, Ерлан Айтасұлы аудандық полиция бөлімі бастығының нұсқауымен аудан аумағын Б.Момышұлы, Теріс және таулы аймақтар деп үшке бөліп, кәмелет жасқа толмағандармен кездесіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқандығын да айтты.
Аудан прокурорының орынбасары Болатхан Қалыбаев баяндамашыға сұрақтар қоя отырып, нақты тапсырмалар берді. Болатхан Тоғайбайұлы түнгі уақытта кәмелет жасқа толмаған балалардың жалғыз жүргеніне мұғалімдерді кінәлай бермей, ата-аналармен тығыз жұмыс істеу керектігін, жиналыстарға тек мұғалімдерді ғана емес, ата-аналарды да шақыру қажеттігін баса айтты. Ал, комиссия төрағасы Ербол Жаңабаев отырысты алда жаңа нұсқада өткізетінін айта келіп, аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Кайповтың баяндамасына көңілі толмайтынын жеткізді. Баяндамада нақты фактілер мен саралау, салыстырулар жоқтығын тілге тиек етті.
Комиссия отырысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен өз-өзіне қол жұмсау іс-әрекеттерінің алдын алу бағыты бойынша зерделеу жұмыстарының қорытындысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов баяндама жасады.
– Аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерде кәмелет жасқа толмағандар арасында 2018-2019 оқу жылында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зорлық-зомбылықтың, ерте жүктіліктің, құқық бұзушылықтың, суицидтің алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, жоспарға сәйкес профилактикалық шаралар өткізілуде.
Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша аудандық полиция бөлімімен бірлескен іс-шара жоспары құрылып, бекітілген. Жоспарға сәйкес білім бөліміне қарасты білім мекемелеріне жеті жергілікті полиция инспекторы тағайындалған. Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған іс-шаралар Жамбыл облысы әкімдігінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №282 қаулысының негізінде ауданда бес мобильді топ құрылды.
Білім беру мекемелерінде құқықтық кеңестің алдын алу іс-шаралары бойынша наурыз айына дейін 231 мектепішілік кеңестер өткізіліп, онда 1873 рейд жұмыстары жүргізілді,- дей келе, профилактикалық, психологиялық іс-шаралар өткізілгеніне тоқталды.
Сондай-ақ, Мәжит Мамытұлы тәуекел топтағы, қорғаншылықтағы балалармен мектеп психологтары, әлеуметтік-педагогтар үнемі жұмыс істейтінін жеткізді. Мектеп психологтарында арнайы жеке кабинет болуы керектігін, ауданның кейбір мектептерінде ондай жағдай жасалмағанын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Д.Пахомов, С.Бәйтіков, М.Ломоносов атындағы орта мектептердің директорлары Нұржан Құрмашев, Роза Ертаева, Гүлсара Омарбекова қосымша баяндама жасады.
Жиналыста аудан прокурорының орынбасары Болатхан Тоғайбайұлы сөз алып, ұстаздар қауымына балалармен тығыз жұмыс істеу керектігін айтып, тәртіпке, барлық іске жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Аудан прокуратурасының прокуроры Бексұлтан Бейсенбаев орын алған қылмыстар бойынша талдаулар жасады.
Комиссия отырысын Ербол Жаңабаев қорытындылап, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close