Basty bet
Жүрегіне ізгілік ұялаған имам
Сейітқазы қажы Медетбек Жуалы ауданының Билікөл өңірінде туып-өскен, ширек ғасырға жуық аудандық орталық мешітті басқарып, қалың көпшіліктің діни сауатын ашу, рухани түлеуі жолында өлшеусіз тер төккен иманды азамат.
Қазыналы қарт Қаратаудың Қызылтам, Ботақара, Алмалы сай, Жүрінсай, Берікқара шатқалдарынан тарайтын сай-салаларда бағзы заманнан тіршілік атты ұлы көш ешқашан толастаған емес. Талай сырды ішіне бүккен осы қойнаулардан жөңкіліп талай өмір керуені өткеніне ақ бас тарих куә. Әйгілі «Ақтабан шұбырынды» тұсында осында туған қаралы «Елім-ай» әні әріге асып, барша қазаққа жайылған.
Бүгінгі қарт Қаратау етегіндегі Билікөл мен Майтөбе ауылдары төңірегінде 150-ге жуық қорған төбе тұр. Бұл қорымдарда сол жаугершілікте шейіт болған ата-бабаларымыздың ержүрек рухы мәңгіге жай тапқан.
Сейітқазы бала күнінде әкесі Әбдірден: «Әке, мына кішкентай таулар қалай пайда болды?» деп сұрайтын. Сонда әкесі «Балам, бұл арада ертеде үлкен шайқас болған. Мұнда сол ұрыста ерлікпен қаза болған бабаларымыз жатыр. Осыны есіңнен шығарма» дейді екен. Ата сөзі балаға қатты әсер етеді.
Жасынан қағылез бала әкесі мен дуалы ауыз қариялардың қасынан екі елі қалмай, солардан естігенін қалт жібермей, жадына тоқи беріпті. Кейде өз қолқалап айтқызатын аңыз-әпсаналардан адамдар арасындағы күрделі қатынастың терең сыры мен тылсым құпиясын ұғынуға тырысатын. Сонда жұрттың бәрі өз әкесіндей қамқор, мейірімді деп ойлайтын. Бертін келе ауыл сыртындағы қорған төбелердің тарихына қаныққаннан кейін «Апыр-ай, осы қатігездік деген қайдан шығады? Соғыс өрті неден тұтанады?» деген ой бозбаланы жиі мазалайтын болды. Осындай «неге, қалай» деген түпсіз сауалдар жанын жегідей жеген жас жеткіншек әлдебір сырқаттың бойын қалайша тез меңдеп алғанын байқамай қалды. Оның бұл күйін түсінген жанашыр жандар әкесіне баланың діни сауатын ашуға кеңес береді. Сейітқазының ендігі өмір жолы дін үйренумен жалғасады.
Алғаш діни сауатын ауыл молдаларынан ашып, ескіше тіл сындырғаннан кейін Жамбыл қаласындағы Зүннін ишанның алдынан дәріс алып, білім нәрімен сусындайды.
1985 жылдың жазы. Берікқараның суы жылдағыдай сарқырап ағып жатыр. Жаздыгүні бұл маң адам танымастай өзгереді. Бұл Ташкенттегі Жорабек атындағы медреседе оқып жүрген Сейітқазының туған табиғат аясына биылғы алғаш шығуы. Көптен көрмеген төңіректің сұлулығына сүйсіне көз тастайды. Айдынында бір шөкім бұлт жүзген зеңгір аспанға бір қарап, асқақ тауға бір қарап: «Аспан, мен сені сүйем, Қаратау, сенің биік шыңыңа шығам» деп айғай салғысы келіп, ерекше сезім құшағында тұрғанда, көзі кенет құмырсқаның илеуіне түседі. Олардың бейнебір әскерге ұқсап, қатаң тәртіппен бірінен кейін бірі сап түзеп бара жатқанын көріп, «бұлар да адам сияқты еңбекқор екен-ау» деп таң-тамаша қалды. Есіне медреседе дәріс берген Ахметжан ұстазының «Алла тағала әрбір жәндікті сондай ерекше хикметпен жаратқан» деген сөзі түсті.
Дәл осы кезде төменнен су ішуге келген кекіліктердің үні естілді. Оның осы ойын құстар да қоштап жатқандай сезілді. «Табиғат – тал бесік, адамдар оны қорғауға тиіс» деген ұстаз сөзі санада қайта жаңғырды. Алыстан жарқырап Билікөл су айдыны менмұндайлайды. Айналасы ну қамыс. Туған жердің осы көрініс-келбеті оның жадынан ешқашан шыққан емес. Алыс сапарға шыққанда үнемі бойына күш-қуат беріп тұрады.
