Basty bet
Академияға түсу талаптары түсіндірілді
Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет. Мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген азаматтардың біліктілігін арттыру да басты мәселе екені белгілі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша оқуға түсуге ниетті мемлекеттік қызметшілер мен басқа да азаматтарға арналған көшпелі «Ашық есік күні» ұйымдастырылуына байланысты осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ауданда «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының» Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекші сарапшылары Жанар Мырзахметова және Мәлік Асанов болып, мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
2019 жылы Академияға оқуға түсушілерге арналған ақпараттық сессияны аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашты.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің жұмысынан да жоғары талаптар қажет етіліп отырғанын білесіздер. Тиісінше, мемлекеттік қызметте мақсат та, талап та жоғары. Осы орайда біздің ауданға мемлекеттік қызметшілердің академияға түсуіне қолдау көрсету мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының жауапты қызметкерлері келіп отыр, – дей келе, Серік Дүйсенбайұлы сөзді «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының» Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекші сарапшысы Жанар Мырзахметоваға берді.
-Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсуге үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Дәлірек айтқанда, академияға магистратура және докторантураға түсуге үміткерлер жинап жатырмыз. Академияға түсу үшін мемлекеттік қызметші ең алдымен ағылшын тілін жақсы меңгеруі тиіс. Оқуға түсудегі екінші кезең сұхбаттасу деп аталады. Талапкерлер магистратурада екі жыл оқыса, ал докторантурада үш жыл оқиды. Мен ең алдымен мемлекеттік қызметшілерді 72 сағаттық ағылшын тілін үйрену курсында оқуға шақырамын. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдаудың қағидалары еліміздің «Білім туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарына сәйкес өзге де нормативтік актілерге және академияның жарғысына сәйкес қабылданады.
Оқуға түсуге өтініш білдірген талапкерлер IELTS немесе TOEFL тестін тапсырғаны туралы сертификаттың көшірмесі немесе осы қағидалардағы 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша APTIS тестіне арналған тіркеу нысанын тапсыруы қажет. Академияға оқуға қабылдау қағидалары негізінде конкурс қорытындылары бойынша оқуға түсу сынақтарынан сәтті өткен талапкерлер ішінен, жинаған балдары азаю тәртібінде сараланған білім беру бағдарламалары бойынша тізім жасалады. Академияда оқу шығындары мемлекеттік қызметшіні оқуға жолдаған тиісті органның қаржысы есебінен жүргізіледі,- деді Жанар Мейірханқызы.
Келесі кезекте сөйлеген ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының жетекші сарапшысы Мәлік Асанов тақырып бойынша өзге де ақпараттарды айтып берді. Сонымен бірге жиынға қатысушы мемлекеттік қызметшілердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Академияға оқуға түсушілерге арналған ақпараттық сессияны аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов қорытындылап, жиынға қатысушы мемлекеттік қызметшілерді академияға түсу бағытында ізденуге шақырды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»