Basty bet

Қазақстанда соңғы бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол салынып, жаңғыртылды

Қазақстанда соңғы бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол салынып, жаңғыртылды. Бұл жұмыстар елдің транзиттік әлеуетін арттыруға, халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін кеңейтуге және жүк тасымалының тиімділігін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар елімізде 124 теміржол вокзалы реконструкциядан өтіп жатыр. Бұл туралы Көлік министрлігі Темір жол инфрақұрылымы басқармасының басшысы Ерсұлтан Әбдірахманов «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.  Оның пікірінше, Қазақстанның Ресей мен Қытай сияқты ірі экономикалық мемлекеттердің арасында орналасуы ел үшін маңызды транзиттік мүмкіндік қалыптастырады. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында тәуелсіздік жылдарынан бері теміржол инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп келеді. Қазақстан географиялық тұрғыдан Ресей мен Қытай – ірі экономикалық державалардың ортасында орналасқан. Бұл бізге үлкен мүмкіндік және үлкен жауапкершілік жүктейді. 1991 жылдан 2020 жылға дейін елімізде 2 500 шақырым теміржол салынды. Ал соңғы бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол салынып, жаңғыртылуда, – деді Ерсұлтан Әбдірахманов. Жаңа теміржол желілері транзиттік мүмкіндікті кеңейтеді Қазіргі уақытта елімізде бірнеше ірі теміржол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз және Қызылжар – Мойынты бағыттары бар. Спикердің айтуынша, бұл жобалар Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, жүк тасымалының көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі Орталық Азия бағытындағы жүк тасымалының көлемін 20 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашады. Ал Бақты – Аягөз желісі Қытаймен шекарадағы өткізу мүмкіндігін 25 миллион тоннаға дейін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Қызылжар – Мойынты теміржол желісі Транскаспий халықаралық көлік бағытының қашықтығын 149 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Жаңа теміржол желілерінің салынуы транзиттік әлеуетті арттыруға үлкен мүмкіндік ашады. Әсіресе Қытай және Орталық Азия бағыттарындағы жүк ағынын ұлғайту, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру тұрғысынан бұл жобалардың маңызы зор, – деп атап өтті ол. Достық – Мойынты учаскесінің өткізу қабілеті бес есе артты Қазақстан арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытуда қолданыстағы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту да маңызды орын алады. Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік бағытының құрамындағы Достық – Мойынты учаскесінде екінші теміржол желісі салынды. Нәтижесінде оның өткізу қабілеті бес есеге артқан. Бұрын бұл учаске арқылы тәулігіне 12 жүк пойызы өтсе, екінші теміржол желісі салынғаннан кейін бұл көрсеткіш 60 жүк пойызына дейін жетті, – деді басқарма басшысы. Бұл өз кезегінде Қазақстан арқылы өтетін жүк ағынын ұлғайтып, Қытайдан Еуропаға Каспий теңізі арқылы тасымалданатын жүктердің қозғалысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта халықаралық көлік дәліздерінің инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қолданыстағы теміржол учаскелерін жаңғырту және жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. 124 вокзал жаңғыртылып жатыр Теміржол инфрақұрылымын дамыту тек жүк тасымалымен шектелмейді. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және вокзалдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету де негізгі бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 124 теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғырту барысында жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға, перрондарды ретке келтіруге және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына басымдық берілген. Теміржол инфрақұрылымын жаңғыртудың басты нәтижесі – халық үшін қолжетімділік, сапалы қызмет және діттеген жеріне қауіпсіз жету мүмкіндігі. Вокзалдарды реконструкциялау кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифтілер мен арнайы өткізу жолақтары да қарастырылған, – деді Ерсұлтан Әбдірахманов. Жалпы, Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын дамыту бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Жаңа желілердің салынуы, қолданыстағы учаскелердің өткізу қабілетін арттыру және вокзалдарды жаңғырту елдің көлік-логистикалық жүйесін жетілдіруге бағытталған. Тегтер: #экономика #теміржол #24жаңалықтар #24KZ Сондай-ақ оқыңыз: Қазақстанда биыл 4,5 мың шақырым республикалық жол жөнделді Елде бес жылда 5 мың шақырым теміржол салынып, жаңғыртылды Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі 58,5 трлн теңгеге жетті Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі 58,5 трлн теңгеге жетті 27.11.2026, 14:37 159 Маханбет Алуа Фото: depositphotos.com 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс индексі 3,5%-ға өсті, деп хабарлайды «24KZ». Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары көлемі Атырау облысында тіркелді. Өңірде 14,3 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 4,7 трлн теңге, Павлодар облысында 3,7 трлн теңге болды. Сондай-ақ Астана қаласында 3,4 трлн, Маңғыстау облысында 3,3 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Ал өндіріс өсімінің ең жоғары қарқыны Жетісу облысында байқалды. Мұнда көрсеткіш 29,9%-ға артқан. Түркістан облысында өсім 23,8%, Алматы қаласында 21,5%, Алматы облысында 19,4%, Жамбыл облысында 17,8% болды. Жалпы, өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасы 20 өңірдің 16-сында тіркелді. Саладағы негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті кезеңде бұл бағыттағы өндіріс индексі 109,3%-ды құрады. Әсіресе жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 59,5%-ға, фармацевтика саласында 50,9%-ға өсті. Машина жасау саласындағы өсім 22,2%, химия өнеркәсібінде 21,9%, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 18,1% болды. Сонымен қатар автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің индексі 130,5%-ды құрады. Компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі де 83,6%-ға артты. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс индексі 96,6% болды. Электрмен жабдықтау, газ және бу беру саласында 111,3%, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару бағытында 108,9% деңгейінде қалыптасты. Тегтер: #24KZ #24жаңалықтар #Qazstat #өнеркәсіп өндірісі Сондай-ақ оқыңыз: Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі 58,5 трлн теңгеге жетті Қазақстанда бір айда 172 мыңнан астам көлік тіркеуге қойылды Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция 18,3 трлн теңгеге жетті © 2026 «24KZ» телеарнасы | Барлық құқығы қорғалған. Қолданылған материалдарға міндетті түрде 24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс. Қоғам Саясат Экономика Әлемде Спорт Мәдениет Тележобалар ТВ-бағдарлама Live Мұрағат Youtube

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/ekonomika/808653-kazakstanda-songy-bes-zylda-5-myn-sakyrymga-zuyk-temirzol-salynyp-zangyrtyldy
Қолданылған материалдарға міндетті түрде 24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс

Таңдаулы материалдар

Close