Basty bet

Әке өнегесін үлгі тұтқан

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер қалыптасады. Сонымен қатар, адам бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Сол себепті, жанұя – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ.
Газетіміздің «Мерейлі отбасы» деп аталатын тұрақты айдарына Көкбастау ауылдық округі Теріс ауылының тұрғындары Қайрат пен Құралай Қойбақовтардың отбасын жазуды бізге ауылдық округ әкімшілігінің мамандары ұсынды.
Отағасы Қайрат Әбілдабекұлы Қайрат ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. 1982-1986 жылдары Шымкент қаласында автотехникалық техникумда білім алады. 1986-1988 жылы Германияда Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Одан кейінгі жылдары сол кездегі автобус паркінде бақылаушы механик болып ел қатарлы еңбек етеді. Сонымен қатар, ол 1999-2012 жылдар аралығында аудандық өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеген.
Ал, отанасы Құралай Қойбақова Тараз қаласының тумасы. Қазіргі таңда аудандық орталық аурухананың реанимация бөлімінде жұмыс істейді.
Екеуі 1989 жылы отбасын құрып, қазіргі таңда өсіп-өніп отырған жайы бар.
Әкенің жолы қашанда балаға үлгі. Әкенің салған сара жолымен, ізімен жүру міндетелмесе де, оны құрметтеу баланың парызы мен міндеті саналады. Қайрат ағаның әкесі Әбілдабек Қойбақов ұзақ жылдар бойы шаруашылық басқарып, ұйымдастырушылық қабілетімен де, өнегелі сөзі, үлгі етер мінез-құлқымен де көпшіліктің жүрегіне жол таба білген жан еді. Оның елге сңірген еңбегі зор. Ол сонау, 80-ші жылдары аудан бойынша экономикасы құлдырап, артта қалған шаруашылықты көш басына сүйреп шығарған екен. Әбілдабек Қойбақұлы «Большевик» колхозына төраға болып сайлана салып, ауылдардың тыныс-тіршілігімен, жағдайымен, адамдарымен етене танысып, іс басына білікті, іскер мамандарды топтастырады. Бұған дейін шаруашылықты басқа ұлт өкілдері басқарып келсе, Әбілдабек ата бұл колхозға келген ең алғашқы қазақ басшы болған. Алғашқы күннен шаруашылыққа үлкен серпіліс әкеледі. Ол басқарған 12 жылда мал басы артып, мал, егіс шаруашылығымен қатар ауыл тұрмысына да тың өзгеріс әкеледі. Оның ауыл үшін еткен еңбегін ел ұмытқан жоқ.
Ал, анасы Гүлдан Шайтымахова өмірбойы мектепте жұмыс істеген ардақты ұстаз. Отбасына, балаларына мейірім шуағын төгіп отырған ардақты ана, асыл әже. Қазіргі таңда Гүлдан апа сексеннің орта белінде.
-Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкем өте көреген жан еді. Оның жомарттығы, еңбегі бізге үлгі-өнеге. Біз әкемізбен мақтанамыз. Отбасында алты ағайындымыз. Ата-анамнан үш ұл, үш қыз тараған. Бәрі өмірден өз орындарын тапқан, оқыған білімді жандар. Бір бауырым Алланың жазмышымен о дүниелік болды.
Ал, менің өзімнің отбасыма келетін болсам, анаммен бірге тұрамыз. Өмірлік жарым екеуміз екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеудеміз. Бала тәрбиесінде мен өте қаталмын.
Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген орамды айтылған сөзі бар. Осы ретте балаларымның өмірде өнегелі, тәртіпті болғанын қалаймын. Ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбек етуге үйретемін. Өмірде шыншыл, адал, еңбекқор болса деймін. Балаларым біреуден қиянат көрсе де, біреулер балаларымнан қиянат көрмесе екен. Сондай-ақ, балаларымды туған жеріміз Қызтоған ауылына жылына бір рет апарып келемін. Аталарының тұрған үйін, ауылының тыныс-тіршілігімен таныстырамын. Бала ата-бабасының шыққан жерін білуі керек деп санаймын. Қазіргі таңда шүкір, ұл-қызымнан Мансұр, Адина, Айша, Айым есімді немере сүйіп отырмыз. Бақытты ата-ана, ата-әже атанудамыз,- дейді отағасы Қайрат Қойбақов.
Адам саналы, салиқалы, тәрбиелі ұрпағымен бақытты. Осы орайда, айрандай ұйып отырған бұл отбасының үлкен ұлы Тимур мен Инабат өмірден өз орындарын тапқан. Тимур Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы болып қызмет етеді. Ал, Тимурдің жары Меруерт «Жамбыл-Су» мекемесінде жұмыс істейді. Қыздары Инабат болса, Астана қаласында тұрады. Әке жолын қуған ол өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді. Инабаттың өмірлік серігі Айдос темір жол саласында еңбек етеді. Отбасының кенжесі Мадияр мектеп оқушысы, биылғы жылдың түлегі. Арманы – өнер академиясына оқуға түсу. Арманы асқақ Мадиярдың өнерге деген қабілеті мектеп кезінен бастап қалыптасқан. Себебі, мектепте өткізілетін театрландырылған көріністерде шебер ойнап жүріп, өнердің алғашқы баспалдағынан өтуде. Сонымен қатар, ол аудандағы №2 Балалар өнер мектебінің театр сыныбында да оқып, өнердің қыр-сырымен қаныққан. Түрлі көркемсөз оқу байқауларының жүлдегері атанып, бірқатар жетістіктерге жеткен.
Ал, отбасының отанасы Құралай Қойбақова өнегелі отбасына келін болғанын мақтан тұтады.

Айгүл қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close