Basty bet

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды

Аудан әкімдігінің ғимаратында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысты қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселемен және кеңес мүшелерін таныстырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова 2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджетіне түсіндірме жазбасы бойынша баяндама жасады.
Бөлім басшысының сөзінше, 2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджеттің кірістері Қазақстан Республикасының Салық кодексіне, Жамбыл облысы 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарындағы ауданға қатысты көрсеткіштерді «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол карталарындағы көрсеткіштерін ескере отырып ауданның 2021-2025 жылдарға арналған дамыту бағдарламасы негізінде 2021-2023 жылдарға күтіліп отырған аудандық бюджет кірістері түсімдерінің негізінде есептелінген.
– 2022 жылдың жалпы аудандық бюджеттің көлемі (трансферттерсіз) 2 872 492 мың теңгені құрады. Ағымдағы жылы 2 915 567 мың теңге, 0,01 % кеміді, оның ішінде өзіндік кірістер 1 841 800 мың теңге, субвенция көлемі 1 030 692 мың теңге. Сондай-ақ ауыл, ауылдық округтердің өзіндік кірістері 137 982 мың теңге болса, ауыл мен ауылдық округтерге бөлінген трансферттер көлемі 423 136 мың теңге. Келер жылға арналған аудандық бюджет шығындарының көлемі 2 872 492 мың теңге сомасында қарастырылған.
«Қорғаныс» функционалдық тобы бойынша жалпы 7 690 мың теңгеге жоспарланды. Оның ішінде, әскери міндетті атқару шеңберіндегі іс-шараларға 7 690 мың теңге қарастырылды. «Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру» функционалдық тобы бойынша бөлінген шығындар жалпы 1 512 295 мың теңгені құрады. Республикалық бюджет есебінен жалпы 787 575 мың теңгені құрады, – деген Қалима Мықтыбекова «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы», «Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік», «Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары», «Өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс», «Көлік және коммуникация», «Басқалар» және «Трансферттер» функционалдық тобы бойынша аудандық бюджеттен бөлінген шығындарға кеңінен тоқталды.
Екінші мәселе бойынша ауданда 2022 жылға арналған жұмыс орындарының квотасын белгілеу туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловқа кезек берілді.
Бөлім басшысының ауданның жұмыс берушілеріне ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде мүгедектерді, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды және ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін 2022 жылға арналған жұмыс орындарының квотасы туралы баяндамасы тыңдалды.
Жиын соңында екі баяндамашының да баяндамалары назарға алынып, отырыс жабық деп жарияланды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close