Basty bet

Мемлекеттік бағдарламалар – саланың дамуына оң серпін

Біздің айтпағымыз, Президент Қ.Тоқаевтың пікірінше, қазіргі таңда еліміз үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Өткен жылы пандемия кезінде халықтың табысы азайған кезде азық-түлік бағасы арзандай түсудің орнына, керісінше, қымбаттаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ. Соның салдарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11% өсіп отыр.

Халыққа ең керегі – азық-түлік. Азық-түлік қымбаттай бастаса, халықтан да маза кете бастайды. Бәрі бір-бірімен байланысты дүние болғандықтан халық пен нарық та егіз ұғым сияқты. Бірінсіз бірі жоқ. Сондықтан халық пен нарықтың арасындағы көзге көріне бермейтін байланыстарды реттеп алмай жатып, азық-түлік бағасын бір жүйеге түсіреміз деу бос әурешілік сияқты.
Асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығы саласын дамыту ісі қай кезеңде де үлкен маңызға ие. Бұл да сөз басында айтылған азық-түлік бағасымен тікелей байланысты мәселе. Оның ішінде жылы күндері аз, ал қысы алты айға созылатын біздің Жуалы ауданында мал қыстату және мал төлдету науқаны аса маңызға ие шаруалардың бірі. Себебі, қытымыр қыстан төрт түлікті қысылдырмай шығару, қыста туған жас төлдерді шығынсыз бағып-қағып, көктемдегі көкке іліндіру жұмыстары – малшы үшін ең қиын да жауапты кезең. Шопандар «қойым егізден қоздасын» деп тілесе, сақпаншылар түн ұйқысын төрт бөліп, алынған төлдің аман қалуы үшін жанталасады. Себебі, әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі.
Қазір таулы Жуалы ауданында мал қыстату науқаны бел ортасына таяп қалды деуге болады. Ал тағы бір жауапты науқан – мал төлдету, оның ішінде қойдың төлдеуі наурыз айымен бірге жаппай басталады. Ақпандағы ақ борандардан бір өтіп алсақ, наурыз айында күн жылынып қалар деген үмітіміз де жоқ емес. Дегенмен, «сәуір болмай, тәуір болмас» дегенді бәрінен тәуір көретін халқымыз үшін малға да, жанға да сәуір айы келмей береке кірмейтінін естен шығармағанымыз абзал.
Жуалы ауданында жыл өткен сайын мал басы саны артып келеді. Оның ішінде соңғы есеппен мүйізді ірі қара малдың басы 50 мыңға жуықтады. Шақпақ ауылдық округіне қарасты Амансай ауылында орналасқан «Қуаныш» шаруа қожалығының бір өзінде ірі қараның басы 80 басқа жуықтап, оның ішінде сауынды сиыр 75-ті құрап отыр. Мұның бәрі бір күнде бола салған дүние-байлық емес әрине. Малдың басын осыншамаға жеткізу үшін қожалық басшылары мен мүшелерінің күндіз-түні еңбектеніп, маңдай терінің тамшылағаны анық. «Еңбек түбі – береке» деген осы болса керек.
«Қуаныш» шаруа қожалығы еліміз етек-жеңін енді жинай бастаған тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары, дәлірек айтқанда, 1996 жылы құрылды. Шақпақата ауылындағы бұрынғы үлкен ұжымшардан еншісін алып, өз алдына бөлініп шыққан алғашқы кезеңдерде аяққа тұрып кету оңай болған жоқ. – Алғашында небәрі 5 гектар, 30 соттық жеріміз ғана болатын. Техника деген атымен жоқ. Жеріміз кейіннен 11 гектарға жетті,- деп еске алады шаруашылық басшысы Шыңғыс Көпбаев.
Айтса, айтқандай шаруашылықтың жер көлемі қазір де небәрі 70 гектарды ғана құрайды екен. Оған жыл сайын тек қана мал азығы егіледі. Алғашында 10 бастай ірі қарамен жұмыс бастаған шаруа қожалық 2010 жылдан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ауысты. 2010 жылы бұл шаруашылық мемлекет тарапынан «Сыбаға» бағдарламасымен үш миллион теңге жеңілдетілген несие алып, сауынды сиырдың басын молайтуға біржолата ден қоя бастады. Бүгінде шаруашылықта 75 бас сауынды қазақтың байырғы тұқымды сиырлары өсіріледі. Сауынды сиырлар көктем мен күз айлары аралығында жайылым кезінде Амансай ауылының маңындағы жайлауда тұрақтаса, қыстың күндері қолға қарап, ауладағы жылы қораларда бағылады.
