Basty bet

«Сириядан оралған азаматтарды оңалды деп емес, қоғамға бейімделді деуіміз керек»

Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы, дінтанушы Мадина Садық өткен жылдың 9 мамыры-12 шілдесі аралығында Ақтау қаласындағы оңалту орталығында «Жусан» операциясы аясында оралған қазақстандықтармен жұмыс жүргізген. Оңалту шаралары аясында жеке және топтық жұмыстар атқарған.
Төменде дінтанушымен орталықтағы азаматтардың психологиялық жағдайы, оларға көрсетіліп жатқан көмек тақырыптарының аясында өрбіген сұхбат ұсынылып отыр.
– Оңалту жұмыстарының нәтижесі бойынша азаматтардың сенімі мен идеологиясына берер бағаңыз қандай?
– Деструктивті діни ағымдағы азаматтармен жұмыс жүргізгенде оларды оңалды және қоғамға бейімделді деп бөліп қарастырамыз. Қоғамға бейімделді деп ҚР-ның Конституциясын және заңдарын мойындағандарды атаймыз. Бірақ ондай адамдар өз идеологиялары мен сенімдерінде қалады. Ал оңалды деп радикалды көзқарастарынан түбегейлі бас тартқан азаматтарды айтамыз. Яғни дәстүрлі исламдағы Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен Имам әл-Матуриди ақидасын қабылдағандар.
Орталықтағы азаматтардың дені әйелдер. Олар толықтай оңалды деу әлі ерте. Бірте-бірте қоғамға бейімделіп келеді. Оларға психологиялық және теологиялық көмектер әлі де көрсетіліп жатыр. Олар Сирияда, Иракта жүргенде харам деп теледидар мүлдем көрмеген. Әндер мен мерекелік іс-шараларға қарсы болған. Қазір олар концерттік шараларды тамашалайды. Түрлі мерекелік және ұлттық мейрамдарға қатысады. Олардың Отанына оралғанына алты ай ғана болды ғой. Сондықтан оңалу үрдісі уақыт еншісіндегі мәселе.
– Күйеуімен еріп, елін тастап кеткен әйелдер ерлеріне риясыз сенген болып тұр ғой. Онысы үшін өкініш білдіре ме?
– Кейбіреулері күйеулеріне ренжулі. Негізі әйелдердің дені күйеулеріне қатты сенген. Күйеулері соғыста ажал құшқаннан соң олар қиындықтың небірін көрген. Соған қарамастан күйеулерін әлі де жақсы көретіндер, оларды кінәламайтындар бар. Арасында ерінің атын естігісі келмейтіңдер де табылады. Қалай болғанда да Сирияға кеткендер жаза басқан жандар. Олар арнайы діни білім алмаған. Тек радикалды-экстремистік сайттардағы мәліметтерді оқыған. Солардың аудиожазбаларын тыңдаған. Қазақша ақпараттан Дарын Мубаровтың, орыс тілінде Саид Бурятскийдың уағыздарын тыңдаған. Осы екі азаматтың уағыздары лаңкестік ұйымға кетуге көп ықпал еткен.
– Оңалту жұмыстарынан кейін қандай оң өзгерістерді байқадыңыз?
– Бастапқыда орталықтағы әйелдер тұйық еді. Теологиялық тақырыптарға бірден сөйлесе алмады. Ер азаматтармен мүлдем араласпайтын. Ол қалыпты жағдай. Қазіргі емін-еркін сұхбаттарға қатысып, ойларын ашық жеткізе алады. Балаларын түрлі концерттерге апарып жатыр. Мектептердегі көптеген іс-шараларға қатыстыруда. Кейбір азаматшаларымыз балаларын домбыра мен шахмат үйірмелеріне беруде. Ең алғашқы кезде олар барлығын харам деп қарсылық білдірген еді. Қазіргі кезде балалары биге, спорттық секцияларға, музыкалық аспаптар үйірмелеріне барады.
Кей әйелдер ниқабтарын шешіп, орамалдарын ашық түске ауыстырған. Көңіл-күйлері жақсы. Ол жақты еске алса жүректері ауырады. Әрқайсысы Қазақстанға қуаныштары мен алғыстарын жеткізеді. «Қазақстанның делегациясы барғанда қатты қуандық, біз елімізді сатып кетсек те, мемлекетіміз бізді алып келді» дейді.
– Орталықтағы азаматтармен жұмыс істегенде қандай тәсілдерге жүгіндіңіздер?
– Ақтаудағы оңалту орталығында теологиялық жұмыспен бірге психологиялық жұмыс қатар жүрді. Азаматшамен бірінші психолог маман сөйлеседі. Бірден исламда мынандай, Ханафи мазһабының үкімдері осындай деп айтпаймыз. Өйткені террорлық ұйымнан келіпдер оны бірден қабылдамайды. Психологиясы шаршаған адамға дінді түсіндірудің бастапқы кезде қажеті жоқ. Оларды басында өмірді емін-еркін сезінуге үйреттік. Психологтар әртүрлі семинар өткізді. Топтық ойындар да ұйымдастырылды. Азаматтарды сабыр шақырды. «Қазақстанға келдіңіздер, енді барлығы жақсы болады» деп демеп, рухтандырып отырды. Осыдан кейін барып теолог мамандар жұмысын жүргізді.
