Ádebıet
Бауыржан батыр болған Елепай-сай
Соғыс жылдары дүниеге келген балалар қазір 77-78 жасқа келген еңкейген қариялар. Олардың ішінде о дүниелік болғандары қаншама. Сол азаматтар өскен жерін, көрген қиын кездерін еске алмай отыра алмайды емес пе? Сонау Ұлы Отан соғысын көрмесе де, сол жылдары дүниеге келіп, бесікте шырылдап әкесінен айырылып қалған балалар ата-бабаның жүріп өткен жолын жалғастырып отырған жайы бар. Барлығының ойында туған жері, оң қол, сол қолын таныған уақыттары тасқа қашалған таңбадай емес пе? Балалық шағың өмірдегі ең қызық кезеңің. Қанша қиыншылық көрсең де сол шақ өміріңнің бал-қаймағы. Бұл кезеңді барлық қариялар сағына отырып еске алады.
Соғыс жүріп жатқан кезең. Елу-алпыс үйлі ауыл Қаратау сілемінің күнбатыс жағында, солтүстіктен оңтүстікке созылған бірқатар ауыл болып отыратын. Барлығы Сиқым бабадан тараған ағайынды ел-жұрт. Қуанышты да, қиын кезеңдерді де бірге көреді. Соғыс кезеңі кімге жеңіл болды дейсің. Барлығы қиналып жүрген жұрт. Біреуінің бір баласы, екіншісінің екі бірдей баласы майданға аттанған кезең. Әйел-аналар зар илеп қалған заман еді ғой ол заман. Ауылда кәрі-құртаң аталар, еңкейген кемпірлер белді бекем буып еңбек етті. Солардың арасында аш, жалаң аяқ қара тірсек балалар. Сол соғыс жылдары «барлығы фронтқа» деген ұран береді. Біздің ауыл Жанаев колхозы деп аталатын. Сол Жанаевты мақтан ететінбіз. Көрші балалар кездесе қалса біз Жанаевшылармыз деп мақтанушы едік. Қайран, балалық-ай! Ауылдың бірлігі молшылық қой. Онда бірлі-жарым үйде ғана мал балатын. Сол малды күту, жайылымға шығару, оны бағу, өрістен айдап келу біз сияқты майда балалардың тірлігі. Еңбекке жарайтын 12-13 тегі балалар үлкендермен бірге колхоз жұмысына араласып, жер жыртады, тұқым себеді, шөп орады. Олар күн шықпай кетіп, түннің ортасында үйге оралатын. Күзге қарай егін піседі, еңбектеген баладан бастап еңкейген кемпір-шалға дейін масақ теру науқанына жұмылдырылады. Соғыс жылдары қазіргі техника атымен жоқ, молотилка, лабогрейка дейтін машиналар бар болатын. Олардың өзі ат көлігімен іске қосылады. Бұларға жаңағы 12-13 жастағы балалар иелік жасайды. Біз оларға қызығатынбыз. Біз масақтан бір табақ дән жинаймыз. Бұл үлкен табыс еді сол кезде. Бұл тірлік біз үшін қызық дүние еді. Барлық колхоз жұмысы аяқталғанда ел-жұрт бірігіп көңіл көтеретін. Ол кезде клуб, кино дейтіндерің атымен жоқ. Барлық жұрт Елепай атамның үйінің тұсында тау етегіне жиналатын. Елепай атамда Батырбек датқа бабасының қара қылқобызы бар болатын. Атам қобызды жақсы тартатын, оны ел ұйып тыңлаушы еді. Елепай атам өз уақытысында елге сыйлы, қолынан көп тірлік келетін беделді кісі еді. Сол Батырбек бабамыздың қылқобызы ел-жұртты ұйымшылдыққа, бірлікке шақыратын. Ел ішіндегі қариялар: «Ой, жарықтық-ай, нәшіне келтіріп ойнаушы еді ғой» дегендерін талай естідік. Сол қара қобыз әлі бар. Елепай атамның інісі Ермен атамның балаларының үйінде сақтаулы тұр. Талай кісілер барып көрді. Журналистер музейге қояық дегендеріне балалары көнбеді.
Осы әңгіме Елепай атам отырған Елепай сайының жайын қозғағаннан шығып отыр. Бұл Сайға атам 1860 жылдары тастан қалап екі бөлмелі үй соғып 1940 жылға дейін отырған. Осы үйде менің әкем Нарымбек дүниеге келген екен. Сай табанында сарылдап, гүрілдеп ағып жатқан тау бұлағы, ондағы балықтарды айтсаңызшы?! Осының барлығы қазіргі жас балаларға ертегі сияқты көрінеді. Ол кездерде табиғаттың өзі де басқаша болатын. Тау етегінде сыңсыған сасырлар, тау жиделері, қозықұйрық көп болушы еді. Қазір осынау табиғат байлықтары мүлдем азайып кеткендей. Соғыс аяқталғанда бес-алты жастағы балалар едік. Елепай атамның үйіне жиі баратынбыз. Елепай атамның ең үлкен ұлы менің әкем Нарымбек еді. Ол кісі Жанаев колхозында бас бухгалтер болып істеген екен.
1931 жылы әйгілі батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы Чапаев колхозында болып, әкемнің жұмысына ревизия жүргізеді. Елепай атамның үйіне екі күн қонады. Ол кезде қонақүй дегенің атымен жоқ. Сонда Елепай атам қой сойып, Бауыржан ағамызды қонақ етеді. Елепай атам әңгіме арасында Бауыржанның әкесі Момыш қарияны білетін айтады. Мен Бауыржан ағамыздың үйінде жүріп біраз айтқан жұмыстарын істейтінмін. Сондағы жұмысым архивтерге жіберетін записка беріп, алып-келіп беретінмін. Сондағы айтқандары есіме түсіп, сол әңгімені енді жазып отырмын. Міне, өмір деген қандай?!
Менің атам Елепай 1870-1890 жылдары осы аталған Елепай сайын иемденіпті. Белқожа деген бабамыз 20-30 жылдай болыс болған екен. Сол кісі 1870-1890 жылдары осы аталған Елепай атама келіп өзінің Жамалбек деген баласын және менің әкем Нарымбекті қосып Шымкентте ашылған орыс-түзем училищесіне түсірген. Оқу мерзімі жеті жыл. Осылай екеуі 1916 жылы оқып бітіреді. Әкем 1920-шы жылдары колхоз құрылған уақыттарда Төңкеріс деген колхозда бухгалтер болып істейді. Менің әкем Нарымбек 1942 жылы брондарын тапсырып майданға аттанған.
Міне, қымбатты жерлестер, аз ғана болса да өмірдегі болған жайларды сіздердің газеттеріңізге ұсынып отырмын. Қазіргі таңда Тараз қаласында тұрамын. Саналы ғұмырымның елу жылын медицинаға арнадым. Ауылым қазір Күреңбел деп аталады. Жуалы ауданының орталығы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімімен аталады.
Нұрмахан Елепаев,
зейнеткер.
Тараз қаласы