Basty bet

16 түлек сыртқа шығарылды

Төрт күнге созылған ҰБТ-да түлектерді кіреберісте металл іздегіш құрылғымен тексеру барысында ұялы телефон алып кіргені үшін 7 түлекке акт толтырылып, сыртқа шығарылды, яғни қатыстырылмады. Ал ҰБТ тапсыру барысында 9 түлек ұялы телефонды пайдаланғаны үшін тиісті құжаттары жойылып, акт толтырылып, сыртқа шығарылды.
Бұл талап былтырғы оқу жылында енгізілген болатын. Алайда әлі де кейбір ата-аналар мен түлектер телефонға үміт артуда. Бұл әрине дұрыс емес, бұл – өзіңе өзің қолдап кедергі келтіру. Өткен жылы қаншама сабақ үлгерімі жақсы түлектер ұялы телефонды ішке алып кіргені үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылғаны өзгелерге сабақ болуы керек.
ҰБТ талаптары жылдан-жылға қатаңдатылып келеді. Алдағы уақытта ҰБТ электронды тапсырылады деп жоспарлануда. Ондағы басты мақсат – білім сапасын арттыру. Яғни, жоғары оқу орындарына жастар тек біліміне қарай түсу, мамандық таңдауда қателеспеу, жоғары оқу орнын бітіріп алып, жұмыссыз жүру сияқты мәселелердегі келеңсіздіктерді біртіндеп шешу. Сондықтан ҰБТ талаптарын қатаңдату – санға емес, сапаға жұмыс істеуге жол ашады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары балды Көктөбе орта мектебінің мектеп бітірушісі Қадырбек Айдана Ахметқызы жинады. Яғни, ең жоғары балл – 123 болды. Ал, ең төменгі балл -6.
Түлектер енді наурыз айында тағы да ақылы негізде ҰБТ тапсырады. Бұл жоғары оқу орнына түсем деуші жастарға үлкен мүмкіндік. Алайда ақылы негіздегі тест тапсыру нәтижесі грант конкурсына жарамайды. Грантқа түсу мүмкіндігі тек маусым айындағы ҰБТ нәтижесіне байланысты болады. Дегенмен ақылы негіздегі ҰБТ да шекті балдан жоғары балл жинап, маусым айында шекті балдан төмен алып қалған түлек жоғары оқу орнының ақылы негіздегі бөліміне ақылы негіздегі ҰБТ сертификатымен бара алады. Шын білімді жас, ақылы негізде оқып жүріп-ақ, білімін дәлелдесе, грантқа ауысып алу мүмкіндігі бар. Яғни, шын білімді жасқа ештеңе де кедергі бола алмайды.
Барлық мектеп бітірушілерге тек қана сәттілік тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close