Basty bet
Ана туралы жыр
«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,
Даланың әр гүлін жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың қанатын самғаған,
Балалық құштарым өзіңе арнаған». Қазақ вальсінің королі атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әніндегі осынау өлең жолдары кім-кімді де толғантпай қоймайды. Сөзін қазақтың ғажайып ақыны Ғафу Қайырбеков жазған бұл ән ұрпақтардың қанша буынын Аналарға деген құрмет пен тағзымды арттыруға тәрбиелеп, қарыз бен парызды санамызға сіңіріп келеді. Бұл ән өзінің сұлу сазымен ғана емес, тәрбиелік мәнімен де құнды. Жалпы қазақ ақындары мен сазгерлерінің шығармашылығында Ана тақырыбы өміршең тақырып болып саналады. «Жұмақ ананың табанының астында» деп Пайғамбар хадистерінде ерекше айтылатындай, Анаға тағзым – ұрпақтың алдындағы қасиетті парыз болмақ. Кімде-кім өсемін, өнемін, ұрпағым көбейсін, өмірде жолым болып, бағым ашылсын дейтін асыл тілекте болса алдымен өз Анасына тағзым етуі тиіс. Жақсылықты алдымен Анаңа жаса. Алдымен Анаңды құрметте. Сонда ғана жолың ашылып, бағың жанады. Дүниеде ананың аялы алақанындай алақан жоқ. Ананың ақ тілегіндей мөлдір таза тілек жоқ. Сондықтан Аналар қауымына сәт сайын тағзым етсек те артық болмайды.
«Қайран біздің шешелер, арды ойлаған, Шілік шауып, ши орып, бау байлаған» деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, ел басына күн туған қиын-қыстау сонау соғыс жылдары ер азаматтар жаппай майданға аттанып жатты. Сонда аналарымыз белін бекем буып елдегі еңбек майданына араласып, ерлерінің орнын жоқтатқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біз соғыста қас дұшпанымызды Аналарымыздың ақ тілегінің арқасында, Анаға, Отанға деген махаббатымыздың арқасында жеңіп шықтық.
Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау заманда дүние есігін ашқан аға буынның өкілдері қазір арамызда азайып барады. Біз әңгіме еткелі отырған еңбек және тыл ардагері, Батыр ана Ұлтуар Жұмашева 1932 жылы туған. Ұлтуар Есмырзақызы Түлкібас ауданының Жыланды ауылында шаруа отбасында өмірге келген. «Қыз – жат жұрттық» деген. 15 жасқа толғанда біздің ауданға қарасты Таңшығыс ауылына Жұмаш қарияның отбасына келін болып түседі. Жұмаш та шаруа кісі болған екен.
-Мені 14 жасымда қазақы салтпен айттырды. 15 жасымда ақ босағаны аттадым. Күйеуімнің анасы Қағаз апам шариғатты жақсы білетін, қазақшылықты ұстайтын, намазын қаза қылмайтын, дәретсіз жер баспайтын өте адуынды әрі әруақты кісі еді. Ол кісінің алдынан дертіне шипа іздеген адамдар көп келетін. Апам адам қараушы еді. Онда мен жаспын. Апамыз үнемі ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Соның көбісіне жастықтың әсерімен мән бермеппін. Енеміз 15 құрсақ көтерген кісі екен. Оның көбісі кішкентайында шетінеп кете берген. Бір баласы соғысқа кетіп, содан қайтып елге оралмаған. Менің күйеуім ең кенжесі болатын. Күйеуім Шерелхан екеуміз колхоздың жұмыстарымен ауданның ішінде ары-бері көшіп жүрдік. Отбасында балалар дүниеге келіп жатты. Билікөл совхозында біраз жыл еңбек еттік. Онда совхоздың барлық жұмыстарына араластым. Қой қырқыны науқанында үнемі озаттардың қатарында болдым,- деп 88 жастағы ана өткен күндерді бір сәт есіне алды.
Ұлтуар ана өмірдің қатал екенін күйеуі Шерелхан жастай қайтыс болғанда анық сезінді. Сөйтіп Ұлтуар ана небәрі 37 жасында үйелмелі-сүйелмелі тоғыз баламен жесір қалды. «Жалғыздың жары – Құдай» деген сөздің жаны бар екен. Балаларды өсіріп, жеткізуге Жаратқанның өзі жәрдем берді, қиналғанда демеу, қажығанда бойына қуат берді. Күндіз-түні жатпай-тұрмай еңбектеніп, балаларды қатарынан кем қылмай жеткізуді алдына басты мақсат етіп қойды.
