Basty bet
Қазақстан чемпионатына жолдама алды
Ауданның жасөспірім спортшылары Сиыр жылына жеңіспен аяқ басып отыр. Жас спортшылар үстіміздегі жылдың қаңтар айының 11-13 жұлдызы аралығында Тараз қаласында таэквондодан өткен 2004-2006 жылы туған ұлдар мен қыздар арасындағы облыстық чемпионатта жүлделі орындардан көрінді.
Чемпионатқа аудандағы №14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасынан бес спортшы қатысты. Оның ішінде бір спортшы алтын жүлденің иегері атанса, біреуі чемпионаттың күміс жүлдесіне қол жеткізді.
Жарыста мектеп жаттықтырушылары Имантай Әбеев пен Алмас Маделимнің шәкірттері 51 келі салмақтағы Дінмұхамед Нұрқожаұлы І орын алса, 63 келі салмақтағы Жұлдыз Тілеубаева ІІ орынды қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген күндер аралығында 2004-2005 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында дзюдодан өткен чемпионатта Тайжан Қозыбеков пен Руслан Тоқбаевтың жаттығушылары да жеңіс тұғырынан көрінді. Чемпионатта 52 келі салмақтағы Аида Айтбай ІІ орынды иеленсе, 44 келі салмақтағы Аружан Данайбек және 63 келі салмақтағы Лаура Сұлтанәлі ІІІ орынды місе тұтты.
Чемпионатта жүлделі орындардан көрінген аудан спортшылары Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Алдағы уақытта спортшылар чемпионатта өңірдің намысын қорғап, аудан қоржынын алтынға толтырады деп сенеміз.
Бердіқұл Айтпеков,
№14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері