Basty bet

«Діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алудағы БАҚ-тардың рөлі»

Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасында аталған тақырыпта облыс аумағында дін мәселелері жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін және БАҚ арқылы дін саласындағы мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін мемлекеттік қызметшілердің, дінтанушылар мен теолог мамандардың, мешіт имамдарының және БАҚ өкілдерінің, сонымен бірге түзеу мекемелерінде ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарына тартылған мешіттер қызметкерлерінің қатысуымен семинар-кеңес өтті. Басқосуға басқарма басшысы Жангелді Омаров модераторлық етті.

– Құрметті семинарға қатысушылар мен әріптестер! Семинар-кеңесте дін мәселесінде халықпен тығыз жұмыс істейтін мамандармен, яғни Сіздермен, бүгінгі елімізде қалыптасып отырған діни ахуал жағдайын тұрақтандыру мақсатында алдағы кезеңде атқаратын бірлескен шараларды талқылау, кеңесу және бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мәселесі қаралмақ,- деді басқарма басшысы.
Жангелді Жайлауұлы соңғы жылдары елімізде дін саласында бірқатар өзгерістердің орын алғанын, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда «Жусан» және «Русафа» гуманитариялық операцияларының сәтті іске асырылып, елімізге террористік аймақтардан азаматтардың қайтарылғанын еске салды.
Ол әрі қарай жиналғандар назарын мемлекеттің дін саласындағы саясаты кең көлемде түсіндіру және деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алуға бағытталып отырғанына аудара келе, басқарманың бастамасымен ақпараттық-түсіндіру топтары құрамының белсенді ұстанымы бар дінтанушы, теолог, психолог және дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік қызметкерлермен толыққанды жасақталғанын айтып өтті.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасына сай алдағы уақытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен тұрғындармен бірге, мақсатты топтарды қамту міндеті белгіленген. Атап айтқанда, мешіт жамағаттары, оның ішінде, деструктивті ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтар, жұмыссыздар, оралмандар мен мигранттар, өзін-өзі қамтамасыз етушілер мен кәсіпкерлер және жалдамалы жұмысшылар, шетелдік діни оқу орындарында оқитындар мен олардың жақындары, діни экстремизм және терроризм баптарымен сотталған азаматтардың жақындары, пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтар, мектеп-интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылары, саяжай тұрғындары, жастар мен жасөспірімдер аудиториялары түсіндіру шараларымен қамтылуы тиіс. «Сондықтан, алдағы уақытта АТТ іс-шараларының санына емес, сапасына мән берілетін болады. Сол сияқты, тұрғындар арасында БАҚ беттері арқылы діни мәселеде ақпараттандыруда қоғамның рухани-адамгершілік және әлеуметтік-мәдени кеңістігінде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізуіміз керек. Осы ретте, БАҚ-тарда діни мәселелерге байланысты шығатын материалдарды дін істері басқармасымен келісе отырып жариялау қажет»-деді ол.
Семинарда Жамбыл облысы әкімі аппаратының терроризмге қарсы қызметті үйлестіру бөлімінің басшысы Батырбек Атамқұлов «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары барысында жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен міндеттері туралы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамадан кейін ол қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
Әрі қарай Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының Ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингі бөлімінің басшысы Асылжан Құрманов облыс БАҚ-тары арқылы мемлекеттің дін саласындағы ақпараттық саясатының жүргізілуіне жан-жақты талдау жасаса, Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының Ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Еркебұлан Ақбай мақсатты топтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің өзекті тұстары туралы баяндады.
Жиын модераторы, басқарма басшысы Жангелді Омаров ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен журналистер пулының құрамымен арнайы жиын өткізудің ортақ істі сәтті атқарудың кепілі болатынын атап өтті. Сонымен қатар, басқарма биыл журналистер мен ақпараттық-түсіндіру мүшелері арасында «Дінаралық татулық – тәуелсіздіктің тірегі» тақырыбында конкурсты ұйымдастыруды қолға алып отырғанын жеткізді.
Семинар жұмысын қорытындылай келе, Жангелді Жайлауұлы журналистер пулының құрамы мен ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің өткен жылы атқарған жұмысына оң баға бере отырып, облыстық телеарналарда 48 арнайы бағдарлама мен жеті сюжет және аймақтық газеттер беттерінде 50 мақала жариялағанын, тұрғындар арасында 2 170 іс-шара өткізіліп, оған 119 мыңнан астам адам қамтылғанын, түзеу мекемелерінде 20 сотталушының радикалдық көзқарастарынан қайтарылғанын, сонымен қатар деструктивтік діни ағымдар жетегінде жүрген 190 азаматтың қоғамға бейімделгенін аса ілтипатпен атап өтті. «Бұл аз жұмыс емес. Жалпы, атқарылған және атқарылатын жұмыстардың барлығы – еліміздің тыныштығы мен келісім жағдайын жақсартуға, әлемді шарпыған діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуға, діни тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталған» деді басқарма басшысы.
Басқосу соңында өткен жылы облыс аумағында дін саласындағы саясатты жүзеге асыруға, мемлекеттік бағдарламаларда жүктелген міндеттерді орындауға қомақты үлес қосқан, белсенділігімен ерекшеленген бірқатар БАҚ қызметкерлері мен ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері облыстық дін істері басқармасының Алғысхатымен марапатталды.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close