Basty bet
Байланыс саласының білгірі
Біз Жуалы ауданының тумасы, еліміздің байланыс саласының шебер ұйымдастырушысы, білікті басшы Шерхан Раздықовпен бір ауылда туып-өстік, мектеп табалдырығын аттағаннан бері жұбымыз жазылмай, тай-құлындай тебісіп, бірге өстік. Қазір де арамыз алшақтамай, отбасымызбен араласып, жиын-тойларда жүздесіп, ұл-қыздарымыздың жеткен жетістіктеріне бірге қуанып жүреміз.
Шерхан Пертайұлы 1957 жылы Жуалы ауданының Бурнооктябрь ауылында дүниеге келді. Әке-шешесі колхозда қызмет етіп, егіншілікпен айналысқан. Отбасында жеті бала өсті, барлығы білім алды. Әкесі ұл-қыздарын ең алдымен еңбекке баулыды. Ата-ана тәрбиесі мен қамқорлығының арқасында олардың әрқайсысысы жеке тұлға болып қалыптасып, жетілді, отбасын құрды.
Әкесі әрқашан «Адамды – адам етер тек оның еңбегі мен жақсы іс-әрекеттері» деп үйрететін және жоғары оқу орнында білім алуын талап ететін. Содан болар, Шерхан бірінші Алматы байланыс электр техникумын тамамдап, әскерден келгеннен кейін оқуын Алматы энергетикалық институтында жалғастырды.
Биыл оның байланыс саласында еңбек етіп жүргеніне 41 жыл толады. Байланыс саласына деген қызығушылық оның бойында мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ басталды. Оқушы кезінен бастап теледидар, радиоларды жөндеп, физика сабағында алған білімін қолданып, бұзылған заттарды жөндегенді жақсы көретін. Осының бәрі – оның қиын да қызықты байланысшы мамандығын таңдауына әкелді.
Шерханның еңбек жолы 1977 жылдан басталды. Әуелінде Жуалы аудандық байланыс торабында электр-механик болып қызмет атқарды. Бертін келе Жуалы аудандық байланыс торабының бастығы, Жамбыл ОТД аудандық телекоммуникация торабының директоры, Жамбыл ОТД бас директорының орынбасары-техникалық директоры, Жамбыл ОТД бас директоры, сонан соң құрамына үш ОТД (Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан) кіретін Оңтүстік Қазақстан ОТД бас директоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры қызметтерін атқарды.
2006 жылы «Алматытелеком» қалалық телекоммуникация орталығының бас директоры қызметіне ауысты. Ал, 2015 жылдың қазан айынан бастап басқару жүйесін өзгерту жөніндегі сынақ жобасы негізінде «Алматытелеком» ҚТО (қалалық телекоммуникация орталығы) мен Алматы ОТД (орталық телекоммуникация дирекциясы) екі филиалының біріктірілуі негізінде қайта құрылған ірі бөлімше – «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры лауазымына тағайындалды.
Жоғарыда айтып өткендей, 2015 жылдың қазан айынан бастап сынақ жобасы аясында ол басқарған филиал «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясы болып қайта құрылды. «Қазақтелеком» АҚ үшін екі филиалды біріктіру оңтайлы шешім болатынына күмән туындаған, алайда, басшының бойындағы кәсіби шеберліктің аса жоғары деңгейі, үдеріс барысын нақты түсіну мен үлкен кәсіпқой команданың сенімділігі арқасында, компания бағдарламаны ойдағыдай іске асырды. Бұл шешім «Қазақтелеком» АҚ бизнесін өзгерту бағдарламасының ауқымды бөлігі болды. Осы ауқымды жұмыстың нәтижесінде «Қазақтелеком» АҚ компания басшылығы аталған жоба аясында бүкіл Қазақстандағы облыстық телекоммуникация дирекцияларын қайта жаңғыртып, өңірлік телекоммуникация дирекцияларын құру туралы шешім қабылдады.
Бүгінде республикада 15 дирекциядан алты: Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік, Орталық және «Алматытелеком» телекоммуникация дирекциялары құрылды. Соның ішінде Шерхан Пертайұлы басқаратын филиал «Алматытелеком» «Қазақтелеком» АҚ компаниясының ең ірі филиалы болып табылады.
Филиал Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарына телекоммуникация қызметтерін ұсынады. Байланыс саласы жыл сайын қарқынды дамып келеді, бұл әрине, салаға жүктелген жауапкершіліктің артқанын көрсетеді. Бұл филиал үшін басты жетістік, ол жаһандық дағдарысқа қарамастан, жаңа қызмет түрлерін енгізіп, тұтынушыларға заманауи қызмет түрлерін ұсынып келеді. Сонымен қатар, қарқынды дамып, қойылған міндеттерге қол жеткізуде. Әрине, бұл ең алдымен бүкіл ұжымның жұмыла атқарған еңбегінің арқасы.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, филиалдың құрылымдық бөлімшелері мен бірліктерінің әрбір қызметкерінің компанияның дамуына күнделікті еңбегі мен қосар үлесі жалпы қоғамның дамуына ықпал етері сөзсіз.
Шерхан Пертайұлы басқаратын мекеменің осы уақытқа дейін алған марапаттары жетерлік, әсіресе оның көпшілігі ұжымның спорт саласында жеткен жетістіктері. Осы тұста «Алматытелеком» қызметкерлерінен құралған футбол командасын атап өткен жөн болар. Бүгінде бұл команда тек қана филиалдың ғана емес, «Қазақтелеком» АҚ компаниясының мақтанышына айналып отыр. Аталған команданың облыс аумағында, республика деңгейде жеткен жетістіктері баршылық. Соның бірі 2017 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниясы ұйымдастырған мерейтойлық спартакиадада филиалдың командасы кіші футболдан кубок иегері атанып, Италиядағы үздік футболшылар ойынын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Оның байланыс саласында еткен тынымсыз еңбегі мен жетістіктері ескерусіз қалмады. Шерхан Пертайұлы 2001, 2011 жылдары Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдық мерейтой медальдарымен, 2002 жылы «Құрметті байланысшы» атағымен, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясының 10 жылдығы» және 2007 жылы Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Шымкент қаласының дамуына қосқан зор үлесі үшін төсбелгімен, сол жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Ерен еңбегі үшін» медалімен және 2014 жылы «Құрмет» орденімен, ал 2016 және 2017 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бүгінде ол төрт баланың әкесі, сегіз немеренің атасы. Тұңғышы Ақмарал әке жолын қуып, байланыс саласында қызмет атқарса, ұлы Қайсар мен кіші қызы Айнұр – заңгер, ал кенжесі Еркебұлан шетелде IT-технологиялары бойынша білім алып, бүгінде сол мамандықпен жұмыс істеп жүр.
Қалан МӘМБЕТӘЛИЕВ.
Теріс ауылы
Суретте: Шерхан Пертайұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жұмыс бабымен кездесу үстінде