Basty bet
Бірлесіп атқарған тірлікте ғана береке болады
«Жетітөбе-2022» АШӨК-інде шөп ору науқаны жүйелі жүргізіліп келеді
Жуалы ауданы – аграрлы өңір болғандықтан, мұндағы тау жайлаған тұрғындардың ең негізгі күнкөрісі мен табыс көзі де ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен тығыз байланысты екені белгілі. Өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа заманға сай дамыту бағытында аталған саланың жай-күйін бес саусағындай жетік білетін жергілікті диқандар мен шаруалар жыл санап төрт түліктің басын көбейтіп, мал және егін шаруашылығы ісіне жаңа технологияларды батыл енгізу үстінде. Бұл – жаңа заманның талабы. Осыған сәйкес, өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде алға ілгерілеу байқалады. Қай саланың жұмысында болсын, жұмысқа жаңашылдықты енгізбей алға басу мүмкін емес. Шаруа жағдайының көтерілуіне де мұның тигізер әсері мол. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының дамуына жасап отырған мемлекеттің де көмек-қолдауларының маңызы зор екенін айтуға тиіспіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіпті жан-жақты дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта ел өңірлерінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі, Жамбыл облысында сәтті жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты жобасы (алғашқыда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы болып жұмысын бастаған) өзінің тиімділігін дәлелдеу үстінде.
Аталған жоба өңір халқын жұмыспен қамту және табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар, өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешуге оң ықпалын тигізіп отырғанын жақсы білеміз. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында өңір тұрғындарының табысы едәуір артып, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының өсіп отырғанын ерекше атап өткен болатын.
Ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына да үш-төрт жылдан асып барады. Пилоттық жобаның аясында атқарылған қыруар жұмыстар «Біріккен істе береке бар» дегенді сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеп отыр деп айтуға толық негіз бар. Пилоттық жобаның ІV бағыты – «Кооперативтерді жабдықтау немесе құру» бағытында құрылған «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бағдарлама арқылы бөлінген қомақты қаражатқа төрт бірлік «ЛОВОЛ» маркалы төрт доңғалақты трактор, екі бірлік көпфункциялы дәнсепкіш тіркемесі, «КУН» маркалы көпфункциялы жүктиегіш, одан бөлек, үш соқа, егістік алқапқа табиғи тыңайтқыш шашатын және егістікке дәрібүріккіш, онымен қоса шөптайлағыш тіркемелері, картоп қазуға арналған агрегат жеңілдікпен сатып алынған.
2023 жылдың басында пилоттық жобаға енгізілген Жетітөбе ауылдық округінде құрылған «Жетітөбе-2022» өндірістік кооперативінің жұмысы туралы газеттің алдыңғы жылдардағы нөмірлерінде мақалалар топтамасы жарияланғандықтан, оған қайтадан тоқталмаймыз.
Кооперативтегі атқарылып жатқан жұмыстарды «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне құрылған күннен жүйелі басшылық жасап келе жатқан іскер азамат Александр Уразовский айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда кооперативке қарасты егістік жерлердің көлемі – 1 000 (бір мың) гектардан асып жығылады. Биыл оның 500 гектарына жаздық арпа дақылы егілсе, 600-іне мақсары, ал егістіктің қалған бөлігіне күздік бидай және көпжылдық шөп егілген. Онымен қоса, егістік жерлерді сүрге және парға айдау жұмыстары да бірнеше жылдан бері тұрақты атқарылып келеді.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген қағидалы сөзді өмірлік қағидаға айналдырған өндірістік кооперативтің мүшелері биыл маусым айының басында шөп ору науқанынан қызу кірісіп, қазір малдың қыстық азығын дайындау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Алдыңғы аптада өңірге қарасты Жетітөбе ауылдық округіне жасаған іссапар барысында осындағы алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтармен қатар, «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде мал азығын дайындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен де танысудың сәті түскен еді. Өндірістік кооперативте 300 гектарға жуық алқапта көпжылдық шөп орналастырылған. Оның 200 гектары жоңышқа болса, 100 гектары эспарцет.
Аталған агроқұрылымның басшылары шөп ору науқанын шамамен маусымның 10-дарында бастап, жауапты науқанды шілде айының орта тұсында толығымен аяқтауды жоспарлап отырғанан айтады. Өндірістік кооперативте 250-ге жуық мүшенің бар екенін ескерсек, мал азығын дайындау маңызды науқанында атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең екенін аңғару да қиын емес. Кооперативте малдың қыстық азығына орта есеппен – 15-20 мың дана тайланған шөп дайындалады.
Мал азығын дайындау – маңызды науқан. Өндірістік кооперативте атқарылып жатқан жұмыстардың дені төрт түліктің қыстық азығының қорын дайындаумен тікелей байланысты болып отырғанын баса айтуға тиіспіз. Олай болатыны, алқап басында жұмыс қызу. Шөп ору жұмыстарымен қатар, шөп тайлау, оны өндірістік базаға тасымалдап жинау жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Жұмысты ұйымдастыруды кооператив басшысы, іскер азамат Александр Уразовский өз міндетіне алса, оның көмекшісі Ерлан Сапаев та агроқұрылымның сан-салалы жұмысын ілгерілетуде ұзақ жылдан бері тыңғылықты жұмыс атқарып келеді.
Жалпы бұл агроқұрылымда 12 жұмысшы тұрақты еңбек ету үстінде. Механизаторлардан – Василий Часнов, Максим, Анатолий Уразовский, Игорь Похов, ағайынды азаматтар Ерлан және Сейітқасым Сапаев, Талғат Мырзалиев, Нұрәділ Нұрқасым, тәжірибелі мамандардан Бақберген есімді механизатор өндірістік кооперативтің науқандық жұмыстарының басы-қасынан табылып, уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Бірі трактор тізгіндесе, енді бірі басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізеді. Ал тәжірибелі механик-маман Сейітқасым Сапаев ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеумен айналысады. Жұмысшыларға еңбегіне қарай лайықты еңбекақы төленіп отыр.
– Кооперативтің жұмысы сан-салалы. Негізінен жер өңдеу жұмыстарымен айналысамыз. Бірлестік мүшелерінің бірлескен келісім-шартына сәйкес, онымен қоса өтініш білдірген басқа да шаруалардың егістік жерлерін қолжетімді бағада аударып, егу және жинау жұмыстарын атқарып, ауылдастардың алғысын алудамыз. Алдағы бағытымыз – белгілі. Кооперативтің жұмысын жүйелеп, жұмыс қарқынын арттыру – басты мақсат,- дейді кооператив төрағасы Александр Уразовский.
Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының жұмысын қаржылай қолдау ісін мемлекет те барынша қолдауға дайын екені белгілі. АШӨК-ның техникалары ауыл тұрғындарына қолжетімді қызмет түрін көрсетіп жатса, бұл тұрғыда оған Үкімет тарапынан қажетті жанар-жағармай қоры да шаруаларға қолжетімді бағада босатылуда. Осы ретте аталған кооператив биыл көктемгі және жұмыстарын атқару ісіне жеткілікті мөлшерде кепілдендірілген дизель отынын алғандарын айтады.
Пилоттық жобаның аясында тұрғындар малдың басын асылдандыру және тұқымдық материалдардың сапасын арттыру ісіне де көңіл бөлуде. Бұл – жобаның негізгі талабы. Сонымен қоса ауыл шаруашылығын дамыту ісінде де бұл үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыдан сапаны арттырмай, сала жұмысын ілгерілету, өнімділікті молайту да оңайға түспейтінін аталған жобаға қатысушы ауыл тұрғындары да жақсы біледі.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»