Basty bet

Бағбан жүзім өсірудің құпияларымен бөлісті

Шәкіржан Мамаджанов 1980 жылдан бері жүзім шаруашылығымен айналысады. Яғни, Шәкіржан ата бүгінде жүзім өсірудің нағыз маманы.

Оның биыл еккен үш түп жүзімінің өзі 300-ге жуық сабақ жүзім өнімін берді. Бір сабақ жүзімнің салмағы екі-үш келіге дейін баратын көрінеді. Әрі әрдайым дәрілеп отырғандықтан, құрт пен құмырсқадан таза.
Еңбекқор жан жүзім өсірумен сату үшін емес, өзіне жүзімді күтіп-баптау ұнағандықтан айналысады. Жүзім піскенде балалары мен жақындарына, көршілеріне таратып, артылғанынан жүзім шарабын дайындайды екен. Бағбан тек жүзім өсірумен ғана айналыспайды, одан бөлек, құлпынай, бүлдірген, қияр мен қызанақ, қырыққабат та өсіреді.
Бағбанның еккен өсімдіктері қай кезде де жайқалып тұрады. Мәселен, 2006-2007 жылдары «Бауыржан Момышұлы» атындағы саябаққа еккен 120 түп шырша ағашы бүгінде жайқалып, ауылымызға көрік беріп тұр.
Шәкіржан Мамаджанов 1948 жылы Жуалы ауданында дүниеге келген. Ұлты – өзбек. №1 мектеп-гимназияны тамамдап, 1966 жылы Шымкент қаласындағы жол-көлік техникумының жүргізуші мамандығына сырттай оқуға түседі. Еңбек жолын ауданда автобус жүргізушісі болып бастайды.
Ал, 1978 жылы Кеңес одағы коммунистік партиясының мүшелігіне кіреді. 1980 жылы автопарктің бастығы болып тағайындалады.
-Ол кезде қазіргідей такси қызметі болмағандықтан, адамдардың бәрі тек қана автобуспен жүретін. Бізде шамамен 45-ке жуық автобус болды. Олар Боранды-Тараз, Боранды-Алматы, Боранды-Шымкент бағыттарында жүретін,- дейді ардагер.
1996 жылы 30 жыл қызмет еткен автопаркі жабылып, Шәкіржан Мамаджанов 1998 жылы аудандық электр желілерін тарату мекемесіне механик болып жұмысқа орналасып, 2011 жылы зейнет демалысына шығады.
Бағбан жүзім баптаудың қыр-сырымен қатар өзінің атасы Мамаджан Маткаримов жайлы да әңгімеледі.
-1916 жылы атам Мамаджан Маткаримов Әулиеатадан (қазіргі Тараз қаласы) Жуалы ауданына үй салып, көшіп келді. 1920 жылы «Түрксіб» теміржолының салынуына байланысты аудан бойынша жұмысқа тарту үрдісі жүріп, ол да осы теміржолды салуға үлес қосты.
Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» шығармасын оқып отырсаңыз, «Түрксіб» теміржолының құрылысы Бауыржан Момышұлы ауылына келгенде боранның салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалады. Сол себепті бекетке Боранды бекеті деп атау қойған екен. Атам сол теміржол құрылысының сәтті аяқталуына сіңірген еңбегіне орай кейіннен «Құрметті теміржолшы» атағын алған екен.
1928 жылы Батыр Бауыржан Момышұлы Мамаджан атамның үйінде тұрған екен. Бұл туралы Бауыржан Момышұлының «Наша семья» атты кітабында жазылған, – дейді Шәкіржан Мамаджанов.
Шәкіржан Мамаджанов атасының үйіне Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның да қонаққа келіп тұрғанын, атасының ауданға сыйлы кісі болғаны туралы айтты.
Бұдан соң бағбанмен әңгімеміз жүзім баптаудың қыр-сыры жайлы өрбіді
-Жүзім басқа жемістер сияқты емес, ол ерекше күтімді қажет етеді әрі өзінің өнімін тек үш жылдан кейін ғана береді. Жүзімді күтіп-баптайтын нағыз уақыты – күз мезгілі. Күз айында жүзімнің өліп қалған артық жапырақтарын жұлып, қыс мезгілінде үсіп қалмас үшін үстіне мыс сульфатын сеуіп, сыртын қаптап қоямыз. Ал көктем келісімен қаптың бетін ашып, жүзімнің түптеріне темір сульфатын сеуіп шығамыз. Кейін жапырақтары ашыла бастағанда «Тоназ» препаратын қолдансақ, жүзім көп өнім беріп, әрі ауырмай өседі. Ал жүзімнің тәтті болып өсуі үшін он литр суға үш қасық ас содасын және 15 тамшы йод пен кішкене натрий хлоридын (марганцовка) қосып, жақсылап араластырамыз. Дайын болған қоспаны жүзімге сепсек, жүзім піскен уағында тәп-тәтті болып шығады. Сонымен қатар, жүзімнің жапырақтары үлкен болып өскенде, жиі «Тиовитті» қолданған дұрыс. Сонда жүзімдеріңіз жыл сайын өнім береді және дәмді, таза болып өседі, – дейді бағбан, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджанов.
Қарияның еңбек жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. 75 жасқа келсе де еңбектен қол үзбеген қарияның жастарға берері әлі де көп.

 

Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close