Basty bet

Менің Отаным – Қазақстан!

Жер Ана, атамекен, туған жер, ауылым деген ұғымдар бір-бірімен тамырлас, әрі тағдырлас. Әрбір адамзат баласының туған жері бәрінен де қымбат. Себебі, кіндік кескен жерінде өсіп, суын ішіп, ауасымен тыныстайды, табиғатымен біте қайнасып адам болып қалыптасады.
«Отансыз адам – ормансыз бұлбұл»,- деп дана халқымыз бекер айтпаған. Отанымыз Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әртүрлі саласында қазақтармен қатар орыстар, татарлар мен немістер еңбектенуде. Мен соңғы жүз жылда Қазақстан жеріне әртүрлі халықтар қоныс тепкеніне жиі ойланамын. Бірлік, ұлтаралық келісім және саяси тұрақтылық қазақстандықтардың қалауы. Мен оны жақсы білемін. Елімізде түрлі этнос өкілдері бар. Олардың тағдырын, өмір тарихын тыңдағанда менің еліме деген құрметім одан сайын арта түседі.
Қазақ халқы кеңпейілділігімен, жомарттығымен, тағдыр алып келген түрлі ұлт өкілдерінің барлығына құшағын кең жайған. Елімізде тұратын этнос өкілдерінің барлығы қазақ халқының тілін, тарихын мен салт-дәстүрін білуі керек. Ол байырғы көркем Қазақстанда бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал, татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы. Туған жерге, туған тілге, туған елге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін осындай. Отан, туған жер туралы, жан толғанысымды айтып тауыса алмаспын, сірә!
«Менің Отаным – Қазақстан!»- деп, жұдырықтай жүрегімнен шыққан осы сөзді мақтанышпен айтамын. Ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осынау іңкәр заманға жеткен елімді мақтаныш етемін. Мен өз елім Қазақстанды жан-тәніммен сүйемін.

Сымбат АҚБАЙ,
№3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы

* * *
Отан… Бұл сөз – әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші?!
Құс ұясыз болмайтынындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным – сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстан.
Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді?!
Біздің Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әртүрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер т.б еңбектенуде. Осы елдердің бірігіп, еңбектенуінің арқасында Қазақстан жерінде бейбітшілік орнады.
Мен «туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады»,- деп ойлаймын. Мен қандай бақыттымын! Өйткені сен барсың – менің Қазақстаным!

Диана Рысбекова,
№26 Жаңаталап орта мектебінің
11 сынып оқушысы

* * *
«Отан» – қасиетті ұғым. Бұл сөзді естіген әрбір жан өзінің елі, жұрты, тұратын мекені, жанына жақын, әрі жанашыр жандары бар екенін бірден сезеді.
Отанды сүю – отбасынан басталады. Ал, отбасы дегеніміз ол – әкеміз, анамыз, бауырларымыз, жақын адамдарымыз. Сол үшін де әрбір отбасы – өз алдына бір-бір Отан. Отбасы деген сөздің өзіне терең үңіліп көрейікші.
Отбасы – біздің жанымыз жабырқаған сәтте немесе қуанышқа бөленген кезде ішкі көңіл-күйімізді бөлісетін және өзімізді ең жайлы сезінетін баспана, жып-жылы ұямыз. Оның басшысы, отбасының қамқоршысы мен тіреуі, қорғаны, қамалы – әкеміз. Әке – отбасына қатысты барлық мәселелерді шешіп, өз отбасының намысын қорғау жолында бар күш-жігерін салатын, намысын бірінші орынға қоятын жан. Анам – өмірдегі басты мұғалім, ұстаз. Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің де өзіндік атқаратын міндеттері бар. Аға-ініге қамқор болса, іні – ағаның көмекшісі, әпке мен сіңілі-құрбылардай бір-біріне сырын айтады, білгенін үйретеді. Баршамыз да басты тәрбиені осы жанұядан алып, өмірге қанат қағып ұшып шығатынымыз шындық. Осылайша отбасы бізді балапан шағымыздан жылы бауырына басып, бізді мәпелеп, өмірдің қатал заңына тәрбиелейтіні рас. Сондықтан отбасы мүшелері бір-бірі үшін жанын қиюға да даяр тұрады.
Міне, сол сияқты Отанды қорғау да әр азаматтың парызы. Отан алдындағы азаматтық борышымызды орындау мақсатында бар күш-жігерімізді салып аянбай еңбек етсек, бір-бірімізбен жақын болсақ, біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін дейтін тамаша бірлікті нық ұстай алсақ, онда біз бағындармайтын биік жоқ. Отанды қадірлеп, қолдан келгенше аялауымыз керек! Отбасымыздағы әрбір жанды қалай жақсы көріп, құрметтесек, қалай қорғап, қалай жанашырлық танытсақ, Отанға да дәл сондай қарым-қатынас жасауымыз керек.
Менің Отаным – Қазақстан, қазақ елі! Қазақ елі – менің мақтанышым, менің махаббатым!
Сәбина Сегізбай,
№11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы

* * *
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағаны белгілі. Біз осындай ұл жанашырлары мен ұлт зиялыларының арқасында бүгін біз ел танырлық көпұлтты, егемен мемлекет болдық. Осының үлкен нәтижесінде көгімізде көк туымыз желбірейді. Арайлап атқан әрбір таңымыз бен мызғымас бейбітшілігіміз бар. Біз осының қадірін білуіміз қажет. Менің – Отаным Қазақстан! деген жұдырықтай жүрегімнен шыққан осы сөзді мақтанышпен айтамын.
Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Елімізде татулық пен тұрақтылыққа тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда құрылған бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясына биылғы жылы 25 жыл толып отыр.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Ассамблея – бүкіл азаматтардың, бүкілхалықтың өкілдері мүдделерінің инновациялық моделі және біздің жас демократияның табысты құралы.

Еркежан Қайым,
№7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close