Біз оларға бара салысымен «ұстанған жолыңыз қате» деп кесіп айтпадық. Бірінші теологиялық деңгейлерін анықтадық. Олар намазын қалай оқып, діни білімді қайдан алғанына назар аудардық. Диагностиканы жасап алған соң, азаматтарға дінді дұрыс үйрете бастадық. Алдымен білім алудың маңызы мен исламдағы білімнің орны сынды жеңіл тақырыптарды үйреттік. Бірден жихад пен тәкбір сынды ауыр тақырыптарға баруға болмайды. Өйткені олар танысқанына екі апта болған адамға сенбейді. Жай ғана ахлақ, сабыр турасындағы тақырыптарды үйретіп, содан кейін үлкен тақырыптарға көштік.
– Сіз айтқан «шахид», «жиһад» түсінігі балалардың санасына ену деңгейі қаншалықты екен? Олармен қалай жұмыс істедіңіздер?
– Балалар ондай терминдердің анықтамасын білмесе де, олар үшін өлген адамның барлығы шахид. Өзінен басқалардың барлығы кәпір. Өз арасынан орамал тақпаған қызды көрсе, оны кәпір дейді. Балалардың санасына солай сіңіп қалған. Бұл жерде бірінші кезекте, олардың аналарымен жұмыс жасау маңызды. Біз балалардың қасында ұзақ уақыт бола алмаймыз. Аналары 24 сағат балаларының қасында. Аналарының идеологиялары түзелсе, балаларының да идеологиялары түзеледі. Ал, аналары түзелмесе балаларының да түзелуі екіталай.
– Маман ретінде «Жусан» операциясы сізге қандай тәжірибе берді?
– Бұрын-соңды соғыс аймағынан оралған азаматтармен жұмыс жүргізбегендіктен бұл операция дінтанушыларға үлкен тәжірибе болды. «Жусан-1» операциясы кезінде тек ақтаулық теологтар жұмыс жүргізген. Одан кейінгі операцияларда оңалту жұмыстарына басқа облыстың теологтары да қатысты. Өзім теологиялық және психологиялық тұрғыда жақсы тәжірибе алдым.
– Жамбыл облысында елге оралған азаматтардың құжаттарын рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілген еді. Соның барысы қалай?
– Сирияда туған балалардың төлқұжаттары дайындалды. Оны «Шанс» үкіметтік емес ұйымы жүргізді. Бүгінде басым көпшілігінің құжаттары дайын. Балалар мектеп пен балабақшаға баруда. Тоғыз және он жастағы балалар бірінші сыныпқа беріліп жатыр. Өйткені олар Сирияда тек араб тілін үйренген. Бүгінде олардың тәртібі мен сабақ үлгерімі жақсы. Кілең беспен оқитындары да бар. Олардың тәрбиешілері мен мұғалімдері қоғамға бейімделіп жатқанын айтады. Бұны жұмыстың бір нәтижесі деп білемін.
– Отанға оралған қыз-келіншектермен қазіргі қарым-қатынастарыңыз қандай?
– Қарым-қатынасымыз жақсы. Телефонмен сөйлесіп тұрамыз. «Қашан келесің» деп жиі сұрайды. Кейде жағдайларын айтып, проблемаларымен бөліседі. Соны шешіп беруге тырысамыз. Алда-жалда Ақтауға барып, есіктерін қақсам, олар еш кедергісіз үйлеріне кіргізеді. Бұл оңалту орталығындағы мамандардың үлкен жұмысының жемісі деп білемін. Соған қуанамын.
– Азаматтардың қайтадан жат елді сағынбауы үшін, теріс ағымның жетегінде кетпеуі үшін не істеу керек?
– Мұның барлығы айналып келгенде діни білімге келіп тіреледі. Азаматтар лаңкестік ұйымдарға кетпеуі үшін экстремистік сайттардан және деструктивті діни ағымдардан сақтауымыз қажет. Радикалды ағымдар әртүрлі бейнероликтер мен қызықты кітаптар арқылы қатарына адамдарды тартады. Оларға қарсы тұру үшін біз де еш қалыспауымыз керек. Дәстүрлі исламды қызықты етіп түсіндіре алуымыз қажет. Бізде дәстүрлі исламда орыс тілді лекторлар аз. Ал Қазақстанда орыс тілді аудитория өте көп. Сондықтан орыс тіліндегі мамандарды, діни-әдеби кітаптарды көбейту қажет.
Ал, әйелдері күйеулерінің теріс ағымға түскенін байқаса, сенім телефондарына хабарласуларына болады. Дін проблемаларын зерттеу орталығына хабарласып, өзінің басындағы жағдайлары туралы айта алады. Күйеулерінің деструктивті діни ағымда екенін білетін кейбір әйелдер отбасын сақтап қалу үшін амалсыз еріне көнетін жағдайлар ұшырасады. Мұндай жағдайда орталық мамандарына хабарласқан жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Білгетай ТАЛАС

Таңдаулы материалдар

Close