Сейітқазы 1970-ші жылдары Ленин путь (Әбдіқадір) ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте оқиды. Өзі өте зерек, әрі тәртіпті бала Берікқараның бет қаратпайтын дауылды боранына қарамастан «сабаққа бармасам, мұғалімдерден ұят болады» деген оймен таудан ылдиға қарай бет алатын. Суық жел бірде өңменінен итерсе, бірде ірілі-ұсақты тастар көтеріліп, бет-жүзін жауып жатса да, қарманып, алға ұмтылатын. Бірде осылай мектепке әрең дегенде жетсе, есігінде қара құлып тұр, кері қайтып кетуге ары жібермей тұрған қаршадай баладан қарауыл болып істейтін Жапархан Күлеев ағай: «Әй, балам, осы боранда неғып келдің?» деп сұрайды. «Мен сабақ оқуға келдім» дейді бала жұлып алғандай. Жапархан аға баланың кері қарай қайта алмасын біліп, өзінің үйіне ертіп апарады.
Медреседе оқып жүрген Сейітқазы бірде Қарабастау ауылында тұратын ұстазы Алпысбай Әлімбетовке арнайы келіп, одан бата сұрайды. Ол тарихшы, ислам діні, шежіре туралы білімі мол еді. Шәкіртін төрге отырғызып қойып, оған көп сұрақтар қояды. Жігіт оның ешқайсысына мүдірместен жауап бергеніне таң қалған Алпысбай «Жарайсың, балам. Әжептәуір дайындығың бар екен. Түбі сенен үлкен молда шығады» деп риза болып батасын берген екен.
Сейітқазы 1988 жылы Ташкенттегі Жорабек атындағы медресені тамамдаған соң туған еліне оралып, Қарабастау ауылында имам болды. Ол кез «дін – апиын» деген кеңестік атеизмнің дәуірлеп тұрған шағы. Сейітқазы осы жолда талай қиындықты көрсе де, имандылықтан таймай, еліне, халқына адал қызмет ете білді.
Кеңес империясы ыдырап, халқымыз ата дінімен, салт-дәстүрлерімен қайта қауышқан тұста ауданға білікті, сауатты дін қызметкері қажет болды. 1990 жылы халықтың қалауымен ол орталыққа ауысады. Көпшіліктің күш біріктіруімен ауданда тұңғыш имандылық ордасы бой көтеріп, өзі сол мешіттің құрылысына басшылық етеді, әрі ауданның бас имамы болып сайланды. Жер-жерлерде мешіттер көптеп салынып, елдің, жұрттың ата дінімізге деген ықыласы арта түсті. 1995 жылы аудандағы алғашқылардың бірі болып, Меккеге қажылық парызын өтеп қайтты. 1998 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында діни білімін жетілдірді.
Секеңнің есінен кетпес уақиға – 2002 жылы күзде Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы күндерінде болды. Онда жасы 40-та еді. Ауданның бас имамы Сейітқазы қажы Медетбекке қаланың орталық көшелерінің бірінде Қойгелді батыр ескерткішінің ашылу салтанатына қатысқан бауырлас қос халық – қазақ және қырғыз мемлекеттерінің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Асқар Ақаевтың алдында бата беру бақыты бұйырды.
Сейітқазы қажы Әбдірұлы аудандық орталық мешітке табан аудармастан 22 жыл басшылық етті. Ол осы тұста ауданда мұсылмандық орта қалыптастыруда, жергілікті дін мамандарын оқытып, тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Бүгінгі ауыл молдаларының көпшілігі Сейітқазының алдынан тәлім алып, білімін әрі қарай арнаулы діни оқу орындарында ұштағандар.
Жүрегіне ізгілік ұялаған абзал азамат кейінгі жылдары Тараз қаласындағы өзі алғаш діни сауатын ашқан Зүннін ишан атындағы мешітте имамдық қызмет атқарды. Сейітқазының іс-тәжірибесі ескеріліп, 2013 жылы Тараз қаласындағы «Хамрақұл» мешітіне бас имамдыққа тағайындалды. Бас имам басшылыққа келгеннен кейін бұл мешіттегі имандылық тәрбие жұмыстары aлғa басты. Ол мұнда да жамағатқа үнемі жақсы уағыз айтып, күнделікті бес уақыт намазды сауатты өткізіп жүрді.
Қай мeшітте жұмыс істесе де, Сейітқазы қажы Медетбек ғибадат ордасы жанындағы сауат ашу курсын жүргізіп, талай бaлaғa Құран әрпін үйретіп, имандылыққа жетелеп жүреді.
Бүгінде ол өзі ауданда имамдық қызметін бастап, қабырғасын қалаған «Жуалы» мешітінің имамы болып қызмет етіп жүр. Оның шәкірттері бүгінде Алматыдағы «Нұр» Қазақстан-Египет ислам мәдениеті университетін тамамдап, еліміздің түкпір-түкпірінде білікті діни қызметтер атқарып жүр.
Құдай қосқан жары Балжанмен екеуі аялап өсірген ұл-қыздарына имани тәрбие берді. Әке жолын қуған ұлдары Рамазан, Құрбан діни оқу орындарын тамамдап, дін саласында аянбай еңбек етіп жүр.
Діни қызмет саласында отыз жылдан астам уақыттан бері еңбектеніп, елінің, жұртының рухани толысуы мен өсуі, жамағат бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында бар күшін сарқа жұмсап жүрген абзал азамат Сейітқазы қажы Медетбек 2019 жылдың желтоқсанында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»