Basty bet
Отанды сүю – әр адамның міндеті
Туған елінің нағыз патриоты, ержүрек, табанды жастарды тәрбиелеудің негізі мектеп қабырғасынан басталады. Себебі, балалардың бойында туған жерге деген шынайы патриотизм, сүйіспеншілік оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс-шараларда қалыптасады. Бұл ретте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері де өздерінің сүбелі үлестерін қосатыны белгілі. Олар еліміздің қорғанын, ұландарын тәрбиелеп, алғашқы әскери өмірдің баспалдағынан өткізеді.
Аудан мектептеріндегі ұзақ жылғы еңбек өтілімен, өзіндік дара тұлғасымен ерекшеленетін Байқадам Ағыбаев оқушыларды білім нәрімен сусындатып, олардың бойындағы елжандылық қасиеттерін дамытып отырған жайы бар. Байқадам Хасенұлы 1961 жылы Сарысу ауданы Байқадам ауылында дүниеге келген. Оның есімі де осы ауылдың атына байланысты қойылған екен. Себебі, сол жылдары әкесі Хасен Ағыбайұлы Алматы қаласында жоғарғы оқу орнын бітіріп, жолдамамен Сарысу ауданына жұмысқа жолданып, осында алғашқы еңбек жолын бастайды. Ал, 1963 жылы Жуалы ауданы Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылына қоныс аударып, бұрынғы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектепте өмір бойы ұстаздық етеді. Яғни, Хасен Ағыбаев алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болған. Ал, анасы Құрмаш Мұртазақызы, жерлесіміз, жазушы Шерағаның туған қарындасы. Қазіргі таңда Құрмаш апа сексеннің орта белінде.
Байқадам Хасенұлы қазіргі Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі. Жас жігіт Кеңес Одағы кезіндегі Москва округінде екі жыл әскери борышын өтеп келгеннен кейін сол тұстағы Ленин колхозында комбайншы болып еңбек етеді. Шымкент қаласындағы педагогикалық институтта дайындық курсынан өтіп, Қарағанды педагогикалық институтына оқу түседі. Оқу орнын дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдайды. Білім бөлімінде әдіскер болып та жұмыс істейді. Әке жолын қуған ұл 2001 жылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып орналасып, қазіргі таңда балаларды тәрбиелеу үрдісіне үлесін қосуда.
Мектепте сабақ өткізу үшін арнайы бір кабинет берілген. Кабинеттің іші пәнге сай жабдықталған, яғни ҚР Қарулы Күштері Отан күзетінде, тактикалық, атыс, саптық дайындығы, азаматтық қорғаныс, әскери топография сынды тақырыптарда стенділер ілінген. Шәкірттері де автоматты бөлшектеу мен құрастыру машығын меңгергенін байқатты. Сөйткен оқушылар сабақ барысында «Біз әскерге барамыз, Отанымызды қорғаймыз» деп ұрандатты.
-Алғашқы әскери дайындық пәнінің мақсаты – балаларды әскери өмірге дайындау. Әскерге алғаш барған жас сарбаз қару-жарақты ажырата алмай, шендерді білмей, қиындыққа ұшырап жатады, – дейді Байқадам Хасенұлы. – Міне, осы жайттардың алдын алу үшін оқушыларды мектеп қабырғасынан оқытып, үйретеміз. Сабақ барысында балалар әскери құрылымды біліп, шендерді ажыратып, қару-жарақтың түрлерімен танысады. Сонымен қатар, сапта тұру ережелерін және қару-жарақты бөлшектеу мен жинақтауды да меңгереді. Балалардың физикалық күшіне, ептілігіне, білім, қабілетіне де мән беріп, ескереміз. Егер оқушылар теориялық білімді жақсы меңгерсе, өмірде де, әскери қызметте де қиындық туғызбайды.
Батырларға тағзым жасау – ұрпақ міндеті. Осы орайда, биылғы жылы айтулы даталардың бірі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық үстіндеміз. Жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында жыл сайын Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылады. Ұрпағымыз ағаларының оқ пен оттың арасындағы жанкешті батырлықтары туралы естіп, өнеге алуы қажет. Кездесу барысында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың Отанға деген ыстық махаббаттарынан, патриотизмдерінен үлгі алады.
Сондай-ақ, көктемде бес күндік дала жиыны өтеді. Онда балалар түрлі әскери жаттығулар жасап, практикалық сабақтар жүргізіледі. Мұндай дала жиындары балаларды әскердегі өмірдің бір күнімен танысады. Балалардың қызығушылығы өте жоғары.
Мен де әскер қатарында болып, екі жыл борышымды өтедім. Біздің кезімізде әскерге бармай қалу деген ұят еді. Тәртіп талап бәріне бірдей. Барлық жігіттер Отан алдындағы борышын өтеу керек. Кейбір жігіттер өздері сұранып та баратын. Москва әскери округінде әскери борышымды өтіп жүргенде Ауған жеріне біздің взводтағы біраз жігіттер өздері сұранып та кетті. Бұл – олардың қайсарлығының белгісі. Ал, менің шәкірттерімнің ішінде әскерге барамыз деушілердің қатары көп.
Біз алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліммен және білім бөлімімен тығыз байланыстамыз. Аудандағы 30 мектепте 30 пән мұғалімі бар. Осы 30 адам біз взводпыз. Орта мектептердегі аталған пәннің оқытушы-ұйымдастырушылары взводының командирі, лейтанант Медеу Жұмағұлов. Барлығымыз айына бір рет жиналып, әдістемелік жиын өткізіліп тұрады. Жоспарларымыз сәйкестендіріліп, кеңестер беріліп, бағыт-бағдарлар көрсетіледі. Әскери жетекшілердің арасында облыстық жарыстар өтіп тұрады. Жарысқа бір команда болып қатысып, облыстық жарыстардан жүлделі орындардан көрініп жүрміз. Ал, оқушылар аудан көлеміндегі жарыстарда орынсыз қалмайды.
Бұл пән арқылы ең бастысы- балаларды отансүйгіштікке, елжандылыққа баулимыз. Отан қорғайтын ер балалар болғандықтан олар өз елдерінің ұланы, қорғаушысы екендерін түсінуі, сезінуі керек. Сол себепті, ертеңгі ел қорғанында жүретін ер азаматтарды мектеп қабырғасынан тәрбиелеген дұрыс.
Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Осы Отанның алдында абыройлы еңбек ету, қорғау, Отанды сүю – әр адамның міндеті, парызы. Туған жерге, елге деген мақтаныш сезімі әр адамның жүрегінен орын алуы керек. Біздің жетістігіміз – ынтымағымыз, тыныштығымыз. Мұны әр азамат білуі, ұмытпауы керек. Еліміздегі бейбітшілікті, татулықты сақтай білуі керек,- дейді Байқадам Хасенұлы.
Иә, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп айтқанындай, жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің маңызы зор болып отыр.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