Малды жыл он екі ай күтіп, одан мол сүт сауу үшін, сапалы төл алу үшін де оларға ең алдымен жылы әрі жайлы орын керек екені белгілі. «Қуаныш» шаруа қожалығының иелігінде мұндай жылы қоралардың бірнешеуі бар. Бірі сауынды сиырлардың күнделікті тұратын әрі жемшөп салынатын бөлек орны болса, енді бірі жаңа туған сиырлар мен жас бұзауларды уақытша ұстайтын жылы сарай. Біріншісінде сауынды сиырлар күнделікті бағылады және жемшөбі және суы осында беріліп, осында сауылады. Ал екіншісіне жаңа төлдеген сиырлар бұзауларымен бірге бөлінеді. Айтпақшы, жас төлдің де күтімі де оңай емес. Қожалық басшысының айтуынша, жаңа туған бұзаулар 10-15 күндей енесінің бауырында болып, сүтін емсе, кейіннен енесінен ажыратылып, үш айдай сүт ішіп, одан кейін ғана біртіндеп жемшөпке үйретіледі екен.
«Сиырдың сүті – тілінде» демекші, жұғымды азық қорын бермей, сиырдан да мол сүт сауа алмайтынымыз анық. «Қуаныш» шаруа қожалығы сауынды сиырдың қыстық азық қорын ерте көктемнен бастап ойластырады. Ол үшін иелігіндегі 70 гектар егістік жерге арпа, бидай, мақсарымен бірге, жоңышқа, эспарцет егіледі. Оны арнайы техникалармен тайлап немесе турап, уақтылы жинап алады. Арпаны да уақтылы қамбаға құйып, оны дәнтартқышпен майдалап турап, сауынды сиырлар мен бордақы малдар қолға қараған кезде бере бастайды.
Қожалық жетекшісі Шыңғыс Көпбаев бұрын облыс орталығында «Асылдандыру-Тараз» ЖШС-да біраз жыл оператор болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда бұл мекемедегі жұмысынан қол үзіп қалса да аталған серіктестікпен тығыз іскерлік байланыста жұмыс жасау үстінде екен. Қолдағы сиырларды көбінесе «Асылдандыру-Тараз» ЖШС шығарған өнімдермен қолдан ұрықтандырады. Бұл жаңа үрдіс кейінгі кезде өз жемісін де беріп отыр.
-Сауынды сиырлар көбінде қолдан ұрықтандырылады. Ғылыми жолмен жасалған бұл жұмыстар өзінің оң нәтижесін беруде. Сиырлар белгілі бір уақытта ғана емес, ұрықтандырудың мезгіліне қарай кезегімен жылдың кез келген мезгілінде төлдей береді. Бұл бір жағынан сүтті де көктем мен күз айлары аралығында ғана емес, жыл бойы тұрақты өндіріп, зауыттарды сүтпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,- дейді шаруашылық басшысы.
Өзіміз көргендей, бұл қожалықтағы жаңа туған бұзаулар жай бұзауларға қарағанда анағұрлым ірі. Жетілуі де тез болатын көрінеді. Шаруашылықта бағылған бұзаулар ересек болған соң еркек төлдері бордақыға байланып, ал аналық бастары кәрі сиырлардың орнын басады. Шаруашылық ет және сүт бағытында құрылғандықтан жылына 50 басқа дейін тана-торпақ және үлкен бұқалар арнайы бордақылау алаңдарында бордақыланады. Оған мүмкіндіктері толық жетеді. Одан бөлек, жыл сайын жоспарға сәйкес бордақылау алаңдарына да бойдақ малдар тұрақты өткізіліп отырады. Шаруа қожалық ауылдың екі азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын да айта кеткен ләзім.
Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылымен іргелес жатқан Амансай ауылында шаруасы шалқыған бұл шаруа қожалықтың басшысы Шыңғыс Көпбаев отбасында жары Перуза екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұя. Ұлдары Қуаныш шаруашылық жұмыстарына жәрдемші. Одан қолы босаса, үлкен жүк көлігімен алыс сапарларға шығып, тауар тасымалдайтын көрінеді. Ал үлкен қыздары Әсел мен Назерке тұрмыста, өз мамандықтарымен жұмыс істейді. Кенже қыздары Гүлмарал Алматы қаласында медициналық универсиететтің 5-курсында оқып жатыр.
Мал шаруашылығымен айналысқандарға мемлекет тарапынан қолдаулар аз емес. Аталған саланы дамытуда проблемалардың да бар екенін жасыра алмаймыз. Алайда «Қимылдаған қыр асады» демекші, бел буып еңбек еткен азаматтардың несібесіз қалмайтыны анық. Біз әңгіме еткен «Қуаныш» шаруа қожалығы ет және сүт бағытын дамыту бағытында ірі қара сатып алу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында несиемен қамтылса, өздері де талпынып мал басын көбейтіп, шаруашылықты дамыту бағытында аянбай жұмыс жасау үстінде. Мемлекеттік бағдарламалар шын мәнінде жұмыс істеуі ауыл тұрғындарының еңсесін тіктеп, отбасылық бизнесті дамытуға таптырмас тетік болып отыр.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close