Basty bet
«Қарасу» шекара бекетіне барды
Бүгінде аталған бекеттегі жұмыс қалыпты. Азаматтардың өтуіне ешқандай кедергі жоқ. Көрші елден келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Шекара бекетінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов тұрғындарға сабырлық сақтап, арандатулардың ықпалында кетпеу керектігін жеткізді.
«Қарасу» шекара бекетінде адамдар жоқ, ал Қырғызстаннан келген адамдар кезегі «Ауқатты» пунктінде пайда болған. Бұлар – осыған дейін көршілес республикаға кетіп қалып, енді үйлеріне оралып жатқан қазақстандықтар.
Асқар Исабекұлы отандастарымыздан сабырлық сақтап, арандатулардың ықпалында кетпеуді сұрады. Сондай-ақ, аймақ басшысы бұзылған барлық үйлердің қалпына келтірілетінін және отбасыларға көмек көрсетілетінін баса айтты.
Бүгінде аталған ауданда мамандар жұмыс істеп, шығындарды бағалауда. Сонымен қатар, облыс әкімі Қырғыз Республикасына кетіп қалғандардың елге қайту керектігін баса айтты. Өйткені ауылдарда құқық қорғау органдарының күшінің арқасында тәртіп пен қауіпсіздік орнатылған. Айта кетерлігі, елге оралып жатқан қазақстандықтар шекарадан жеңілдетілген режимде өтіп жатыр.
* * *
Үкіметтік комиссия Қордай ауданында Әлжан ана ауылында болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына барды.
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ел басшылығының атынан оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді.
Бердібек Сапарбаев Дарханның қаза табуына кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаланатынына сендірді.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов марқұмның туыстарының қайғыларына ортақ екендігін жеткізді. Сондай-ақ, отбасы үшін осы қиын күндерде берік болу керектігін, кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаланатындығын баса айтты.
Сонымен қатар, Асқар Исабекұлы қаза тапқан азаматтың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, барлық қажетті көмектің берілетінін тілге тиек етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі