Basty bet

Малдың жайын баққан білер…

«Әлинұр» шаруа қожалығындағы оңды істер көңіл тоғайтады

Өмір бойы кең сахарада мал бағып, төрт түліктің жайымен жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрген бабаларымыз кейінгі ұрпағының санасына «Шаруа түбі – кеніш, сауда түбі – борыш», «Мал баққанға бітеді» деген халықтық қағиданы мықтап сіңіріп, шаруаны шалқытуды аманаттап кеткені белгілі. Қазіргі жаңа технологиялар өмірімізге, күнделікті тұрмысымызға дендеп енгенімен, қазақ халқы төрт түліктен қол үзген емес. Керісінше, жаңа заманның талабына сай егін егу мен қолда бар төрт түлікті бағып, өсіріп-көбейту ісіне жаңаша технологияларды енгізіп отыр.

Кейінгі жылдары ауылды түлетуге, мал басын көбейтуге мемлекет тарапынан да көптеп көңіл бөлініп келеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында асыраушы саланың әлеуетін арттырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы айта келіп: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет. Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту керек» делінген аталған Жолдауда.
Дәл қазіргі уақыт мал бағып, шаруаның жайын күйттеген ағайын үшін өте жауапты кезең. Қатал қыстан төрт түлікті шығынсыз аман алып шығу міндеті шаруалардың алдында тұр. Біз осы ретте Қызыларық ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі – «Әлинұр» шаруа қожалығының сан-салалы тірлігі туралы аз-кем әңгімелесек дейміз. Аталған шаруа қожалық 2015 жылы құрылған. Иелігіндегі 1000 гектарға жуық жер жайылым, шабындық, егістік алқабы болып саналады. Бүгінде егістік жерге арпа, көпжылдық шөп, оның ішінде жоңышқа егіледі. Тиісінше, одан алынатын өнім көлемі де жыл сайын арттырылып отырады.
Жақында «Әлинұр» шаруа қожалығының жұмысын, мал қыстату науқанын өз көзімізбен көру үшін мал қыстауына арнайы барып, малшылармен әңгімелесудің сәті түскен еді. Биыл Жуалының таулы өңірдегі елдімекендеріне қар қалың түскенімен Алатаудың түстігінде орналасқан мал қыстауы маңында қар аз. Біз мұнда таңертең барғанда қорадағы сауын сиыр да, қойлар да жайылымға шығып кетіпті. Малшы қыстауының ауласында бізді сауыншы Бақыткүл Шынқожаева қарсы алды. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, бір барғанда бір сиыр бұзаулаған екен.
-Осында келіп, жұмыс жасап жатқаныма екі жылдан асып барады. Жуалыға келмес бұрын облыстың басқа аудандарындағы шаруашылықтарда жұмыс істедім. Менің міндетім – күнделікті сиыр сауу. 20 басқа дейін сауынды сиырларды сауған кезім болды. Қазір 11 бұзаулы сиырды сауып жатырмын. Қалғандары кезегімен бұзаулап жатыр. Сүтті күнделікті зауытқа алып кетеді. Шаруашылық басшылары барлық қажетті жағдайларды жасап отыр. Азық-түлігіміз, отын-суымыздың бәрі бар. Жалақымды да уақтысында алып тұрамын. Бүгін ғана бір сиырымыз бұзаулады,- дейді шаруа қожалықтың сауыншысы Бақыткүл Оразбайқызы.
Бұдан бөлек, шаруа қожалықта Шухрат Тоқтыбаев сиыршы, Лесбек Иманқұлов шопан болып еңбек етеді. Бұл екі азаматпен сөйлесу барысында олар да жағдайларының жақсы екенін айтты. Малшылардың жағдайына, көңіл-күйіне қарап-ақ, қорадағы малдың қоңды екенін байқауға болатындай. Малшылар өз жұмыстарына тыңғылықты. Малды уақтысында өріске шығарып, қарлы, боранды күндері жылы қорада ұстап, уақтылы жем-шөбін беріп отырады.
«Әлинұр» шаруа қожалығы негізінен, сүт және ет бағытында өнімді жұмыс жасап жатыр. Сауын сиырдың басы 20-ға жуық болса, Шопан ата төлінің ұзын саны 500-ге жетеді. Сауылған сүт тиісінше, күнделікті аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на өткерілсе, жылқы, сиыр және қой еті аудандағы сауда орындарында қолжетімді бағамен сатылуда. Сонымен қатар, «Меркі-ет комбинаты» ЖШС-на бордақы малдардың еті тұрақты өткізіліп отырады.
Шаруашылық барлық қажетті техникалармен жабдықталған. МТЗ маркалы тракторы, жүк машинасы, т.б. қосымша агрегаттар бар. Шөп жинау, мал төлдету, қой қырқыны сияқты науқандық жұмыстардың уақтысында қосымша жұмысшылар көмекке келеді. Осы орайда шаруашылықтың үш адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтып отырғанын айта кеткен жөн сияқты.
Құрылғанына аз уақыт болса да жұмысын жүйелі жүргізген «Әлинұр» шаруа қожалығының алға қойған мақсаттары айқын, атқарып отырған жұмыстары сан-салалы екенін мақаланың басында айтқанбыз. Шаруашылық басшылары алдағы уақытта жұмысқа жаңа технологияларды енгізіп, асыл тұқымды малдың басын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырмақ ниетте еткенін жеткізді.
Біз әңгімелеп отырған «Әлинұр» шаруа қожалығының басшысы, ауданға белгілі азамат Әбен Жұмашев Қарасаз ауылының түлегі. Тұрғындарының саны жағынан болсын, кәсіпкерлік пен шаруашылық салалары жағынан болсын даму мен өсу қарқыны бар, сонымен қатар, аудандағы үлкен елдімекен саналатын Қарасаз ауылында қазіргі заманға сай жаңа мешіттің жоқтығы кәсіпкер Әбен Шерелханұлының да қабырғасына қатты бататын. Ол ауыл қарияларының өтінішімен 2018 жылы Қарасаз ауылына Алла үйін салып берген болатын. Қазіргі таңда бұл мешітте ауыл тұрғындары бес уақыт намазын өтеп, сонымен қатар, Жұма намазы, құдайы тамақ, қайырымдылық сияқты игі істер жиі-жиі өткізіліп отырады. Бұл да асыл дінге, руханиятқа жанашырлық танытқан, қайырымдылық жасауға жаны құмар «Атымтай жомарт» азаматтың ғана қолынан келетін игілікті де сауапты іс.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деп қара қылды қақ жарып, әділдігімен аты тарихта қалған Әйтеке би бабамыз айтқандай, кәсіпкер азамат Әбен Шерелханұлы жоқ-жітікке үнемі қарайласып отырады. Оған жылына бірнеше мәрте тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы көмекке мұқтаж отбасыларға тұрақты түрде қайырымдылық жасап келе жатқаны дәлел. Қайырымдылық – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Отбасындағы балаларының бойына осындай асыл қасиеттерді сіңіріп, халықтық қағидалармен тәрбиелеп келе жатқаны кім-кімді де сүйсінтпей қоймайды.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, ақылдасып-кеңесе отырып атқарған жүйелі жұмыстардың жақсы нәтиже беретіні анық. Осы ретте «Әлинұр» шаруа қожалығының мүшелері аянбай жұмыс жасап, алдағы уақытта асыл тұқымды малдың басын көбейтуді көздеп отырғаны құптарлық жағдай.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close