Basty bet
Бармағынан бал тамған сауыншы
Газеттің мерекелік нөміріне дайындық үстіндеміз. Мұндайда түрлі салада қызмет атқаратын ару-аналарымыздың арасынан кейіпкер іздейтініміз анық. Таңдауымыз ауылда сауыншы болып жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамына түсіп, Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласқанбыз.
Райкүл Қырықбаева еңбек ететін серіктестік аудандағы егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан іргелі шаруашылықтың бірі. Өмірінің жартысына жуығын осы кәсіпке арнаған Райкүл бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Ол сауыншылыққа бұрынғы кеңшар, ұжымшарлар тарап, шаруашылықтар жекешелендірілген кезде қоғамдық мал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, сала тоқыраған тұста келді.
– Көрші қырғыз мемлекетінің Талас облысындағы Жуантөбе станциясында дүниеге келгем. Анам жарықтық жастайымыздан «Сиырдың сүті – тілінде» деген даналық сөзді санамызға сіңіріп өсірді. Бағым-күтімі келіскен түліктен өндірілетін өнімнің де мол әрі сапасы жоғары болатынын айтып отырушы еді. Ауылдағы тынымсыз еңбекті көріп өскен біз бұдан өзімізге сабақ алдық, өмірде терлеп еңбек еткеннің ғана тілегіне жететінін сезініп өстік, -дейді Райкүл.
Райкүлдің сауыншы болғанына да ширек ғасырдан астам уақыт болыпты. Ол 17 жасында Теріс аймағындағы малшы Қырықбаевтар әулетіне келін болып түскеннен кейін, отағасы Сәулетбекпен бірге әуелі қой бағады. Бертін келе еңбек демалысына шыққан ата-енесі бұларға шопан таяғын сеніп тапсырады. Ұжымшар тарағаннан кейін Нұрлыкент ауылына көшіп келіп, «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сауыншы болып орналасады. Содан бері табан аудармастан осында еңбек етіп келеді.
Сауыншы сиырдың күтіміне көп көңіл бөледі. Сауын сиырлар тұратын қораның тазалығын, жарықтығы мен жылылығын, жаңа туған төлді айыру күтімін де қадағалайды. Қой бағып жүргенде, жекеменшігіндегі сиырларды да сауғаны бар. Содан болар, сауыншылық жұмысқа алғашқы күннен-ақ, білек сыбана кірісті.
Көңілің қалаған іспен айналысу адамға қанағат сезімін сыйлап, жұмысыңды құлшыныспен атқаруға көмектеседі екен. Содан да болар, ол жұмыста ыңылдап, ән айтып, көңілді жүруге тырысады. Ұжымда, ауылда шағын отырыстарды басқарып, асабалыққа сайланып кететін кездері да бар. Ерте келіп, кеш қайтатын, бағымындағы сиырларын өз малындай күтетін сауыншының іскерлігі басшылар тарапынан да ескерілді. Жыл басында бала жөнінен зейнеткерлікке шыққанда, серіктестік басшылығы заттай сыйлықтар табыс етті.
Бүгінде серіктестікте 800 бас сауын сиыр бар. Олардың дені асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиыры. Бұл сиырлардың өнімділігі жоғары. Тәулігіне орта есеппен жиырма литрдей сүт береді. Жаңа туған бұзаулар бір аптаға дейін енесінің бауырында болады. Одан кейін ажыратылып, күтушілерге тапсырылады. Олар алты айға дейін арнайы қоспамен азықтандырылады.
Қазір тәжірибелі сауыншының бағымында 40 шақты алғаш төлдеген құнажын бар. Райкүлдің олардың желінін ашып, сүтін молайтуы қажет. Бұл ептілікті, тәжірибені қажет етеді. Жаңа туған сиырдың желіні қатып қалуы немесе бұзауын қабылдамауы мүмкін.
Құнажындар тәулігіне орта есеппен 10 литрден, 400 литр сүт беріп отыр. Сүт сауу жұмысының бәрі автоматтандырылған. Сүт құбыр арқылы орталықтанған ыдысқа жиналады. Сауыншының міндеті осы жүйенің жұмысын қадағалау ғана. Сауылған сүт жергілікті сүт зауыттарының біріне жіберіліп, бір бөлігі осында қалады.
Шаруашылық төлімен бірге тұратын сиырларға арнап жайлы қора салып берген. Оған қосымша 1 200 басқа арналған заманауи қоражай салынып жатыр. Мал азығын тарату механикаландырылған жүйенің көмегімен атқарылады. Сауыншылардың киім ауыстыратын, жуынатын, демалатын орны бар. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеу үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
Сүт сауу цехында жастары бір-біріне қарайлас қыз-келіншектер еңбек етеді. Әріптестері Мариям, Гүлбаршын Нұрашева, Сапаркүл Шуақова – бәрі де өз жұмыстарын шебер атқаратын білікті мамандар. Айтпақшы, қызы Айсана да анасының жолын таңдап, осында сауыншы болып жүр. Бұлардың жұмысына бас-көз болып жүрген сүт блогының меңгерушісі Наталья Геннадийқызы қатал емес, бірақ талапшыл. Райкүлдің ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған серіктестік басшысы Егор Егорович Кохқа айтар алғысы шексіз.
Көпбалалы ана, бармағынан бал тамған сауыншы Райкүл Қырықбаева жылдағыдай биылғы көктемді де қуанышты көңіл күймен қарсы алуда. Өйткені, көп ұзамай жаппай мал төлдеу науқаны басталады. Бұл сауыншылардың жұмысы қыза түседі деген сөз.