Ұлтуар ананың отбасы 1967 жылы Билікөлден Қарасаз ауылына біржолата көшіп келді. Алғашында Карл Маркс совхозында сауыншы болды, одан соң күндіз картоп алқабында еңбек етіп, түнде ұжымның тракторларына қарауыл болды. – Онда колхоз-совхоздар болған соң жеке адамдарға бір-екі сиыр, 10 қойдан артық мал ұстатпайтын. Шиеттей баланы асырау оңай болған жоқ. Ұжымда мен істемеген жұмыс қалған жоқ деуге болады. Қиыншылықты көп көрдік. Күндіз совхоз жұмысындамыз. Балалар жас. Үйдегі барлық шаруаны түнде атқарып кететінмін. Қазір ойлап отырсам, балаларды қалай жеткізгенімді білмеймін. Алдымен Құдай күш-қуат берген шығар деп ойлаймын. Қағаз апамның да ақыл-кеңесі көп пайдасын тигізді,- дейді кейуана.
Ұлтуар ана барлығы тоғыз ұл-қызды қазақи тәрбиемен тәрбиелеп жеткізді. Үйдің тұңғышы Сейітхан 1965 жылы Алматы қаласындағы медициналық институтқа түсіп, оны хирург мамандығы бойынша бітірген. Оқу бітіріп келген соң алғашқы еңбек жолын Жамбыл облыстық ауруханасында бастап, одан кейінгі жылдары аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде оташы, кейіннен ұзақ жылдар аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шыққан айтулы азамат. Қазіргі таңда аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып қызмет етуде. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаты. Ұлтуар апа тәрбиелеген өнегелі отбасындағы ұл-қыздардың барлығы өмірден өз орындарын тапқан. Сейітханнан кейін өмірге келген Алтынхан 51 жасында өмірден озыпты. Ал Күмісхан, Зеберкүл, Әмірхан, Майра, Сәкен, Әбен, Света өз мамандықтары бойынша әр салада тер төгіп жүр. Күмісханның мамандығы экономист, Зеберкүл аудандық ауруханада жұмыс істесе, Әмірхан Қарасаз ауылында тұрады. Ол мал шаруашылығын дамытып отыр. Майра Таразда медицина қызметкері. Сәкен №2 Тараз қалалық ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып қызмет етеді. Оның да негізгі мамандығы хирург. Кенже ұл Әбен Қарасаз ауылындағы Жұмашевтар әулетінің қара шаңырағының түтінін түзу ұшырып, шаруашылықпен айналысады. Ал кіші қыз Света «Қазақтелеком» АҚ-ның Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңірлік басқармасында жауапты қызметте.
-Алты баламды үйлі-баранды етіп, барлығына шамамның жеткенінше енші бөліп бердім. Олар қазір үмітімді ақтап отыр. Балалардың тәрбиесіне келгенде қатал болдым. Мектептен келген соң олардың сабақтарын үнемі қадағалап отыратынмын. Бар тапқанымды, жиған-тергенімді балаларымның болашағына арнап, жақсылыққа жұмсадым. Ұл-қыздарыма өте ырзамын. Олар үмітімді ақтады. Жиі-жиі қасымнан табылып, көңілімді аулап тұрады. Шын жүректен барлығына аналық ақ батамды беремін,- дейді әже.
Ақ жаулықты асыл әженің ұл-қыздарынан бүгінде 28 немере, 18 шөбере өркен жайып отыр. Бұл да бір бақыт. Олардың өмірден өз орындарын тауып, үлгілі азамат болғандары мың бақыт. Ұлтуар әже немере-шөберелерінің «әжелеген» балалық тілектеріне мәз. Әжемен әңгімелесу барысында ортаншы ұл Әмірханның үлкен баласы Даниярдың, Әбеннің үлкен қызы Жәнелдің әжелеріне жақын екенін байқадық. Басқа да немерелері апаларына үнемі келіп тұрады екен. 88 жасты еңсеріп, көпті көрген алтын құрсақты ана қазіргі таңда Тараз қаласында ғұмыр кешіп жатыр.
Соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, одан кейінгі жылдары тоғыз бала тәрбиелеген Ұлтуар Есмырзақызы «Батыр ана», «Алтын алқа» алқаларының иегері. Сонымен қатар, «Алтын ана» төсбелгісімен және «Елеулі еңбегі үшін» орденімен, Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