Basty bet
Партиялық бақылау комиссиясының отырысы
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Комиссия төрағасы Сейітхан Жұмашев отырысты ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Онда алғаш болып «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының Жуалы ауданында орындалу барысы туралы партия мүшесі, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы баяндама жасады.
-Құрметті комиссия мүшелері. Қазынадан қаржы бөліп, өндірісті өрге бастыру арқылы халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету – мемлекеттік бағдарламалардың негізгі өзегі болып табылады. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламалары да бүгінгі күнгі маңызды мәселелерді шешуге бағытталған. Осы орайда «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ауданда іске асырылу барысында облыстық бюджеттен (сметалық құны-612 071,0 мың теңге) Б.Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын үй алабын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасына 407 489,0 мың теңге қаржы қарастырылды. 2018 жылы қыркүйек айында «Талас-Құрылыс» ЖШС-мен жалпы сомасы 404 3200,0 мың теңгені құрайтын келісімшарт рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталды. Нысан өтпелі болғандықтан, екі жылға бөлінген қаражаттар толықтай игеріліп, нысан өткен жылы пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар өз кезегінде Б.Момышұлы ауылында кезекте тұрған 1455 азаматтың ішінен 170 адамды тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімімен қамтамасыз етуге, әкімшілік және әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге мүмкіндік ашты,- деді Асхат Базарбайұлы.
Сонымен қатар, баяндамашы ауданға қарасты Теріс, Қосбөлтек, Нұрлыкент ауылдарындағы тұрғын алаптарында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыстарымен таныстырды. Одан бөлек, аудан орталығынан салынғалы отырған көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жайлы да айтып берді.
Баяндамадан соң партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сейітхан Жұмашев аталған жұмыстардың орындалу барысындағы кеткен кемшіліктерге тоқталып, мәселені жан-жақты зерделеу керектігін ескертті. – Аудан бойынша 1455 адам жер кезегінде тұр. Осыған қарап-ақ, жер кезегі мен тұрғын үй кезегіне деген сұраныстың жағдайын бағамдауға болады. Олардың өтініштерін қалай қанағаттандырамыз? «Көктөбе» тұрғын алабында бар болғаны 170 қана жер телімі берілді. Мұндай қарқынмен жер кезегінде тұрғандардың санын ұлғайтпасақ, кеміте алмаймыз. Ақбастау ауылында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға беріледі деген 80 пәтерлі ескі жатақхананың жөндеу жұмыстарының жайы қалай болып жатыр,- деп сұрақтарды төтесінен қойды. Қойылған сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары А.Жабағы жан-жақты жауап берді.
Келесі кезекте аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының ауданда орындалу барысын баяндады.
Партиялық бақылау комиссиясының отырысын Сейітхан Жұмашев қорытып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»